Қасиетті Құран Кәрімде «мың айдан да қайырлы» деп дәріптелген Қадір түні – исі мұсылманның сағына күтер сәті. Бұл түнгі құлшылықтың сексен үш жылға тең келетінін білмейтін мұсылман кемде-кем болар... Сол үшін де жылына бір-ақ берілетін ұлы мүмкіндікті мұсылман қауымы құр жіберіп алмай, қапысыз дайындықпен өткізуге тырысады. Алланың үйі мешітте бас қосып, алақан жайып, Алладан дұға тілейді. Маңдайын сәждеге тигізіп, таң рауандап атқанша құлшылығын жалғастырады.
Жамбыл өңірінің барлық қала, аудандарында қадір кеші ерекше аталып өтті. Тараз шаһарының қақ ортасынан орын тепкен облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде ұлтты ұйыстырған ұлық мереке тарауық намазымен басталды. Рамазан бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымы аяқталып, дұғасы жасалды. Хатымды қарилар Бірлік Аманкелді мен Рүстем Айдаров жүргізді. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы хатым дұғасын жасап, ел амандығы үшін дұға етті. Сонымен қатар қариларға ерекше алғысын білдіріп, көпшілік құрмет көрсетті.
Jambyl телеарнасынан тікелей эфир таратылып, имамдар тілшілерге сұқбат берді. Эфирді Қасымжан Байкүшіков жүргізіп, көрермен дін мамандарына сауалдарын қойды.
Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Мешіттің наиб имамдары кезекпен "Рамазандағы қайырымдылықтың қадірі", "Қадір түні", "Рамазанның қасиеті" сынды тақырыптарда уағыз айтты. Сондай-ақ, жамағатпен сұрақ-жауап виторинасы ұйымдастырылып, үздік шыққандарға кітаптар мен сыйлықтар табысталды.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының өкілі Жазира Иманалиева әйелдер жамағатына уағыз айтып, сұрақтарға жауаптар беріп, құлшылыққа бірге тұрып, қадір кешінің әр минутын бос жібермеуге шақырды. Тасбих намазы оқылып, көпшілік Алладан жарылқау тіледі.
Сонан соң мешітте қадір түнін өткізуге келген, ауыз бекіткен жұртшылыққа сәресі асы таратылды. Таң қылаң бере жамағатпен бамдат намазы оқылды. Таң ұясынан шыққанша мешітте уағыз-насихат тыңдап, құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі