Бүгін – Жаратушы Иеміздің өзі «мың айдан да қайырлы» деп ұлықтаған қасиетті Қадір түні. Теңдессіз түннің мейірімінен үміт еткен мұсылман үмметі бұл түнді мейлінше мешітте өткізіп, жамағатпен бірге намаз оқып, аз уақытты руханиятқа сусындап өткізуді көздейді. Бұл түні еліміздегі құлшылық ордалары жамағатқа лық толады.
Жамбыл облысының мешіттерінде рамазан айы бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымының дұғасы жасалды. Биыл өңірде 60 мешітте Құран толықтай оқылып қасиетті "Қадір кеші" түнінде хатым етілді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қадір түнін "Һибатулла Тарази" мешітінің жамағатымен бірге өткізіп, жиылған жұртшылықты қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Жамағатқа қасиетті Қадір түні жайлы уағыз айтып, бүгінгі түннің артықшылығын баяндады. Құран хатым дұғасын жасап, еліміз бен жеріміз үшін Жаратқаннан жарылқау тіледі.
Айта кетейік, облыстық мешітте тарауық намазын "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің ұстазы, қари Бірлік Аманкелді мен жас қари Рүстем Айдаров жүргізді. Бас имам хатым дұғасын жасап, жамағат қариларға құрмет көрсетті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі