Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екені көпшілікке аян. Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені.
Осынау ұлық түнді күллі мұсылман жұртшылығы күтуде. Осыған орай бүгін 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні еліміздің барлық мешіттерінде "Қадір кеші" өтеді. Тараз шаһарының жергілікті телеарналары қадір түніне байланысты ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтен сұқбат алды.
Бас имам JAMBYL және Taraz24 телеарналарына берген сұқбатында қадір түнінің маңызына, ол түні жасалатын игі амалдарға, мұсылманның ниетіне, қадір кешінің қайталанбас мүмкіндік екеніне тоқталып өтті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі