Меркі ауданына қарасты «Жүніс молда» мешітінің ұстазы Есеналиев Еламан мешітке келуші жамағатқа «Қасиетті Рамазанда Құран оқып үйрен» атты дәрістерін күнделікті өз уақытылы жүргізіп жатыр.
Мешіт жамағатының дәріске деген ынтасы жоғары. Шәкірттердің ынтасын көрген ұстаз, уақытты босқа кетірмей қасиетті Құран түскен осы Рамазан айында Алланың Кәлемін жүзінен оқуға үйретіп жатыр. Шәкірттердің алды Құран жаттап, арты «Мұғалім сәни» кітабының бел ортасына жетті. Мешіт жамағаты мен шәкірттер мешіт ұстазына өздерінің шынайы ықыластары мен алғыстарын білдіруде.
Абдулла ибн Әмір ибн әл-Ас (Алла одан разы болсын ) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз ( Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұмақта Құранды түгел немесе бір бөлігін жатқа білген, (әрі оны әрдайым оқып, үкімдерімен амал еткен) адамға: «Құран оқып, шарықтай түс. Дүниеде оны қалай нақышына келтіре мәнерлеп, оқысаң, бұл жерде де дәл солай мәнерлеп оқы. Расында, сенің пейіштегі дәрежең, өзің жатқа оқитын соңғы аяттың тұсында болады деп айтылады», - деген» - делінген.
Алла Тағала баршамызды Құранды оқып, мол сауапқа кенеліп, Өзінің ризалығын алуды нәсіп етсін!!!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі