Айдың екіге бөлінуі

Айдың екіге бөлінуі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыздың мұғжизаларының бірі айдың екіге бөлінуі. Араларында Әбу Жәһл мен Уәлид бин Мұғира болған мүшриктер тобы Расулуллаһқа: «Егер сен шынымен пайғамбар болсаң айды екіге бөліп, бір жартысын Куайкиан тауының, екінші жартысын Әбу Қубәйс тауының үстінен көрсет...» деді. Расулуллаһ алейһиссалам: «Егер айтқандарыңды істесем иман келтіресіңдер ме?» деп сұрады. Олар: «Иә, иман келтіреміз» деді. Расулуллаһ айдың екіге бөлінуі үшін Аллаһу та’алаға дұға етті. Жәбрейіл алейһиссалам сүйікті пайғамбарымыздың жанына келіп: «Ей Мұхаммед! Осы түнде Меккеліктерді мұғжизаны көруге шақыр» деді. Пайғамбарымыз айдың он төртіне, яғни ай толған түні ғибрат алғысы келетіндердің айдың екіге бөлінетінін көрулерін сұрады. Сол түні сүйікті пайғамбарымыз мүбәрәк саусағымен айды нұсқаған кезде, ай екіге бөлінді. Бір жартысы Әбу Қубәйс, екінші жартысы Куайкиан тауының үстінен көрінді. Сосын қайтадан бірікті. Расулуллаһ сахабаларына «Ей, Әбу Сәләмә бин Абдул-әсад, Әрқам бин Әбил-Әрқам! Куә болыңдар!» деді. Қасындағы басқа сахабаларға да: «Куә болыңдар!» деді. Мүшриктер өз көздерімен тағы бір айқын мұғжизаны көрді. Бірақ, сөздерінде тұрмай иман етпегендерімен қоймай, сонымен қатар басқалардың иман келтіруіне кедергі болу үшін: «Бұл тек Мұхаммедтің бір сиқыры ғана... Бірақ, барлық адамды бірдей сиқырлай алу мүмкін емес қой... Басқа аймақтардан келген адамдардан да сұрап көрейік. Олар да осы жағдайға куә болыпты ма екен? Егер олар да көрген болса, Мұхаммедтің пайғамбармын деген сөзі рас. Кері жағдайда бұл бір сиқыр ғана...» деді. Келген адамдардан сұрады, тіпті басқа жерлерге (аймақтарға) адам жіберіп те сұрастырды. Сұрастырғанның барлығынан: «Иә, сол түні айдың екіге бөлінгенін көрдік» деген бірдей жауап алды. Мүшриктер тағы да қыңырлыққа басты. Олардың басында Әбу Жәһл бар болатын. Адамдардың имандылыққа бет бұрмауы үшін: «Әбу Тәліптің жетімінің сиқыры аспанға да әсер етті...» деп, жүректерді азғындады. Оның бұл қыңырлық сөздеріне Аллаһу та’ала аяттар түсірді:

«Сағат (қиямет) жақындады және ай жарылды (екіге бөлінді). Олар(Құрайш кәпірлері Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына дәлел болатын) бір мұғжиза көретін болса, (оны тәфәккур етуден және иман келтіруден) теріс айналады және «үздіксіз (бірінен соң бірі келетін, қуатты) сиқыр» дейді. Және олар (пайғамбар мен мұғжизаны) жоққа шығарды, өз нәпістеріне (нәпістерінің қалауларына және тілектеріне)бағынды, мойынсұнып кетті. Алайда, (жаннат иелеріне жақсылықтан, жаһаннам иелеріне жамандықтан тағдыр етілген) барлық нәрсе іске асады (жаннат иесі жаннатқа, жаһаннам иесі жаһаннамға кіреді). Ант болсын, оларға (Мекке мүшриктеріне Құран кәрімде өмірден өткен үмметтер мен ахырет жағдайлары туралы өздерін күпірлік пен адасудан қатаң түрде) бас тартқызатын қаншама маңызды хабарлар келді, кемелдікке жеткен толық даналық сөздер. (Егер оны қолдамаса)ескертуші (жаһаннам азабымен қорқытқан) расулдар (оларға) еш пайда тигізе алмайды. Олай болса, (ей, Хабибім! Оларға пайғамбарлығыңды уағыздап, хаққа шақырғаннан кейін) сен де олардан теріс айнал. Ол шақырушының (Исрафил немесе Жәбрейілдің кәпірлерді, нәпістердің)қарсы шыққан нәрсесіне (есепке) шақырған күні (ауыртпалығынан)көздері көр түрде (қорқыныш пен үрейден қайда барарларын білмей)таралған шегірткелер сияқты қабірлерінен шығады. Кәпірлер(бастарын иіп) сол шақырушыға қарай жүгірердей болып, «Бүгін біз үшін қандай ауыр, қиын күн» деп айтады». («Қамар» сүресі, 1-8)

Раббым сендерге де тура жолды нәсіп етсін!.. Мүшриктердің мұсылмандарға жасаған үш жылдық қоршауы аяқталғаннан кейін Нәжраннан бір топ адам Расулуллаһқа келеді. Бұл келген жиырма шақты адам Хабашстанға көшкен сахабалардан Ислам туралы естіп, Исламды үйреніп,  Расулуллаһты көру бақытына қауышу үшін Меккеге келген болатын. Қағбаның қасында пайғамбарымызбен кездесті. Көптеген сұрақтар қойып, күткендерінен де жақсы және қанағаттандырарлық жауаптар алды. Құрайштық мүшриктер де оларды айналасынан бақылап жүрген еді. Әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілген пайғамбарымыз оларға Құран кәрімнің біраз аяттарын оқып берді. Олар бұған қатты әсерленіп, көз жастарына ерік берді. Олар пайғамбарымыздың дағуатына шын көңілден разы болып, үлкен қуанышпен кәлима келтіріп, мұсылман болу мәртебесіне ие болды. Елдеріне қайтуға рұқсат сұрағанда Әбу Жәһл олардың қастарына барып: «Сендердей ақымақ адамды көрмедік!... Оның қасында азғантай отырып діндеріңді тастадыңдар, оның айтқандарын мақұлдадыңдар!...» деп аузына келген балағат сөздерін жаудырды. Жаңадан сахаба болған бұл адамдар: «Аллаһу та’аланың сізге де тура жолды нәсіп етуін тілейміз. Бізге жасаған бұл бассыздық пен надандықты біз сізге жасамаймыз. Шынында біз сіздің ешқандай ақыңызды жеген жоқпыз. Бірақ, мынаны жақсылап біліп алыңыз: бірнеше наданның сөзіне қарап қолымызға түскен бұл ниғметтен айрылуды қаламаймыз, бұл хақ діннен шықпаймыз!» деп жауап берді.

Аллаһу та’ала осы оқиғаға байланысты жіберген аяттарында былай деген: «Бұдан (Құран кәрімнен) бұрын өздеріне кітап берілген қаншама адамдар бар, олар бұған (Құран кәрімге) сенеді. Оларға (Құран кәрім)оқылған кезде: “Бұған сендік. Күмәнсіз, бұл Раббымыздан (келген) бір ақиқат. Шынында біз бұдан бұрын да Исламды қабылдаған адамдар едік” деді. Міне, осыларға сабыр мен (шыдамдылық) көрсеткендері себебінен сыйлары екі есе етіп беріледі. Олар жамандықты жақсылықпен қуады. Өздеріне берген ризықтарымызды (жақсылыққа)жаратады. Олар жаман сөз естіген кезде одан теріс айналады да: “Біздің амалдарымыз бізге, сендердің амалдарың сендерге тән. Сендерге сәлемет болсын, біз надандарды іздемейміз (достығын да қаламаймыз)” дейді». («Қасас» сүресі, 52-56)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: