Тәні саудың жаны сау

Тәні саудың жаны сау

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дін Исламда "Шариғаттың мақсаттары" деген қағидалар бар. Шариғат мақсаты бесеу. Ислам шариғатында қандай да бір ереже бекітілген болса, осы бес мақсаттың біріне қызмет қылады. Олар: дінімізді, жанымызды, ақылымызды, нәсілімізді және мал-мүліктерімізді қорғау жолдары. Одан әрі қарай тарқататын болсақ, жоғарыдағы бес нәрсенің үшеуі адамның саулығы мен салауаттылығына негізделген: жан саулығы, ақыл саулығы және нәсіл саулығы.

Демек, Исламның негізгі мақсаттарынан болған бес мақсаттың үшеуі адам саулығына (денсаулығына) шақырады.

 Ілгеріде ғұламаларымыз, соның ішінде Имам Шафиғи рахматуллаһи ғалайһи: "Білім екі жолдан тұрады, дінді үйрету үшін фиқһ ғылымы, денені, ағзаны үйрету үшін медицина ілімі құрылған, бұл екеуінің басты кіріспесі тазалық жолы",- деген екен.

Құран Кәрім біздерге өмірдің, тіршіліктің өте маңызды екендігі жайлы үйретеді. Өмірді сақтау және оның үлкен бір нығмет екендігін ескертеді. Сондықтан, бүгін адам денсаулығы, әрі соның ішінде екпе салдыру жайында азды-көпті сөз еткенді жөн санап отырмыз.

Жалпы дінімізде айналаңдағыларға зиян тигізбеуің керек деген терең бір қағида бекітілген. Вакцина дегенді жұқпалы індеттерге қарсы иммунитетті көтеру үшін арнайы дайындалған медициналық препарат.

Сахих хадистердің бірінде: "Емделіңдер, Алла аспаннан қандай дерт түсірген болса, оның шипасын да түсірген", делінген. Хадистен түсінеріміз, Шипа іздеу қаншалықты маңызды болған болса, емделу жолы да соғұрлым маңызды екендігін аңғартады. Сырқаттанып қалдық па? Хадисте көрсетілгендей, емделу шараларын басты назарда ұстануымыз керек. Әрине, қазіргі таңда пандемия болсын, мейлі басқа да түрлі аурулар болсын, олардың ешбірі Жаратушының қалауынсыз болмайтыны түсінікті.

           Дегенмен, аздап сырқаттанған адам ұнжырғасын түсірмеуі керек, мен мұндай болып қалдым, ауруға шалдығып қалдым немесе Алла мені ғана көріп қалды демесін. Одан гөрі, Алланың қалауымен сондай болды, маған күнәларымнан тазартылуға, арылуға мүмкіндіктер берілді деп, дереу оның емделу жолын қарастырғаны абзал..

            Біздер мына жәйтті терең түсінуіміз керек, дініміздің заңында денсаулық біздерге аманат етіп берілгендіктен, ол аманатты сақтау жолын қарастыратыратын болсақ, бұл әрекеттеріміз де ғибадат дәрежесіне көтерілетіндігін назардан шығармауыз керек.

Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өз дәуірінде қандай да жұқпалы аурулар тарқаған жерлерден жырақта болыңыздар деп айтқанын қазіргі таңдағы карантин - сақтану шараларымен салыстыруымызға болады екен. Жасыратыны жоқ, біздер көп жағдайларда санитарлық шараларды дұрыс сақтамағандықтан осындай мәселелерге (дерттің асқынуы) душар болдық. Сол үшін де мұндай жағдайларда, түрлі шараларда баршамызға асқан мәдениеттілік танытуымыз керек. Шариғат заңымен белгіленген фиқһи академиялардың да медицина саласында жасап жатқан еңбектері де өз үлестерін қосуда. Қысқаша тоқталып өтер болсақ, Сауд Арабия, Ақш, Мысыр, Еуропа және Үндістан секілді елдерде түрлі заманауи мәселелер турасында, әсіресе адам өмірін сақтап қалу жолында бірқатар ғылыми жаңалықтар мен пәтуалар қабылданған, әрі қабылдануда. Мысалыға адам өміріне қауіп төніп тұрған болса түрлі оталар жасау, екпелер салдыру секілді т.б. көптеген рұқсат етілген шешімдерді келтіруімізге болады.

          Түйіндей келе айтарымыз, әрбір жасалған ем-домымызға қоса, бойымызда дұрыс сенім, ізгі ниет және ықыласты дұға да табылуы тиіс. Мемлекет тарапынан адам өмірін сақтап қалу жолында жасалып жатқан түрлі шараларды (вакцина т.б.) бейжәй қалдырмай, асқан түсіністікпен пайымдайық. Баға жетпес басты байлығымыз болған денсаулығымыздың саулығын ойлайық ағайын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: