Ұланы бар елдің, ұраны бар

Ұланы бар елдің, ұраны бар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұран - жаугершілік заманда ер жігіттің бойындағы рухты оятып, жігерлендіріп,  дүли күшке айналып алдындағы кез келген тосқауыл мен жауды тойтарыптастайтын айбарлы сөз болып табылады. Қазақ халқының сонау XVII-XVIII ғасырларда Жоңғар шапқыншылығына ұшырап, небір зобалан күндерді бастан өткізіп, ел тозып, мал мен жаннан айырылған замандарда, сол кездің талабына сай қарудың жаңа үлгілерімен қаруланған Жоңғар әскерлеріне қаймықпай ел арасында құрмет пен беделге ие болған батырлардың аттарын ұрандап жауға қарсы шапқанда, алдында тұрған жау әскерін талқандап кері шегінуге мәжбүр ететін.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Әбілмәмбет хан билігі кезінде Абылай сұлтан Жоңғарлар жаулап алған Түркістан уәлиеті мен Сырдың сонау Аралға дейін баратын төменгі жағындағы қалаларды жаудың қолынан азат етуге үш бағытпен жорыққа шығады деп келтіреді. Абылай басқарған негізгі күш, Жоңғардың сол кездегі қонтайшысы Цеван Доржи орналасқан төбені көпке дейін ала алмайды. Себебі Цеван Доржидың әскері түйе үстіне орнатылған зеңбіректермен қаруланған еді. Қанша шабуылдағанымен еш нәтиже шығара алмайды. Қаншама ер жүрек сарбаздар зеңбірек оғынан ажал құшады. Абылай сұлтанның әбтен шарасы таусылған шақта, зеңбірек орналасқан төбеге қарай, басында үкілі кәмшәт бөркі бар, қолында тобылғы сапты қамшыдан басқа ештене жоқ, ақбоз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай» деп ұран тастап жалғыз өзі суырылып алға шығып шаба жөнеледі. Қабанбайдың аты аталғанда бірінші болып Найман жігіттері Қабанбай! Қабанбай! деп ұрандап үкілі кәмшәт киген қыздың сонынан аттарының басын қоя береді. Артқы шепте тұрған өзге сарбаздарда өз руларының ұрандарын айтып жаудың зеңбіректері орналасқан төбеге қарай лап қояды. Мұндай оқыс шабуылды күтпеген жау әскерлері зеңбіректерін туралап атып та үлгермей жатып, Қазақ сарбаздарының аяқ астында зеңбіректерімен бірге шаншылып тапталып талқандары шығады. Осылай көз алдарында сайдың тасындай сен тұр мен атайын дейтін ер жүрек жігіттердің жауға қарсы бір ретте қылыш сермей алмай, зеңбірек оғынан ажал құшып жатқаның көріп, ұнжырғылары түсіп кеткен сарбаздарға, қаршадай қыздың «Қабанбайлап!» ұран тастап, жалан қолмен бір өзі жау шебіне шапқаны, шарасыз күйде тұрған сарбаздардың рухын оятып жігерлендірген еді. Көшпенділер трилогиясында Абылай сұлтан соғыс біткеннен кейін әлгі қызды сұрастырса, Қабанбай батырдың Назым атты қаршадай қызы екен. Абылай сұлтан риза болғаны соншалық әлгі қызға өзінің сом алтыннан жасалған белбеуін шешіп берген дейді.

Сонымен қатар ұран әр ру-тайпаның өзгелерден айырып отыратын айшықты белгілері болып табылады. Мысалға: Үш жүздің ортақ ұраны «Алаш» болса, Ұлы жүздін ортақ ұраны «Бахтияр», Орта жүздің негізгі ұраны «Ақжол», Кіші жүздің негізгі ұраны «Алдияр». Бұл ұрандар айтылғанда бүкіл ру-тайпалардың дау болса би шешендері, жау болса батырлары атқа қонатын болған. Әр ру тайпалардың жеке-жеке ұрандары болуы, сол ру тайпалардың белгісі, айбары, мақтанышы болып табылады. Мысалға: Аты ұранға айналған үш жүзге аты мәшхүр батыр  болса, сол ру-тайпа үшін мақтаныш. Ал бейбітшілік уақытта үлкен ас-той жиындарда бәйгеге ат қосқанда, палуаның белдесуге шығарғанда, ақынның айтыс төріне алып шыққанда өз руларының айбарлы ұраның айтып қандасына күш қайрат жігер берсе, қарсыластын мысын басып отыратын айбарлы сөз болады. Ал екі бауырлас ру соғыс алаңында, болмаса түн қараңғылығында бір-біріне қарама-қарсы келіп қалған жағдайда, бірінші бір-біріне қару кеземестен бұрын өз ұрандарын айту арқылы алдарында тұрған жау екенін болмаса өздерінің қандас бауырлар екенін ажырата біледі. Бахтияр Әбілдәұлының «Бөлдірік би» деген кітабында мынандай оқиға өрбиді. Таластың төменгі тұсы – Үшарал, Түгіскен жеріне Сыр-Тереңөзектен Ошақты елі көшіп келіп қоныс тебеді. Жаңадан қоныстанған жерлерінің ойлы-қырлы жер жағдайын толық біліп үлгермеген Ошақты елінің екі-үш мыңға жуық жылқысын Тама елінің жігіттері барымталап кетеді. Ошақты елі із суытпай іздеріне түсіп жылқының сонынан өз жігіттерін жібереді. Осындай абыр-сабыр болып, азан-қазан болып жатқанда, Таласқа Шу бойындағы Ысты елінің жасағын басқарып Бөлдірік шешен де келіп қалады. Ағайын елдің басына түскен жағдайды естіп, Бөлдірік шешен баласы Танабайды қосып, Ысты жігіттерін ағайынды елдің жігіттерінің соңынан көмек ретінде жібереді. Қас қарая екі ағайынды рудың жасағы бір-біріне қарама-қарсы келіп, бір-бірін танымай тұрып қалады. Осы кезде ештенені анықтап үлгермей жатып, Бөлдірік бидің баласы өз атын ұрандап Танабайлап қарсы алдарында тұрған жасаққа қарай шаба жөнеледі. Қарсы бетте тұрған Ошақты елінің жігіттерінің құлағына Танабайдың аты Тама деп естіліп бір Ошақтының мергені ойланбастан білтелі мылтықпен дәлдеп тұрып тура кеуде тұсынан атып жібереді. Аттың үстінен жалп етіп құлаған Танабайды көрген Ысты жігіттері өздерінің негізгі ұрандары «Жауатар! Бәйдібек! Бахтиярлап!»  қарсы бетке аттын  басын қоя береді. Қарсы бетте тұрған Ошақты жігіттері де «Атшабар! Бәйдібек! Бахтиярлап!» Ұран тастап шаба жөнелгенде екі жақта алдарында тұрған өз ағайындары екенін біліп қателесіп қара басқандарын түсінеді. Осылай Танабай елге белгілі ұранды емес, өз атын ұрандап ағайын елдің қолынан абайсызда қаза тауып, Ошақты елі құн төлеуге мәжбүр болады.

Осындай оқиғаларға қарап отырып, ұран қазақ ру-тайпаларында өте маңызға ие дәстүрлі рәміздерінің бірі болғанын көреміз. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұран үш жағдайда қолданылғанын айтып өттік. Бірінші әскери жағдайда, екінші той-жиындарда, үшінші ру-тайпалардың айшықты белгісі ретінде қолданылғанын көреміз. Бұл жерден қандай да бір тұлғалардың атын ұранға айналдыру арқылы солардың аруағынан медет тілеу, солардан жәрдем сұрау сияқты түсініктерден, болмаса қазақ халқы аруаққа сиынған деген сияқты ойлар туындамауы керек. Түркі елдері арасына  ислам дінінің келуімен өзге түркі халықтары сияқты Қазақ елі де ислам дінін саф алтындай тап таза мөлдір күйінде ұстанып келе жатқан халық болып табылады. Ал ислам діні өмірден өткен адамдардың рухына Құран оқып, аруақтарды құрметтеп, бір Алладан жәрдем тілеп, бір Аллаға сиынуды талап ететін дін болғандықтан, Қазақ халқы бұны білмеуі я болмаса біле тұра әруақтарға сиынып, солардан медет тілейтін деген пікірлер дұрыс емес. Ұранға тек өмірден өткен белгілі тұлғалардың аттары ғана емес, сол кездегі жауынгерлердің арасында тірі жүрген батырлардың да аттары ұранға айналатын болған. Мысалға: кейбірін айтатын болсақ, Алты алашқа аты мәшхүр Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбей, Шапырашты Наурызбай, Шымыр Қойкелді, Ошақты Саңырық, Сиқым Рысбек, Жаныс Өтеген, Шақшақ Жәнібек т.б батырлардың барлығының көздері тірісінде аттары ел арасында ұранға айналған батырлар. Ал олар өздері тірі бола тұра қалай әруаққа айналады? Логикағада қисынғада келмейді. Жауға шапқанда өз аттарын ұрандап талай жауды талқандап беттерін қайтарып ел арасында өз аттарын ұранға айналдырған батырларда болған. Мысалға: Албан Райымбек батыр, Ботпай Сәмен батырлар өз аттарын ұранға айналдырған батырлар. Қазақ батыр-жауынгерлері бірінші Аллаға, екінші өздерінің бойларындағы күш-қайраттарына, үшінші арттарындағы ел-жұртына сенген. Жалпы әруаққа қатысты сөздерді тікелей мағынада түсінуден бұрын, астарына үнілген дұрыс болар. Үйткені ислам діні келгенге дейін, сақтар, ғұндар, түркілер арасында аруаққа сиыну сенімі күштірек болғаны белгілі. Соған байланысты аруақ сөзімен байланыстырып айтылатын сөздер қазақ халқының арасында бүгінгі күнге дейін қолданыстан түскен емес. Сол сөздердің тікелей мағынасын емес, астарлы мағынасына үніле отырып ауыспалы мағынасын қолданған дұрыс болады. Мысалға: Әруағы басым екен (мысы басым екен), ата-баба әруағына сиынды (ата-баба рухына құрмет көрсетті), әруақ қолдасын (жолын ашық болсын), әруақты жан екен (әулие кісі екен). Бұл сөздер Түркістан қаласы Жоңғарлардың қолында кетті. Қазақтар Түркістан қаласын Жоңғарлардың қолынан қайтарып алды деген сияқты астарлап айтылған сөздер сияқты қабылдау керек. Егер осы сөздерді тікелей түсінсен, Жоңғарлар Түркістан қаласын қолдарымен алып кеткен сияқты түсініп, ал одан кейін Қазақтар қайтадан Жоңғарлардан Түркістан қаласын қолдарымен тартып алды деп түсінуіміз керек. Бұлай тікелей түсінуді қаншалықты ақыл қабылдай алмаса, ел арасында айтылып жүрген әруақ сөздерін де тікелей түсініп солай қабылдау да соншалықты дұрыс емес екенін білеміз. Жоңғарлар Түркістан қаласын қолына алды деген сөзді, жаулап алды, Қазақтар Түркістан қаласын Жоңғарлардың қолынан қайтадан қайтарып алды деген сөзді азат етті деп түсінсек, әруақ сөзін де тікелей түсінбей астарына үніліп ауыспалы мағынасын түсінген дұрыс болады. «Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар» дегендей Қазақ жеріне ислам дінінің келуімен ата-баба әруағына сиыну, солардан медет тілеу т.б мистикалық,мифологиялық сенімдегі дәстүрлерді ығыстырып шығарып, ислам дініне негізделген дәстүрлер қалыптасуымен әруаққа  Құран бағыштап, құрмет көрсету алмастырылып, одан арыға бармаған. Ал, жоғарыда айтылғандай әруақтарға байланысты айтылған сөздер ел аузында көп қолданыстағы сөздер болғандықтан тікелей мағынада емес, ауыспалы мағынада түсінген дұрыс болады. Жоғарыда айтып өткендей ел арасында құрметке бөленген тұлғалардың аттарының ұранға айналуы, солардың әруағына табынып жәрдем тілеу емес, солардың атын ұрандау арқылы жауынгерлерді жігерлендіріп жүрекке батырлық, батырлардың рухын оятып жаудың мысын басу үшін қолданылған. Бұны басқалай түсінудің ия болмаса қазақ елі ата-баба аруағына сиынып солардан медет тілеп, соларға мұқтаж болған деген ой туындамауы керек. Біздер әруақты құрметтеген халықпыз, бірақ әруаққа сиынып олардан медет тілеген халық емеспіз. Тарихи деректер мен Қазақ жазушыларының тарихи жазылған романдарында қазақ батырларының жауға шапқанда әруақ деп емес, жоғарыда айтып өткендей ел арасында құрмет пен беделге ия болған тұлға ел басқарған хан-сұлтандар мен би-батырлардың аттары ұран болғаның көреміз. Енді біздерге тарих қойнауында жатқан көне анимизм сеніміне негізделген әруаққа сиыну наным-сенімдерін халық арасында қайта жаңғыртудың еш қажеттілігі жоқ. Кешегі ел басқарған хан-сұлтандар мен ел қорғаны болған батырлар, Абай, Шәкәрім, Әлихандар ұстанған дәстүрлі ислам дінінің тап-таза мөлдір тұнығын біздер де лайламай мөлдір күйінде ұстанған дұрыс болады.

Түзелбаев Зульфухар

«Төртбай ата» мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (6)

Оқи отырыңыз: