Күндердің күнінде мәртебелі Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (ﷺ)жан сырын аша отырып былай айтқан екен: «Уа, Алла Елшісі! Ақиқатында, сені өзімнен емес, басқалардан артық жақсы көремін!» Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ)оған: «Әй, Омар! Мені басқалардан да, өзіңнен де артық жақсы көрмейінше сенің иманың кемеліне жетпейді», - деп жауап беріпті.
Алла Елшісіне (ﷺ) деген сүйіспеншілік – бізді Алланың сүйіспеншілігіне жетелейтін жолдардың бірі. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда былай айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» (3:31). Аллаға бойұсынушылық пен Оның сүйіспеншілігіне қол жеткізу – Пайғамбарымызға деген жан құштарлығы арқылы іске асады. Кімде-кім Алла Елшісіне (ﷺ) мойынсұнса, сол сөзсіз түрде Аллаға да мойынсұнады. Алла мен Оның Елшісіне (ﷺ) бойұсын – біздің Жаратушымыздың әмірі, міне, осы.
Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Менің жанымның Иесімен ант етемін, мені өзінен, балаларынан, ата-анасынан артық жақсы көрмейінше, ешкім де иман келтірген болмайды». Сүйіспеншілік – кез-келген құштарлық пен достықтың қажетті шарты. Ал Алла Елшісінің (ﷺ)достығы, Алла Тағаланың достық қарым-қатынасы сияқты Аллаға және Оның Елшісіне (ﷺ)деген құштарлық арқылы болады. Сүйген жан сүйіктісімен болғысы келеді ғой.
Сүюші сүйіктісінің тілектерін орындағысы келеді. Сүюші сүйіктісі үшін кез-келген құрбандыққа баруға дайын. Ал Алла Елшісін (ﷺ)оның жақын сахабалары қалай жақсы көрді екен? «Уа, Алла Елшісі, сен үшін менің өмірім де, менің ата-анам да құрбан болсын!» - деп айтқан олар. Міне, сахабалар Пайғамбарымызды (ﷺ) осылай жақсы көрген. Олар мәртебелі Пайғамбарымызды (ﷺ)өз өмірлерінен де артық бағалаған. Алла Елшісі (ﷺ)оны өзімізден, балаларымыздан, ата-анамыздан артық жақсы көруімізді қалайды. Адам бәрінен бұрын өзін, содан кейін балаларын, ата-анасын жақсы көреді. Алла Елшісі (ﷺ) оның айналасында сүйіспеншілік шеңберін құруымызды қалайды. Келесі аятқа сай: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырады» (12:53) адамның нәпсісі жаман жаққа бұрып тұрады, бірақ Пайғамбарымыз (ﷺ) бізден зұлымдықты емес, тек жақсылықты ғана күтеді. Ол әрқашан біздің жанымызды жақсартуға тырысқан. Ол біз үшін ең көркем өнеге, ол бізге өзімізден де жақын. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған, қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» (9:128).
Біз үнемі оның жүрегінде болғанбыз. Алла Елшісі (ﷺ), пайғамбарлардың Пайғамбары (ﷺ)да мәңгіге біздің жүрегімізде қалады! Біз айтып отырған Алла Елшісіне (ﷺ) деген сүйіспеншілік жай ғана сүйіспеншілік емес. Ол біздің өміріміздің шамшырағы, ол бізге көркем үлгі болу үшін жіберілген әрі адами қасиеттері жағынан біз оған ұқсауға тырысуымыз қажет.
Асхабтар Пайғамбарымызды (ﷺ) қалай жақсы көрді десеңізші! Олар оны өздерінен де артық жақсы көрген. Солардың бірін өлім жазасына кесердің алдында мүшріктердің бірі сенің орныңда Пайғамбардың болғанын қаламайсың ба деп сұраған екен. Сонда әлгі асхаб: «Менің орнымда болмақ тұрмақ, оның аяғына тікеннің кіргенін де қаламаймын», - деп жауап берген екен.
Балаларынан, күйеуінен айырылған бір асхабтың әйелі: «Бұл ауыртпашылық түк те емес. Ең бастысы, Алла Елшісі тірі ме, маған соны айтыңдаршы?» - деп сұрапты. Ол балалары мен күйеуі туралы ойламай, Алла Елшісінің (ﷺ)саулығын сұраған екен. Алла Елшісіне (ﷺ) деген бүкілхалықтық сүйіспеншілік біздің поэзиямызда да кеңінен орын алған, өйткені оған деген сүйіспеншілік мүміндердің жүрегінде ерекше орын алып ұялаған. Сөзсіз, бұл сүйіспеншілікте сыйластық пен құрмет те бар.
Алла Елшісін (ﷺ)біз де өз өмірімізден артық жақсы көруге тырысуымыз керек. Пайғамбарымызды (ﷺ)өмірімізден артық жақсы көре отырып, ол бас тартқан нәрселерден біз де бойымызды аулақ салып, оларды жақсы көрмеуіміз керек. Аллаға және Оның Елшісіне (ﷺ) деген сүйіспеншілік мәңгіге біздің жүрегімізден орын алсын деп тілейік, ағайын.