"Һибатулла Тарази" мешітінде Жамбыл облысына қарасты қала және аудан имамдарына арналған "Әлеуметтік желі жүргізу және мақала жазу әдісі" атты семинар өткізілді. Шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы кіріспе сөзімен ашты.
"Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек "Мәтін жазудағы пунктуация ережелері" тақырыбында баяндама жасап, қалам тартуға икемі бар имам-молдаларды газет-журнал, сайт беттеріне белсенді түрде мақала жазуға шақырды. Сонымен қатар телеарнаға сұқбат беретін имамдар тізімін құрып, шақыртылған бағдарламаларға жоспарлы түрде барып отыруды тапсырды.
Облыстағы ақпарат бағытына жауапты, asyldin.kz сайтының редакторы Ақерке Шахризатқызы "Әлеуметтік желі жүргізу әдебі және мақала жазу тәсілдері" тақырыбында баяндама жасап, мақала жазу барысында жасалатын қадамдарға тоқталып өтті. Сонымен қатар аудандардан жолданатын ақпаратты саралап, мәтінді дұрыс құрастыру, діни терминдер мәселесін талдады. Әр ай сайын тапсырылатын есепке қатысты сұрақтарға жауап беріп, түйіткілді сауалдардың түйінін тарқатып нақтылады.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі