Бүгін "Һибатулла Тарази" мешітінде Жамбыл өңірінің қала, аудан бас имамдарының және наиб имамдарының жиналысы өтті. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтың басшылығымен өткен жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасына сәйкес жылдық жоспар пысықталды.
Облыстың діни көшбасшысы жарияланған биылғы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылында атқарылатын айтулы шаралар: «Қазақ даласында тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті» Республикалық конференциясы туралы, Отандық және шетелдік халал өнімдерді насихаттау мақсатында өтетін «Халал Экспо – 2024» ІІІ халықаралық көрмесі туралы атап өтті. Осы жылғы өзгерістер мен жаңашылдықтарды тілге тиек еткен бас имам Қарилар курсы турасында ерекше тоқталды. Жастарды білімге баулу, медресеге шәкірттерді тарту, Қарилыққа оқу мүмкіндігі, дуалды оқыту жүйесінің жетістігі жайын да жеткізді.
Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 5 бағыт, 28-ге жуық бөлім мен сектор жұмыстарына бекітілген жауаптылар сөз сөйлеп, аудандарға жауапты кураторлар тағайындалды.
Шара соңында бас имам үздік имамдарды Бас мүфтидің алғыс хатымен марапаттады. Ресми түрде алғысты табыстап, имамдардың қызметіне жеміс, Алланың разылығын тіледі.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі