Хабашстанға көшу

Хабашстанға көшу

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарлығының бесінші жылында мүшриктердің жасаған қастандық әрекеттеріне қарамастан мұсылмандардың саны артып жатқан еді. Бірақ, мүшріктер де жауыздық әрекеттерін көбейтіп, қолдарынан келген қиянаттың бәрін жасап жүрді. Пайғамбарымыз сахабаларының аяусыз қастандықтарға ұшырағанына, аяқтарының жіппен байланып, түйелермен тартылып, денелерінің бөлшектенуіне қатты қайғырды. Мұндай жауыздық әрекеттер бара-бара артып, Расулуллаһтың мейірімге толы жүрегі бұларға шыдай алмай жатты. Бір күні сахабаларды (радиаллаһу анһум) жинап:«Ей, Сахабаларым! Енді жер бетіне таралыңдар. Аллаһу та’ала жақында сендерді тағы да бір жерге жинайды» деді. Сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Қайда барамыз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз қолымен нұсқап: «Әне, ана жаққа! Хабәш жеріне барыңдар! Өйткені, онда қасындағыларға ешқандай зұлымдық жасамайтын бір билеуші бар. Әрі ол жер туралықтың елі. Аллаһу та’ала шеккен қиыншылықтарыңнан құтылудың жолын ашқанға дейін сендер сол жерде болыңдар» деп бұйырды. Әлемдердің ұлысы Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уәсәлләм осылайша сахабаларының азаптардан, қиындықтардан құтылуына және Меккелік мүшриктерге қарсы күресті жалғыз жалғастыруға шешім қабылдаған еді. «Үмметім! Үмметім!» деп туылған сүйікті пайғамбарымыз сахабаларын құтқару үшін өзін пида етіп жатыр еді. Оның осы рұқсатына байланысты сахабалардың бір бөлігі елдерінен кетіп, көшкен болатын... Бірақ, олар пайғамбарымыздан айрылып бара жатқандары үшін де қатты мұңаюда еді.

Осы алғашқы көшке хазіреті Осман мен оның әйелі хазіреті Рукаййә бинти Расулуллаһ, Әбу Хузайфа мен әйелі Сәхлә бинти Сухәйл, Зубәйр бин Аууам, Мусаб бин Умәйр, Абдуррахман бин Ауф, Әбу Сәләмә бин Абдуләсад пен әйелі Үммү Сәләмә, Хатиб бин Амр, Амир бин Рәбиа және әйелі Ләйла бинти Әби Хасмә, Осман бин Мазун, Әбу Сәбра бин Әби Рүһм мен әйелі Үммү Гүлсім бинти Сухәйл, Сухәйл бин Бәйда және  Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһум) қосылды.

Пайғамбарымыз алейһиссалам хазіреті Осман туралы: «Күмәнсіз, Осман - Лұт пайғамбардан кейін әйелімен бірге хижрет еткен (көшкен)алғашқы адам» деген. Сахабалардың бір бөлігі көлікпен, бір бөлігі жаяу, жасырын түрде Меккеден шығып кетті. Саудагерлерге ақысын беріп, кемелермен Қызыл теңізден Хабашстан жағалауына жетті. Мүшриктер мұны біліп қойып, соңдарына түсті, бірақ олардың бұл әрекеттері босқа кетіп, үміттерін үзіп кері қайтты.

Хабәш билеушісі Нәжаши мұсылмандарды жылы қабылдады. Еліне қоныстандырды. Сахабалар Хабашстан туралы: «Біз бұл жерде жақсы көрші және пана көрдік. Дінімізге ешкім тиіскен жоқ, бізді ешкім ренжітпеді. Жағымсыз бірде-бір сөз естіген жоқпыз. Тыныштықта Аллаһу та’алаға құлшылық жасадық» деді. Мүшриктер көшіп кеткен сахабалардың Хабашстанға паналанғанынан үрейленіп, қорқып қалды.

Хазіреті Хамзаның мұсылман болуы: Ислам күн өткен сайын адамнан-адамға жайылып, жан-жаққа тарала бастаған еді. Бұл жағдай Құрайш мүшриктерінің ызасын тудырып, бірақ олар қанша тырысқанымен Исламның жайылуына кедергі келтіре алмай жатқан болатын.

«Дәлаил-ун нубууә» мен «Мәариж-ун нубууә» атты кітаптарда былай делінген: Мүшриктерде Уәлид деген кісінің бір пұты бар болатын. «Сафа» төбесіне жиналып, осы пұтқа ғибадат жасайтын. Бір күні пайғамбарымыз олардың жанына барып, оларды иманға шақырды. Кәпір болған бір жын сол пұттың ішіне кіріп, пайғамбарымызға лайық болмаған сөздер айтты. Расулуллаһ алейһиссалам қатты ренжіді. Тағы бір күні көрінбейтін біреу пайғамбарымызбен сәлемдесіп: «Йа, Расулаллаһ! Кәпір жын сізге лайық болмаған сөздер айтыпты. Мен ол жынды тауып өлтірдім. Ертең Сафа төбесіне барсаңыз?! Сіз оларды тағы да Исламға шақырсаңыз, мен сол пұттың ішіне кіріп, Сіз туралы мақтау сөздер айтар едім.» деді. Пайғамбарымыз Абдуллаһ деген бұл жынның ұсынысын қабыл етті.

Сүйікті пайғамбарымыз ертеңіне Сафа төбесіне барып, мүшриктерді тағы да иманға шақырды. Әбу Жәһл де сол жерде болатын. Мұсылман жын мүшриктердің қолындағы пұттың ішіне кіріп, пайғамбарымыз бен Ислам туралы жақсы сөздер мен өлеңдер айтты. Мұны естіген мүшриктер қолдарындағы пұтты сындырып, пайғамбарымызға бассалды. Мүбәрәк шашының ұйпа-тұйпасын шығарды. Мүбәрәк жүзі қанға боялды. Расулуллаһ олардың бұл азабына шыдамдылық танытып: «Ей, Құрайштықтар, мені ұрып жатырсыңдар. Бірақ, мен сендердің пайғамбарларыңмын» деді. Содан кейін ол жерден кетіп, үйіне келді. Бұл оқиғаны бір қызметші қыз бастан-аяқ көрген еді.

Осы уақытта хазіреті Хамза тауда аң аулап жүрген еді. Бір киікті атайын деп тұрғанда киікке тіл бітіп: «Йа Хамза! Мені атқанша бауырыңның баласын өлтірейін деп жатқандарды атсаң жақсы болар еді» деді. Бұл сөздерге таң қалған хазіреті Хамза, тез үйіне қарай бет алды. Әдеті бойынша аңнан қайтқанда тауап ету үшін Харам мешітіне (Қағбаға) соғып, үйіне сосын баратын. Сол күні тауап жасап жатқанда, қызметші қыз оның қасына барды. Әбу Жәһлдің Мұхаммед алейһиссаламға жасаған қиянаттарын айтты. Хазіреті Хамза пайғамбарымызға қастандық істелгенін естіп, қатты ашуланды. Қаруларын алып, мүшриктердің отырған жеріне барды. «Бауырымның баласына жаман сөздер айтқан, оны ренжіткен сенсің бе? Менің де дінім – Оның діні. Қолыңнан келсе оған жасағандарыңды маған істе, көрейік» деп иығындағы садақпен Әбу Жәһлдің басын ұрып жарды. Сол жердегі кәпірлер хазіреті Хамзаға бассалып ұмтылып еді, бірақ Әбу Жәһл: «Тимеңдер, Хамзаның айтқандары дұрыс. Немере інісіне жаман сөздер айттым» деді. Хамза (радиаллаһу анһ) ол жерден кеткеннен кейін Әбу Жәһл жанындағыларға: «Оған тиюші болмаңдар. Бізге ашуланып мұсылман болып жүрер. Сосын Мұхаммед күшейіп кетеді» деді. Ол хазіреті Хамзаның мұсылман болмауы үшін басының жарылуына да разы еді. Хазіреті Хамзаның күші мен абыройын білетін еді. Хамза (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызға барып: «Йа, Мұхаммед! Әбу Жәһлден өшіңді алдым. Оны қанға боядым. Ренжіме, қуан» деді. Сүйікті пайғамбарымыз: «Мен мұндай нәрселерге қуанбаймын» деді. Хазіреті Хамза: «Сені қуандыру, реніштен арылту үшін не қаласаң да істейін» деген кезде пайғамбарымыз: «Мен тек сенің иманға келіп, құнды денеңді тозақ отынан құтқарғаныңа ғана қуанамын» деді. Хазіреті Хамза дереу мұсылман болды. Ол туралы аяти кәримә түсті. Хазіреті Абдуллаһ ибни Аббастың айтуынша Құран кәрімде «Ән’ам» сүресінің 122-аятында тірілтілгені және нұрландырылғаны туралы айтылған адам – хазіреті Хамза, ал сол аятта қараңғылықта адасқаны туралы айтылған адам - Әбу Жәһл.

Хазіреті Хамза мүшриктерге барып, мұсылман болғандығын және Аллаһу та’аланың сүйікті құлы Мұхаммед алейһиссаламды өз жанындай қорғайтынын айтып, өлең шумақтарын оқыды. Оқыған өлеңінде «Жүрегімді Исламға және ақиқатқа бағыттағаны үшін Аллаһу та’алаға хамд болсын. Бұл дін құлдарының барлық жасаған істерін білетін, барлық адаммен жақсы мәміле жасайтын, барлық нәрсеге құдіреті жететін, әлемдердің Раббысы – Аллаһу та’ала тарапынан жіберілген. Құран Кәрім оқылған кезде жүрегі ояу, ақылы толық адамдардың көзіне жас келеді. Құран кәрім әсем тілмен берілген аяттар түрінде Мұхаммед алейһиссаламға жіберілген. Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) ішіміздегі сөзі өтімді, қадірлі, қасиетті адам. Ей, мүшриктер! Ақылдарыңнан адасып, Ол туралы ауыр, дөрекі сөздер айтпаңдар. Егер мұндай ойға келетін болсаңдар, бізді, яғни мұсылмандарды басып өтпестен, ешкім оған тиісе алмайды» деді.

Хазіреті Хамзаның мұсылман болғанына пайғамбарымыз қатты қуанды. Мұсылмандар өздерінің қатарларына оның қосылуымен күшейе түсті.

Хазіреті Хамзаның (радиаллаһу анһ) мұсылмандықты қабылдауымен жағдай өзгерді. Өйткені, Меккеліктер хазіреті Хамзаның батыр, жомарт, ер жүрек, палуан және қаһарман екенін білетін. Сондықтан да Құрайш мүшриктері мұсылмандарға себепсіз жаман әрекеттер жасамайтын, себепсіз жаман мәміледе болмайтын болды. Олар әсіресе хазіреті Хамзаның қылышынан аяқ тартты.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: