Мүшриктердің беделді адамдары әр түрлі айлалармен, зұлымдықтармен адамдардың иман келтіруіне кедергі келтіретін. Мекке халқының Мұхаммед алейһиссалам оқыған аяттарды тыңдауларына кедергі болатын. Ал өздері болса, түнде жасырын түрде Мұхаммед алейһиссалам отырған үйдің жанына барып, бір бұрышқа жасырынып аяттарды тыңдайтын. Таң атып, айнала жарық бола бастағанда әрқайсысы түнде басқаларына білдірмей Құран кәрім тыңдауға келгендерін көріп қойып, бірі-бірін айыптайтын. «Ендігәрі бұлай істемейік» деп уәделесетін. Бірақ, ертеңіне кеш қарайғанда шыдай алмай тағы да бір-біріне білдірместен барып, тыңдайтын. Таң атқанда тығылып отырған орындарында бір-бірін көріп, «бізге не болған өзі» дегендей таңданысатын. Әрқайсысы енді бұлай істемеуге ант ішіп, тарқайтын, бірақ бәрібір бұдан бас тарта алмайтын. Сондай болуына қарамай, олар нәпсілеріне еріп, кісіленіп, басқа мүшриктердің айыптауынан қорқып, тағы да бірқатар бос уайымдарға беріліп иман келтірмеді. Өзгелердің де иманға келулеріне кедергі болды. Бұл да жетпегендей көшелерде: «Мұхаммед сиқыршы» деп шу көтеріп, жар салды.
Бір күні кешке мүшриктер Қағбаның айналасына жиналып: «Мұхаммедті шақырып, бұл мәселе туралы кеңесіп алайық. Кейін жұрттар бізді айыптап жүрмесін» деп, Расулуллаһқа саллаллаһу алейһи уәсәлләм хабар жіберді. Пайғамбарымыз Қағбаға барып, мүшриктерге қарсы қарап отырды. Мүшриктер: «Ей, Мұхаммед! Сені бұл жерге шақыруымыздың себебі сенімен келісіп алу болатын. Ант етеміз, Арабтарда сен сияқты өз қауымының басына осыншама қиыншылық түсірген адам болған емес. Сен біздің дінімізді теріске шығардың. Тәңірлерімізге тіл тигіздің. Қой десек те қоймадың. Бірлігімізді бұзып, бірімізді бірімізге айдап салдың. Басымызға салмаған бәлең қалмады. Егер сен бұл іс-әрекеттеріңнің барлығын байлық үшін істеп жүрген болсаң, біз саған қалағаныңнан артық мал-мүлік жинап берейік. Атақ, даңқ үшін істеп жүрген болсаң, сені басшы етіп сайлайық. Патша болғың келсе, патша екеніңді жариялап, саған бағынайық. Егер жаман бір нәрсенің ықпалында жүрген болсаң, сені ол бәледен құтқарайық. Жындардан бір ауру тиген болса, бар малымызды төгіп емдетейік!...» деді.
Әлемдердің мырзасы оларды сабырмен тыңдағаннан кейін мынадай ғибратты бір жауап қатты: «Ей, Құрайш қауымы! Бұл айтқандарыңның ешқайсысы ойымда да жоқ. Сендерге әкелген бұл дін арқылы мал-мүліктеріңе қол жеткізуді немесе атақ-даңқ пен патшалыққа ұмтылуды көздеген жоқпын. Мен бұл нәрселер үшін келген жоқпын. Керісінше Аллаһу та’ала мені сендерге пайғамбар етіп жіберді және маған бір Кітап түсірді. Сендерден (қабылдағандарыңды) жәннәтпен сүйіншілеуші және (қабылдамағандарыңды) жәһәннәммен қорқытушы болуымды әмір етті. Мен сендерге Раббымның осы әмірін уағыздап, насихаттап жеткіздім. Егер әкелген нәрсемді қабыл алсаңдар ол сендерге дүниеде және ақыретте несібе мен азық болады. Егер қабылдамай, теріске шығарсаңдар Аллаһу та’ала сендермен арамызда бір үкім бергенге дейін, менің міндетім Хақ та’аланың бұйрығын орындау үшін барлық қиындыққа төзу...»
Әбу Жәһл, Умәййә бин Халәф және басқа да мүшриктер: «Йа, Мұхаммед! Күнкөріс жағынан бізден ауыр шарттарда өмір сүретін ешбір ел жоқ екенін білесің. Анық пайғамбар болсаң Раббыңнан, бізді қиындыққа душар ететін, күн көрісімізді ауырлататын мына тауларды жоқ қылсын деп тілеші! Жерімізді кеңейтіп, Шам мен Ирак өзендері сияқты өзендер ағызсын. Сондай-ақ, Қусай бин Килаб сияқты ұлы бабаларымыздың кейбіреуін тірілтсін. Қусай бин Килаб турашыл, ұлы адам болатын. Сенің айтқандарыңның рас-өтірігін содан сұрайық. Егер ол сені растаса және сен біздің осы айтқандарымызды орындайтын болсаң, біз де сені растаймыз. Әрі осылайша Раббыңның алдындағы сенің беделіңді де білетін боламыз. Егер біздің бұл қалауларымызды орындай алмасаң, онда Раббыңнан саған дәлел бола алатын нәрселерді сұра. Айтқандарыңның шын екенін растайтын, сені бізден қорғайтын бір періште жіберуін сұра. Сондай-ақ Раббың саған бақшалар, үйлер, қазыналар беріп, күнкөріс қиындығынан құтқарсын. Өйткені, сен де біз сияқты күнкөру қамында жүрсің...» деді.
Расулуллаһ алейһиссалам оларға: «Мен сендерге бұлар үшін жіберілген емеспін. Аллаһу та’ала Мені немен жіберсе Мен тек Хақ та’ала тарапынан сендерге соны әкелдім. Сендерге соны уағыздадым. Мен (мал-мүлік берсін деп) Раббымнан тілек тілейтін адам емеспін... Аллаһу та’ала мені (әкелгендерімді қабылдаңандарды жәннәтпен) сүйіншілеуші және (қабылдамай теріске шығарғандарды жәһәннәммен) қорқытушы етіп жіберді. Егер әкелген нәрсемді қабыл алсаңдар ол сендерге дүниеде және ақыретте несібе мен азық болады. Егер қабылдамай, теріске шығарсаңдар Аллаһу та’ала сендермен арамызда бір үкім бергенге дейін, менің міндетім Хақ та’аланың бұйрығын орындау үшін барлық қиындыққа төзу...» деді. Мүшриктер тағы да: «Егер Раббыңның қалаған нәрсесін істей алатыны рас болса, мына көкті бөлшектеп үстімізге жаудыруын сұрашы, көрейік... Сен осыны істемегенше біз саған сенбейміз» деді. Пайғамбарымыз: «Бұл іс Аллаһу та’алаға тән. Ол сендерге мұны жасағысы келсе әрине жасайды» деді. Бұдан соң мүшриктер одан сайын арсыздық етіп: «Ей, Мұхаммед! Сенің Раббың біздің сенімен отыратынымызды, сенен не сұрайтынымызды, сенен талап ететіндерімізді білмеді ме, неге саған алдын ала хабар беріп, ақыл үйретпеді? Сенің бізге айтқан уағыздарыңды біз қабылдамаған жағдайда бізге не істейтінін неге білдірмеді?... Сөздеріңнің рас екендігіне періштелерді куәгер ретінде бізге жібермейінше саған сенбейміз... Енді сенің алдыңда ешқандай жауапкершілігіміз жоқ... Ант етеміз, енді біз сені бостан бос жіберіп қоймаймыз. Я біз сенің көзіңді құртамыз, я сен біздің...» деді. Олардың мәмілеге келіп, имандылыққа бет бұрудың орнына толығымен бас тартып, табан тірегенін көрген пайғамбарымыз ол жерді тәрк етті.
Меккелік мүшриктердің пайғамбарымыздан түбегейлі түрде бас тартуларына Аллаһу та’ала Жәбрейл алейһиссалам арқылы уаһи жіберіп, аяти кәримәлармен жауап берді. Олардың тартатын ауыр азаптарын білдірді. Ән’ам сүресінің 4-аятынан 11-аятына дейінгі жерінде былай делінді: «Раббыларының аяттарынан оларға қашан бір аят келсе(Құран кәрімнің аяттарынан бір аят, дәлелдерінен бір дәлел немесе мұғжизаларынан бір мұғжиза келсе) бәріне мүнкір болып, бас тартты. Міне солар, Хақ (Құран кәрім) өздеріне келген кезде теріске шығарды. Бірақ жақында оларға нені әжуалап, мазақ еткендерінің хабары(жазасы) келеді. (Мекке халқы) өздерінен бұрын қаншама нәсілдерді жойғанымызды көрмеді ме? Білмеді ме? Оларға сендерге бермеген барлық мүмкіндіктерді берген едік. Көктен үстілеріне мол жаңбыр жіберген едік. (Бау-бақшаларының және сарайларының) астынан өзендер ағыздық. Сосын олардың (осы ниғметтерге шүкіршілік етпегендері үшін) және күнәлары үшін көздерін жойдық. Олардың орнына басқа-басқа нәсілдер жараттық.
Егер Біз саған жазулы дайын бір кітап түсірген болғанымызда, олар да өз қолдарымен оны ұстап көрген болғанда, бәрібір ол кәпірлер қырсығып: «Бұл барып тұрған сиқырдан басқа ештеңе емес» дер еді. Сондай-ақ олар: «Оған (Мұхаммед алейһиссаламға біз де көре алатын) бір періште жіберілсе (ол періште бізге оның пайғамбар екенін айтса) не болар еді» деді. Егер біз бір періште жібергенімізде (олар тағы да иманға келмесе) әрине іс біткен болар еді (барлығының құрдымға кетуіне үкім берілген болар еді.) Сосын оларға бір сәт уақыт та берілмес еді. Егер Оны (пайғамбарды) періште етіп жібергенімізде, әрине Оны оларға ер адам (кейпінде) көрсетіп, өздері түскен күмәнге тағы түсірер едік. Ант болсын, сенен бұрынғы пайғамбарлар да мазақ етілді, мазақ еткендерінің жазасы болған бәле мен азап оларды (мазақ еткендерді)қоршап алды. (Оларға) айт: «Жер бетін аралаңдар, сосын қараңдар. Пайғамбарларды өтірікшіге шығарғандардың ақыры не болыпты?»
Фурқан сүресінің 7-ші және 10-шы аяттарында: «Кәпірлер: “Бұл қандай пайғамбар? Біз сияқты жеп-ішеді, көшелерде жүреді. Пайғамбар болса, оған періште келер еді. Көмекшілері болып, олар бізге де хабар беріп, жәһәннәммен қорқытар еді. Немесе Раббысы ақша жіберер еді, бау-бақшасы, егістігі болар еді, қалағанын жер еді” деді. Ол залымдар бір-біріне былай деді: “Егер сендер бұған бағынсаңдар сиқырланған адамға ерген боласыңдар.” (Ей Хабибім!)Назар сал, сен туралы қандай жаман мысалдар беріп, тура жолдан тайды, адасты. Енді олар адасушылықтарынан шығып, тура жолды таба алмайды. Аллаһу та’аланың құдіреті қандай күшті, Ол қаласа саған (бұл дүниеде) бұлардан да артық етіп астынан өзендер ағатын бау-бақшалар беріп, сен үшін сарайлар салдырады» делінді.
21-аяти кәримәсында: «Бізге қауышуды үміт етпегендер: “Бізге періштелер түсірілсе (Мұхаммедтің айтқандарының тура екендігін растаса) немесе Раббымызды көрсек болмас па еді” деді. Ант болсын, олар нәпсілерін жоғары қойып, азғындауда шектен шықты...»деп бұйырылды.
Сәбә сүресінің 9-аяти кәримәсында: «Егер біз қаласақ оларды(ашық аяттарымызды көріп өтірікке шығарғандары үшін, Қарун сияқты)жерге батырар едік немесе көктен төбелеріне от жаудырар едік» деп бұйырылды.
Исра сүресінің 97-аяти кәримәсында: «...Біз оларды қиямет күні соқырлар, тілсіздер, кереңдер етіп, етпетінен тірілтеміз! Олардың баратын жері – жәһәннәм, оның оты бәсеңдегенде біз оның отын алаулатамыз» деп бұйырылды.