Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. «Ұстаздық – ұлы іс», деп кемеңгер жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борышымыз.
Жамбыл облысы Байзақ аудандық Ардагерлер кеңесінің әулеметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Серік Балабеков пен «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Ю.Гагарин мектебінің ұжымымымен кездесті.
Кездесу барысында Қанат Әділханұлы: «Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын тануға, оның сан қилы құбылысын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілік қасиеттерге баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Одан бөлек білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі ескерусіз қалмайды. Себебі, ұстаздың есімі ғана емес, қызметі де ұлы», - деді.
Серік Балабеков ардагер ағамыз: «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы», дегендей, жер жүзінде барлық адам ұстаздан тәлім-тәрбие алып барып, болашаққа қанат қағады. Ең мықты мамандық иегерінің де үйретушісі, әріп танытушысы – мұғалім. Сондықтан Ыбырай Алтынсарин айтпақшы: «Мұғалім – бәрінен қымбат»», - деп, «Ұстаздың бала алдындағы жауапкершілігі» тақырыбында сөз өрбітті.