Меркі ауданы, Интернационал ауылы тұрғындары көптен күткен қуанышына қол жеткізіп, «Достық» мешітінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, жергілікті ауыл әкімі Жорабек Нұрмергенұлы, Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы, сондай-ақ ауыл ақсақалдары және ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлының Құран оқуымен басталып, артынша өкіл имам интернационал ауылының тұрғындарын мешіт ашылуымен құттықтап, арнайы мешітке сыйлығын табыстап, мешіт құрылысының бас қасында жүрген ағаларымызға алғысын білдіріп, мешітке жаңадан тағайындалған имамды таныстырып, қызметінде абырой-бедел тіледі.
Ашылу салтанатынан кейін жиналған қауымға арналған қазақ үйлер тігіліп, дастархан жайылып, ас берілді. Дастархан басында Құран оқылып, бас имам Бейбіт Әліпбекұлы мешіт салудың, оған қарайласып жүрудің сауапшылығын уағыздады. Соңынан ел ақсақалдары сөз сөйлеп, мешіт ашылуымен құттықтады.
Облыстан ат терлетіп келген бас имам аудан имамы Абдразахов Азамат Берікұлына халық шапандарын жауып алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, осы істің басы қасында жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді.
Дастарханнан дәм татқан соң артынша алғашқы азан шақырылып, бесін намазы жамағатпен оқылып, елдің, жердің амандығы үшін дұға жасалды.
Интернационал ауылында ашылған бұл мешітте бір мезетте 100-150 адамдай құлшылығын өтей алады. Осындай игі іске қол ұшын созып жатқан жомарт жандарға ізгі ниетімізбен алғысымызды білдіреміз. Алла Тағала қызметтерінде абырой бедел берсін. Демеушілік жасап жатқан бауырларымызға Алла разы болсын!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі