МҰҒАЛІМНІҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ

МҰҒАЛІМНІҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әуелі мақтау-мадақ адам баласына қаламмен жазуды үйреткен, жалпы адамзатқа білмегенін білдірген әлемдердің раббысы Аллаға болсын! Ардақты Алла елшісіне Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Тақырыпты кеңінен ашпас бұрын, «мұғалім» сөзінің тілдік мағынасына мән берелік. «Мұғалім» сөзі арабшадағы «муаллим» (معلم) деген кәлимаға негізделеді. «Ілім» сөзінің түбірі «илм» (علم) білу, түсіну, хабардар болу деген мағыналарды аңғартады. Сонымен қатар, мұғалім сөзінің басқа да мағыналары бар. Мәселен оқытушы, тәлімгер, ұстаз т.б. секілді атауларды көптеп кездестіруге болады. Демек, тағлиммен (білім берумен) айналысатын адамды – мұғалім деп атаймыз.

Мұғалімдік мақсат – пайғамбарлық мақсатпен ортақ десек те қәтелеспейміз. Ол туралы қәсиетті Құран Кәрімде «Жұма» сүресінің 2-аятында былай баяндайды: «Ол сондай Алла, білімі жоқтардың ішіне өздерінен, оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын сондай-ақ оларға Кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді».

Осы тұрғыда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұғалімдік орны ерекше. Ибн Мәжа өзінің «Сүнәнінде» және Дәримидің «Сүнәнінде» Абдулла ибн Амр ибн Ас (Алла ол кісілерге разы болсын) оқиғаны былай баяндайды:

«Бір күні Алла елшісі өзінің бөлмесінен шығып, мешітке бет алады. Мешітке кірген кезде отырған екі топты байқайды. Әлгі екі топтың бірі Құран оқып, Алладан дұға сұрап жатса, басқасы тәлім алып, тәлім беріп жатады. Сонда Алла елшісі: - Бұлардың бәрі жақсылықта. Құран оқып, Алладан дұға тілеп отырғандарға Алла қаласа, сұрағандарын береді, қаламаса, бермейді. Тәлім алып, тәлім беріп отырғандарға келетін болсақ, негізінде мен мұғалім етіп жіберілдім, - дейді де тәлім алып, тәлім бергендердің қасына отырады».

Жаймұғалімхабарлайды, 

Жақсы мұғалім түсіндіреді, 

Керемет мұғалім көрсетеді.

Ұлы мұғалім шабыттандырады 

 «Ұлы мұғалім шабыттандырады»,

- деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтпақшы,  Алла елшісінің ұлы мұғалім екенін мына шарапатты хадисінен аңғарсақ болады:

Әбу Умамадан (Алла ол кісіге разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Шындығында Алла және оның періштелері, көктер мен жердің халқы, тіпті илеуіндегі құмырсқа, тіпті теңіздегі балық, адамдарға жақсылықты үйретуші мұғалімге салауат, есендік тілеп тұрады», - деп айтқанын жеткізеді. Хадисті Имам Тирмизи (Алла ол кісіге разы болсын) риуаят етіп, хадиске «хасан» дәрежесін берген.

Сонымен қатар, Әбу Дәрда (Алла ол кісіге разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсы бір адам ілім талап етіп, жолға шықса, Алла оған жәннатқа баратын жолды жеңілдетіп қояды. Шындығында періштелер ілім талап етушіге істеп жатқаннына разы болып астына қанаттарын жаяды. Расында, ғалым үшін көктер мен жердегілер тіпті теңіздегі балықтар кешірім тілейді. Ғалымның құлшылық жасаушыдан артықшылығы – айдың  жұлдыздардан артықшылығы секілді. Шын мәнінде ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар динар мен дирһамды (алтын мен күмісті) мұра етіп қалдырмады. Негізінде ілімді мұра етіп қалдырды. Қайсы бір адам сол ілімді алған болса, онда зор үлес алғаны», - деп айтқанын естідім деп жеткізеді. Хадисті Әбу Дәуід пен Тирмизи риуаят етеді.

Осы хадиске зер салып қарайтын болсақ, Алла елшісінің ілім талап етуге қызықтырып, көркем түрде шабыттандырғанын байқаймыз. Осы тұста дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген ұлағатты сөздерді бекер айтпаса керек. Қазақ қоғамындағы ұлт ұстаздары, алаш зиялылары Алла елшісінің тәлімінен сусындады десек, артық айтқан болмаймыз. Өйткені алаш зиялыларының көбісі жастайынан молданың алдында отырып хат таныған, медреседе тәлім алып, екі дүниенің ілімін құстың қос қанатындай теңдей ұстағаны бізге тарихтан белгілі. Алаш зиялылары ақиқатты танып, сол кездегі қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болды. Олар әрі өз ұлтын сүйген ұлтшыл болды. Қазақ ұлтына жандары ашып, олардың қараңғылықта, надандықта жүргенін қаламады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Малшы мен маса», «Оқуға шақыру» т.б көптеген өлең жолдарында қазақ ұлтына деген жанашырлығын байқауға болады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас», - демекші, жақсы ұстаз болу үшін, жақсы шәкірт болу керек. Жақсы шәкірт болу үшін, хайырлы тәлім алу керек. Хайырлы тәлім алу үшін, ықылас керек. Ықыласты болу үшін, әрдайым Жаратушының бақылап тұрғанын білу керек.

Шораев Нұрдос Нұрғазыұлы

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,

  Көктал ауылдық «Әбу-Бәкір Сыддық» имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (4)

Оқи отырыңыз: