Иісі мұсылман қауымы үшін жыл сайын Мұхаммет пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған күнін атап өту жақсы үрдіс болып қалыптасқан. Және де бұл бір күн ғана емес бір ай бойы жалғасын тауып жатады. Мұсылман жамағаты бірінен кейін бірі жалғастырып әркім шама шарқынша есте қаларлықтай іс – шара өткізуге тырысады. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітінің бүгінгі қоғамға алып келер пайдасы ұшан теңіз деп айтсақ болады.
Әуелі Алла Тағаланың мына бір аятына үңіліп көрейік: «Расында Алла Пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, момындар! Сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» («Ахзап» сүресі, 56-аят). Демек Өзінің сүйікті құлына Алла Тағала періштелерімен бірге салауат айтады және де «иман келтіргендер сендер де салауат айтып сәлем жолдаңдар» деп момын мұсылмандарға бұйырып тұр бұл аятта. Мәуліт кештерінің ең негізгі мақсаты Алла елшісіне (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айту екенін ескеретін болсақ, осы кешке қатысқан адамдар Жаратушының әмірін орындап, сауап табады екен.
Екіншіден мәуліт өткізгенде пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен өнегелі оқиғалар айтылып, ол кісінің көркем мінез құлқы насихатталады. Ол кісінің қара қылды қақ жарған әділдігі, тек қана адамдарға ғана емес, барша жаратылысқа деген мейірімділігі, жомарттығы, сабырлылығы осындай керемет адами қасиеттері насихатталатынын ескерсек, қоғамымызға деген тәрбиелік мәнінің зор екенін байқаймыз.
«Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Оның сендерге жанашырлығы соншалық , тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді). Ол момындарға сондай жанашыр өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят). Хақ Тағала осы аятта елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне қаншалықты жанашыр екенін, олар үшін қатты уайымдайтынын айтып тұр. Олай болса әрине, бізді соншалықты жақсы көрген пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз де жақсы көреміз. Ол кісінің махаббатына махаббатпен жауап беру үмметі үшін міндет десек дұрыс болар.
Мынандай бір керемет сұхбатты баяндап өтейік. Бір күні сахабаларымен отырған Алланың елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырларымды сағындым!», - деп сондай бір сағынышпен айтқанда, қасындағы кісілер елең етіп: «Я, Расулулла! Сіздің бауырларыңыз мына біз емеспіз бе?!» - деген екен. Сонда пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер менің жанкешті сахабаларымсыңдар. Әзиз бауырларым, менің қазамнан кейін келеді. Мені көрмесе де иманға келеді, естімесе де айтқандарымды бұлжытпай орындайды. Әрі мені шын сүйеді. Менде оларды жақсы көремін», - деген екен. Осы бір ғажап елшінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ерген момын-мұсылмандар ғасырдан ғасырға жалғап ол кісінің туылған күнін атап өтуде. Өйткені Алланың ақырғы елшісі «Үмметім, үмметім» - деп соңғы демі шыққанша өзін емес үмметін уайымдап, сағынып өткен еді. Біз де пайғамбарымызды сағынамыз, салауаттар айтамыз, сәлемдер жолдаймыз. Қияметке шейін осылай жалғасады.
«Кім маған ең көп салауат айтса, қияметте маған ең жақын болады», - деген хадиске амал етіп, Мұхамметке (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айтуда жарысайық ағайын! Алла Тағала әрбір шаңыраққа, әрбір отбасыға, елімізге берекеті мен тыныштығын нәсіп етсін! Айдан айға, жылдан жылға иманның кәмілдігінде,деннің саулығында жете берейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин!
Ғ. Қонақбаев
Жуалы аудандық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінің бас имамы