Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлының арнайы шақыртуымен аудандық Мәдениет үйінде «Мейірімділік елшісі Мұхаммед ﷺ» атты рухани мәуліт кеші өтті.
Кешке Жамбыл облысы орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлы қатысып, жиналған халықты Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірінен уағыз айтты. Мәуліт кешіне Меркі ауданы тұрғындары және зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, мешіт жамағаты мен имамдар қатысты.
Мәулітке арналған мерекелік шарада «Өнер қырандары» театры ұжымы сахналық қойылымдар қойып, халыққа рухани өнеге сыйлап т.б. мәнді дүниелер баяндады. «Өнер қырандары» театры осы жобасы арқылы Мәуліт айында асыл дініміз Исламның рухани құндылықтарын, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеп келеді. Сонымен қатар, әнші Қанатбек Полатбек иләһи әндер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.
Рухани кеште көрермендерге «Намаз оқып үйренейік» және «Мінсіз Мұхаммед» атты кітаптар тегін таратылды. Рухани кеш соңында халық ақсақалдары мен ақжаулықты аналарымыз «Өнер қырандары» театр ұжымына алғыстарын білдіріп, баталарын берді.
Азамат Берікұлы кеш қонақтарына арнайы дастархан жайдырып, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлына, «Өнер қырандары» ұжымының басшысы Мадияр Серікбаевқа және ұжым құрамына арнайы алғысын білдірді.
Шараның басты мақсаты – пайғамбарымызға (с.а.с) салауат айтып, оның асыл қасиеттерін дәріптеп, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу болып табылады.
Мәуліт айы - екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айы. Мәуліт айын мерекелеу арқылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін болашақ ұрпаққа насихаттап, Ислам дінінің қадір-қасиетін түсіндіруде маңызы зор.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі