1-ші қазан Халықаралық Қарттар күні! Қазақ – қашанда үлкенді құрметтеп, «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп қариясын қадірлеген халық. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп білеміз.
Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі құтты болсын! Осы орайда, Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы «Әл-Кәрим» мешітінде өткен жиында ата-апаларымызды құттықтап, ақ жаулықты аналарымызға сыйлық табысталды.
Ауыл жастары бірігіп, ортадан қаражат шығарып ауылдағы жасы үлкен 12 апамызға Өнер қырандарының жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан «Мәуліт кеші» атты бағдарламасына билеттер табыстады. Және ауыл жастары апаларымыздың Мәуліт кешіне еш қиындықсыз, емін-еркін барып келулері үшін көліктермен өздері апарып, алып келетін болды.
Алла Тағала ата-апаларымыздың ғұмыр жасын ұзақ қылып, ата-апаларымыздың қызметінде болып, разылықтарын осы дүниеде алуды баршамызға нәсіп етсін!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі