Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы «Әл-Кәрим» мешітінде Мәуліт күніне орай ақ дастархан жайылды. Аудан имамы Азамат Берікұлы жиынды Алла Тағалаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен бастады. Артынша Мәуліт жыры оқылып, дұға жасалды.
Аудан имамы: «Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағынаны білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам - Мәуліт мерекесі жыл сайын елімізде кеңінен аталып өтіледі.
Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят)» - деп, жиылған жамағатқа қасиетті Мәуліттің маңызын айтып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Дастархан басында ауданға қарасты мешіт имамдары Мәуліттің шығу тарихынан бастап, пайғамбарымыздың (с. ғ.с) өнегелі өмірі, көркем мінезі жайлы тағылымды әңгімелер, имандылық, дінаралық татулық пен бірлік туралы уағыз айтты.
Жиын соңында, ауыл ақсақалдары келген имам-молдаларға, қонақтарға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Соңынан Құран оқылып еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы үшін дұға жасалып тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі