Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев мешітке келіп неке қидырушы жас отбасыларды жинап, «Ізгі қоғам» бағыты аясында «Неке бақыты» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге 3 жұп отбасы қатысып, ақ некенің артықшылығы жайлы пайдалы мағлұмат алды.
Ауданның бас имамы кездесуде: «Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», - делінген.
Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Жұбайлар арасындағы отбасылық қарым-қатынас мәселесіне орай Алла Тағала: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», - деп әмір еткен, - деп аят-хадистерге тоқталды.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі