Қамшының сабындай қысқа да баянсыз бұл өмір үнемі қызық пен қуанышқа толы бола бермейтіні өтірік емес. Басына уайым-қайғы түскен адам Алла Тағаладан жұбаныш іздейтіні де рас. Қиын-қыстау кездерде Алла бізге қилы сынақтар жіберіп, сол сынақтарға сабырлық танытуға үндейді. Жаратушы адамның иманын сынаққа алып отырады, тек ең сабырлылар ғана Аллаға шынайы түрде берілгендігін дәлелдей алады деп айтқан Алла Тағала. Міне, осындай қиыншылықтарда қайыр бар.
Өмірдің қиыншылықтарына төзуден, сабырлық танытудан шаршап, қажыған жандар үшін бұл сынақтардың уақытша екенін естеріне түсіре кеткім келеді. Қиыншылық та, ауыртпашылық та – бәрі де артта қалады, тек Алланың сабырлық танытқандарға беретін сыйы ғана қалады. Өмірдің өзі тұнып тұрған сынақ қой. Алла Тағала біреуді байлықпен сынаса, біреуді жоқшылықпен сынайды, енді біреуді мықты денсаулықпен сынаса, бәз біреудің денсаулығын алып, сырқатпен сынайды, енді біреуге бала беріп сынаса, енді біреуді баласыз сынайды. Бәрі бір Алланың қолында. Біздің қолымыздан келетіні – қандай жағдайда болмасақ та Алла Тағалаға шүкіршілік білдіріп, Оның бізге берген сынағына сабырлық таныта білу. Әрине, айту оңай, алайда мәңгілік дүниеде бақытқа кенелгіміз келсе, неге сабырлық танытып, Алланың нәсіп еткен тағдырына иман келтірмеске?..
Қасиетті Құранда сабырлық танытып, Аллаға сенім артқандар үшін қандай сый болатыны жайында көптеген тамаша аяттар келтірілген:
«Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» [2:45].
«Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла (Т.) сабыр етушілермен бipгe» [2:153].
«Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе: “Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз” деді. Miнe соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мәрқамет бар. Әpi олар тура жолдағылар» [2:155-157].
«Әй мүміндер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар әрине құтыласыңдар» [3:200].
«(Мұхаммед Ғ.С.) сабыр ет. Расында Алла, жақсылық істеушілердің еңбегін жоймайды» [11:115].
«(Мұхаммед Ғ.С.) ендеше сабыр ет. Шын мәнінде Алланың уәдесі хақ. Ертелі-кеш күнәңның жарылқануын тіле. Раббыңды дәріптеп, мақта» [40:55].
«Бұл қасиет; сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады» [41:35].
«Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды!» [103:2-3].
Басымызға қандай қиыншылық пен ауыртпашылық түссе де, біз сабырлық танытып, уайым-қайғымызды Алланың теңіздей мейіріміне қалдырып, Аллаға тәуекел етіп, Жаратушының бізге жіберген кез-келген сынақтарына төтеп беріп әрі Алладан көмек тілеуіміз керек. Болып жатқан дүниелер біздің бақылауымыздан тыс және де біз олардың алдын ала алмайтындығымызды түсінгеніміз абзал. Мұның бәрі тек Алладан. Ал адам баласы басына түскен іске көнбеске шарасы жоқ. Біздің екі дүниедегі бақытымыз осындай қиыншылықтарды қалай қабылдап, қалай еңсере алатынымызға байланысты. Адам тек қана Аллаға тәуекел етіп, Оған үміт артып, істің байыбын күтетін болады.
Сабыр – нағыз мұсылманның ажырамас бір бөлігі, онсыз иман кемеліне жетпейді. Сабыр – исламның көрінісі, Алланың адам баласының маңдайына жазғанына сабырлық танытып, кез-келген жазмышқа бойұсынуы болып табылады. Міне, бұл нағыз тақуалықтың көрінісі.
Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан:
«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» [2:177].
Кез-келген қиындыққа Алланың рақымы жасырылған. Бір қиыншылыққа ұшырағанда былай айтыңыз: «Уа, Алла! Сенің жазмышың осындай, мен тек Саған ғана тәуекел етемін». Лә хаулә уа лә куата иллә билләһ. Сынақтан көз ашпай кетсеңіз «Әлхамдулиллә» деп, Алла сізге үлкен де берік иман және береке берсін деп дұға жасаңыз.
Сабырлық танытқан жанның алатын сыйының да зор екенін есіңізден шығармаңыз:
«Сабыр еткендіктерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы” (дейді)!» [13:24].
«Оларды сабыр еткендіктері үшін жұмақ және жібекпен сыйлайды. Олар, ол арада дивандарға жастанған түрде отырады. Олар онда ыстық та суық та көрмейді» [76:12-13].
«(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй иман келтірген құлдарым! Раббыларыңнан қорқыңдар! Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар. Алланың жері кең. Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады” деп айт» [39:10].
«Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз» [16:96].