Қорлық, қастандық және зұлымдық....

Қорлық, қастандық және зұлымдық....

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ертеңіне мүшриктер тағы да сол жерге жиналды. Өз араларында пайғамбарымызды жамандап әр нәрсе айта бастады. Сол кезде ол жерге пайғамбарымыз келді. Ызасы келіп отырған мүшриктер Аллаһтың Сүйіктісін көре сала ортаға алып, бассалды. Іштеріндегі ең бедбахт болғаны Уқбә бин Муайт пайғамбарымыздың мүбәрәк жағасынан алып, мойнынан тұншыққанша буындырды. Сол заматта сол жерге келген хазіреті Әбу Бәкір: «Менің құдайым Аллаһ деген адамды өлтіресіңдер ме? Ол сендерге әлемдердің Раббысынан аят әкелді...» деп айқайлап, Расулуллаһты қорғау үшін араларына түсті. Мүшриктер пайғамбарымызды қойып, хазреті Әбу Бәкір Сыддыққа жабылып кетті. Оның мүбәрәк басынан жұдырықтап ұрып, тепкіге ала бастады. Утбә бин Рәбиа деген бедбахт хазіреті Әбу Бәкірдің мүбәрәк бетін аяқ киімімен ұрып, қан жоса етті. Оны адам танымайтындай халге жеткізді. Тәйм ұлдары келіп араша түспегенде өлгенше ұратын еді. Қауымдастары әлсіреп аяққа тұра алмайтындай жағдайға жеткен хазреті Әбу Бәкірді матаға салып үйіне алып барды. Хазреті Әбу Бәкірді үйіне тастап дереу Қағбаға оралып, мүшриктерге: «Егер Әбу Бәкір өлетін болса, ант етеміз, біз де Утбәні өлтіреміз» деп, хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне қайтып кетті.

Әбу Бәкір радиаллаһу анһ біраз уақыт есін жинай алмай жатты. Әкесі мен Тәйм ұлдары оны емдеп айығуына көп күш салды. Ол тек кешке қарай ғана есін жиа алды. Көздерін аша сала: «Расулуллаһ не істеп жатыр? Оның жағдайы қалай? Мүшриктер Оған тіл ұзатып, балағаттап еді» деуге шамасы келді. Қасындағылар хазреті Әбу Бәкірдің анасы Үммүл-Хайрға: «Сұрап көрші, бір нәрсе жеп, ішкісі келе ме екен?» деді. Әбу Бәкірдің радиаллаһу анһ еш тәбеті жоқ-тын, ешнәрсе ішіп-жегісі келмеді. Үйде адамдар азайғаннан кейін анасы хазреті Әбу Бәкірден: «Не ішесің? Не жейсің?» деп сұрады. Ол көздерін ашып: «Расулуллаһ не халде? Не істеп жатыр?» деді. Анасы: «Уаллаһи, досың туралы ешнәрсе білмеймін» деді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Хаттабтың қызы Үммү Жәмилге барып, Расулуллаһтың жағдайын содан сұрап көріңізші» деді. Үммү Жәмил радиаллаһу анһа хазіреті Омардың қарындасы болатын, ол мұсылмандықты қабылдаған еді. Үммүл-Хайр орнынан түрегеліп Үммү Жәмилдің үйіне кетті. Үммү Жәмилге: «Балам Әбу Бәкір сенен Мұхаммед алейһиссаламның жағдайын сұрап жатыр. Ол қандай халде екен?» деді. Үммү Жәмил: «Менің Мұхаммед алейһиссаламнан да, Әбу Бәкірден де ешқандай хабарым жоқ, қаласаңыз екеуміз бірге барып білейік» деді. Сөйтіп екеуі хазреті Әбу Бәкірдің жанына барды. Үммү Жәмил Әбу Бәкір Сыддықтың радиаллаһу анһ осындай ауыр жағдайда жатқанын көріп: «Сізге бұлай жасаған қауым – нағыз азғынның өзі! Аллаһу та’аладан тілейтінім, осы істегендерінің жазасын тартсын» деді. Хазіреті Әбу Бәкір Үммү Жәмилден: «Расулуллаһ не істеп жатыр? Халі қалай?» деп сұрады. Үммү Жәмил оған: «Мұнда анаңыз бар, айтқанымды естіп қояды» дегенінде хазіреті Әбу Бәкір: «Одан саған ешқандай зиян келмейді, сырыңды жаймайды» деді. Үммү Жәмил: «Расулуллаһ тірі, жағдайы жақсы» деді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Ол қазір қайда?» деп сұрады. Үммү Жәмил: «Әркамның үйінде» деп жауап берді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Уаллаһи, Расулуллаһты барып көрмейінше ешнәрсе жеп-ішпеймін» деді. Анасы: «Сен біраз күте тұр, адамдар ұйқыға кетіп, айнала саябырсысын» деді. Барлық адам жатып, тыныштық орнағаннан кейін хазіреті Әбу Бәкір анасымен Үммү Жәмилге сүйеніп, жайлап жүріп, Расулуллаһтың жанына барды. Оны құшақтап сүйді. Қасындағы мұсылман бауырларымен де құшақтасып көрісті. Хазіреті Әбу Бәкірдің радиаллаһу анһ бұл жағдайы пайғамбарымызды қатты қамықтырды. Хазіреті Әбу Бәкір: «Йа, Расулаллаһ! Ата-анам сізге құрбан болсын! Ол бұзақы адамға менің жүзімді осындай адам танымас жағдайға келтіргені үшін ғана ренжідім. Мына қасымдағы мені дүниеге әкелген анам – Сәлма. Оған дұға етуіңізді сұраймын. Аллаһу та’ала сіздің құрметіңізге оны тозақ отынан сақтайды деп үміттенемін» деп өтінішін білдірді. Расулуллаһ Сәлма ханымның мұсылман болуы үшін Аллаһу та’алаға дұға етті. Пайғамбарымыздың дұғасы қабыл болған еді. Осылайша Үммүл-Хайр да тура жолға қауышып, мұсылман болды және алғашқы мұсылмандардың қатарында болу мәртебесіне қауышты.

Пайғамбарымыздың үйі Әбу Ләхәб пен Уқбә бин Муайт деген екі қаныпезер мүшриктің үйлерінің арасында болатын. Олар әр мүмкіндік туған жағдайда пайғамбарымызды қорлауға тырысатын. Тіпті, түнде малдардың өлекселерін Расулуллаһтың есігінің алдына лақтыратын. Көкесі Әбу Ләхәб мұнымен шектелмей, көршісі Адыйдың үйінен Оған тас лақтырып қастандық жасайтын. Әйелі Үммү Жәмил де одан қалыспайтын, тікені бар ағаш бұтақтарын пайғамбарымыздың жүретін жолына әкеп тастайтын. Әбу Ләхәб бір күні әкелген қоқыстарын Расулуллаһтың есігінің алдына төгіп жатқанында оны хазіреті Хамза көріп қалып, жүгіріп барады да оны ұстап алып, әкелген қоқысын өзінің басына төгіп жібереді.

Әбу Ләхәб пен әйелінің осындай әрекеттерінен кейін олар туралы«Әбу Ләхәбтің қолдары құрысын, онсыз да құрыды...» деп басталатын Тәббәт сүресі түсті.

Әбу Ләхәбтің әйелі Үммү Жәмил өздері туралы сүре түскенін естіп, Расулуллаһты іздей бастады. Қағбада отырғанын сұрастырып біліп, қолына үлкен тас алып, сонда барды. Хазіреті Әбу Бәкір ол кезде пайғамбарымызбен сөйлесіп отырған болатын. Үммү Жәмилдің тас алып келе жатқанын көрген хазреті Әбу Бәкір: «Йа, Расулаллаһ! Үммү Жәмил келе жатыр. Ол өте жауыз әйел, Сізге бір зиян келтіре ме деп қорқамын. Бір қиянатқа душар болып қалмауыңыз үшін, бір паналау жерге өтсеңіз» деді. Расулуллаһ: «Ол мені көре алмайды» деді. Үммү Жәмил хазіреті Әбу Бәкірдің төбесінен төніп: «Ей, Әбу Бәкір! Тез айт, досың қайда? Мені және күйеуімді әжуалап, жазғырыпты. Ол ақын болса, мен де, күйеуім де ақынбыз. Мен де оны әжуалаймын. Біз оған қарсымыз, пайғамбарлығын қабылдамаймыз және дінін ұнатпаймыз. Ант етемін, егер Оны көретін болсам, басын мына таспен ұрамын...» деп жағымсыз сөздер айтты. Хазіреті Әбу Бәкір: «Ол ақын емес, ол сені әжуалаған жоқ» деген соң Үммү Жәмил кетіп қалды. Хазіреті Әбу Бәкір пайғамбарымызға қарап: «Йа, Расулаллаһ! Ол сізді көрген жоқ па?» деп сұрады. «Мені көрген жоқ. Аллаһу та’ала оның көзін мені көрмейтіндей қылып перделеді» деді.

Пайғамбарымыздың мүбәрәк қыздарынан хазіреті Үммү Гүлсім Әбу Ләхәбтің ұлдарынан Утәйбәмен, хазіреті Руқаййә Утбәмен атастырылып, әлі үйленбеген болатын. «Тәббәт» сүресі түскеннен кейін тозақтық Әбу Ләхәб, әйелі және Құрайштың көсемдері Утбә мен Утәйбәға: «Оның қыздарын алып, жүгін жеңілдеттіңдер. Енді қыздарымен ажырасып, Оны қиын жағдайға түсіріңдер. Сендерге Құрайштан қалаған қыздарыңды әперейік» деп ұсыныс жасады. Олар: «Жарайды, Оның қыздарына үйленбейміз» деп келісімдерін берді. Утәйбә одан да асыра сілтеп, пайғамбарымызға барып: «Ей, Мұхаммед! Мен сені және дініңді мойындамаймын. Қызыңды да алмаймын. Енді бір-бірімізді жек көретін боламыз! Бір-бірімізбен араласпаймыз...» деп жаман сөздер айтты. Сөйтіп, пайғамбарымызға ұмтылып, жағасына жабысып, балағат сөздер айтты. Көйлегін жыртты. Расулуллаһ: «Йа, Раббым! Мынаны жыртқыштарыңның біріне тап қыла гөр» деп кері дұға жасады. Утәйбә болған жәйттарды әкесіне барып айтқанда Әбу Ләхәб: «Мұхаммедтің балама жасаған дұғасынан қорқамын» деді.

Бірнеше күннен кейін Әбу Ләхәб баласы Утәйбәны сауда үшін Шамға жіберді. Ішінде Утәйбә болған керуен Зәрқа деген жерге қонуға тоқтайды. Керуен тоқтаған жерде бір арыстан айналып жүреді. Утәйбә оны көре сала: «Ойбай, ант етемін, Мұхаммедтің (алейһиссалам) қарғысы орындалды. Бұл арыстан мені жеп қояды. Мұхаммед өзі Меккеде болса да, менің өліміме себепші сол болады» деді. Арыстан біраздан кейін көзден ғайып болды. Жатар уақытта қасындағылар Утәйбәні биіктеу бір жерге жатқызды. Түнде арыстан тағы да келді. Ол керуендегілерді біртіндеп иіскеп, Утәйбәның жанына барды. Оның үстіне секіріп мініп қарнын жарып тастады, басына жабысып, адам шошитындай етіп тістеп, шаруасын бітірді. Утәйбә жан тапсырып жатып: «Мен сендерге Мұхаммед адамдардың ең шыншылы деген жоқ па едім?» деп айқайлап жатты. Баласын арыстан жарып тастағанын естігенде Әбу Ләхәб та: «Мен сендерге Мұхаммедтің қарғысынан қорқамын демеп пе едім?» деп жылады.

Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” адамзат баласын мәңгілік бақытқа шақырып, Аллаһу та’аланың бар екенін, бір екенін уағыздап, тозақта жанбаулары үшін тырысып жатқан еді. Ал мүшріктер болса «Ата-бабаларымыздың діні осы» деп, пұтқа табынуды жалғастырып жатты. Пайғамбарымыз оларды адамша өмір сүруге, абыройлы, қадірлі болуға, қадірсіздіктен құтылып жоғары дәрежелерге шақырды. Ал олар қырсықтықтарында табан тіреп, Расулуллаһқа қиянаттарын жалғастырды. Әбу Ләхәб қиянат етушілердің басында тұрды. Расулуллаһты үнемі аңдып, адамдарды Оны тыңдаудан бастартқызуға, олардың көңілдеріне күмән салуға тырысты. Адамдар жиналған жерлерде, жәрмеңкелерде пайғамбарымыз: «Ей, адамдар! Лә илаһә иллаллаһ десеңдер құтыласыңдар» дегенде Әбу Ләхәб артынан келіп: «Ей, адамдар! Бұл сөйлеп тұрған – менің інімнің баласы. Оның сөзіне сенуші болмаңдар! Одан аулақ болыңдар!» дейтін.

Мұхаммед алейһиссалам бір күні Қағбада намаз оқып отыр еді. Құрайштың алдыңғы қатарлылары - Әбу Жәһл, Шәйба бин Рәбиа, Утбә бин Рәбиа және Уқбә бин Әбу Муайт бастаған бір топ мүшрик пайғамбарымызға жақын бір жерге барып отырды. Сол жерде бір күн бұрын сойылған түйенің ішек-қарны мен қалдықтары жатқан болатын. Қара ниетті Әбу Жәһл: «Кім мына түйенің ішек-қарнын алып, Мұхаммед сәждеге барған кезде иығына тастайды» деп жиіркенішті ұсыныс айтты. Сол жердегілердің ішіндегі ең залымы, ең мейірімсізі, ең бедбахты болған Уқбә бин Әбу Муайт: «Мен істеймін» деп орнынан тұрды. Ішек-қарынды ішіндегілерімен қоса пайғамбарымыз сәждеге барған кезде мүбәрәк иығына тастап жіберді. Мұны көріп отырған мүшриктер қарқылдап күле бастады. Пайғамбарымыз сәждесін созып, мүбәрәк басын көтермеді. Сол кезде сахабалардан Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) мұны көрді. Ол бұл туралы былай дейді: «Расулуллаһтың бұл жағдайын көргенде ашудан қаным басыма шапшыды. Бірақ менің мүшриктерден қорғайтын қауымым жоқ еді. Ешкімім жоқ еді, әлсіз едім. Ол кезде мүшриктерге қарсы тіпті сөйлеуге де күшім жоқ еді. Пайғамбарымыздың халіне күйінішпен қарап тұрдым. Әттең сол кезде менің мүшриктерден қорғанатын күшім (адамдарым) болғанда, Расулуллаһтың мүбәрәк иығына тастағандарын алып тастар едім. Мен солай қарап тұрғанымда Расулуллаһтың қызы хазіреті Фатимаға хабар жетті. Ол кезде Фатима (радиаллаһу анһа) кішкентай болатын. Жүгіріп келді де әкесінің үстіндегілерді алып тастады. Мұны жасағандарға қарғыс айтты, ауыр сөздер айтты. Пайғамбарымыз еш нәрсе болмағандай намазын оқып бітіргеннен кейін үш рет: «Аллаһым! Құрайштың мына тобын Саған тапсырамын. Аллаһым! Әбу Жәһл Амр бин Хишамды Саған тапсырамын. Аллаһым! Уқбә бин Рәбианы Саған тапсырамын. Аллаһым! Шәйба бин Рәбианы Саған тапсырамын. Аллаһым! Уқбә бин Муайтты Саған тапсырамын. Аллаһым! Уәлид бин Утбәні Саған тапсырамын. Аллаһым! Умәййә бин Халәфті Саған тапсырамын. Аллаһым! Умарә бин Уәлидті Саған тапсырамын» деді. Бұл бед-дұғаны естіген мүшриктер күлкілерін тоқтатып, қорқа бастады. Өйткені, Бәйтуллаһта жасалған дұғаның қабыл болатынына барлығы сенетін еді. Пайғамбарымыз Әбу Жәһлге: «Уаллаһи, я сен бұдан бас тартасың, яки Аллаһу та’ала басыңа бір пәлекет жібереді» деді. Аллаһу та’алаға ант етемін, Расулуллаһ аттарын атап айтқан бұл адамдардың барлығының Бәдір соғысында өлтірілгенін, ыстықта сасыған өліктертерінің Бәдір шұңқырына тасталғанын көрдім».

Бір күні Әбу Жәһл Бәйтуллаһта Құрайш мүшриктеріне: «Ей, Құрайш қауымы! Мұхаммедтің дінімізді айыптап, пұттарымыз бен оларға табынған ата-бабаларымызға тіл тигізуін, бізге ақымақ деп қарауын тоқтатпай жүргенін көріп жүрсіңдер. Алдарыңда тұрып ант етіп айтамын, ертең өзім зорға көтеретін ауыр тасты апарып, ол намаз оқып жатқанда басына тастаймын. Содан кейін мені Абдулмутталиб ұлдарынан қаласаңдар қорғаңдар, қаламасаңдар қорғамаңдар, өздерің білесіңдер. Оны өлтіргеннен кейін туыстары маған қалағанын істесін...» деді. Оны тыңдап тұрған мүшриктер: «Ант етеміз, біз сені қорғаймыз және ешкімге де бермейміз. Сен оны өлтірсең болды» деп арандатты. Ертесіне таңертең Әбу Жәһл қолына үлкен тас алып, Қағбаға келді. Мүшриктердің қасына отырып Расулуллаһты күте бастады. Сүйікті пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм күндегісінше Бәйтуллаһқа келіп, намазын оқи бастады. Әбу Жәһл орнынан тұрып, әкелген үлкен тасын қолына алып Расулуллаһқа қарап жүрді. Мүшриктердің барлығы не болады екен деп қызыға қарап отырды. Әбу Жәһ расулуллаһтың қасына жақындаған кезде кенеттен дірілдей бастады. Қолындағы тасы жерге түсіп кетті. Беті күл түтеніп, үлкен үреймен кері шегінді. Мүшриктер таңданыспен Әбу Жәһлдің қасына барып: «Ей Амр бин Хишам! Саған не болды?» деп сұрады. Әбу Жәһл: «Оны өлтірейін деп қолымды көтере бергенімде алдымнан бір құтырған түйе шықты. Ант етемін, өмірімде ондай үлкен сирақты, өткір тісті алып түйе көрген де, естіген де емеспін. Егер тағы сәл жақындасам ол мені өлтірер еді» деді.

Тағы бір күні Әбу Жәһл мүшриктерді жинап: «Абдуллаһтың жетімі осы жерде намаз оқып, бетін жерге сүрмей ме?» деп сұрады. Олар «Иә» деп жауап қайтарды. Осы жауапты күтіп тұрған Әбу Жәһл: «Егер Оның солай еткенін көрсем, басын аяғыммен еземін» деді. Бірде пайғамбарымыз Қағбада намазда тұр еді. Әбу Жәһл де жолдастарымен бірге отырған болатын. Орнынан тұрып, Расулуллаһқа қарай жүрді. Оған жақындап қалған кезінде бірден қолымен бетін сипап қаша бастады. Мүшриктер оның қасына барып: «Не болды?» деп сұрағанда Әбу Жәһл «Арамызда бір от құдығы пайда болды. Бір адамдардың маған ұмтылып келе жатқанын көріп кері қаштым» деп жауап берді.

Уәлид бин Муғира, Әбу Жәһл, Амр бин Хишам, Әсуәд бин Мутталиб, Умәййә бин Халәф, Әсуед бин Абдуяғуәс, Ас бин Уаил, Харис бин Қайс сияқты мүшриктердің алдыңғы қатарлары пайғамбарымызды көрген кезде: «Мына бейшара да өзін  пайғамбармын деп жүр-ау. Жәбрейіл де адам құрығандай соған келеді екен...» деп мазақ ететін. Сондай күндердің бірінде Расулуллаһ тағы ренжіген болатын. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам көрініс беріп, кейбір аяттарды әкелді. Мағынасы: «Ант болсын, (ей Расулым!) Сенен бұрын жіберілген пайғамбарлар да мұқатылды. Пайғамбарларды мұқатып, мазақ еткендерге бұл қылықтарына жаза ретінде оларды бәле мен азап жан-жақтан қоршап алды» («Әнам» сүресі, 10). «Шындығында біз сені мазақ еткендер үшін жеткіліктіміз. Олар Аллаһу та’аламен бірге басқаларды да тәңір деп білді. Олар жақында (бастарына келетін азаптарды) білетін болады. Олардың сөздеріне (серік қосуларына, Құран кәрімге тіл тигізулеріне және саған айтқан мазақ сөздеріне) өкпең тарылып, жаныңның қысылатынын анығында біліп тұрмыз» («Хижр» сүресі, 95-97)

Пайғамбарымыз бір күні Қағбаны тауап етіп жүргенде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Мен олардың (мазақ еткендердің) жазасын беруге бұйрық алдым» деді. Біраздан соң олардың қастарынан Уәлид бин Муғира өтті. Жәбрейіл алейһиссалам: «Мына өткен қандай адам?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ол Аллаһу та’аланың ең жаман құлдарының бірі»деді. Жәбрейіл алейһиссалам Уәлидтің аяғын көрсетіп, «Жазаңды бердім» деді. Біраздан кейін Ас бин Уәил өтті. Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтан ол туралы да сұрап дәл сондай жауап алған соң, оның ішін көрсетіп: «Бұл да бәлесін тапты» деді.  Әсуәд бин Мутталиб өткенде саусағымен көзіне, Абдуяғуәсті көргенде оның басына нұсқады. Харис бин Қайс өткенде қарнына нұсқады да: «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам)! Аллаһу та’ала олардың жамандығынан сені құтқарды. Жақында бұлардың барлығы бір апатқа ұшырайды» деді. Олардың ішінде Ас бин Уәилдің аяғына тікен кіріп, қандай ем жасаса да емдеп жаза алмады. Ақырында аяғы түйенің мойнындай болып ісіп «Мұхаммедтің Аллаһы мені өлтірді» деп айқайлап жатып жан тапсырды. Әсуәд бин Мутталибтің көздері соқыр болып қалды. Жәбрейіл алейһиссалам оның басын ағашқа соқтырып, өлтірді. Әсуәд бин Абдуяғуәс «Бады сәмум» деген жерде жүргенде кеудесі мен беті қап-қара болып кетті. Үйіне келгенде ешкім танымай қуып шықты. Ашуланып басын есікке ұра-ұра өлді. Харис бин Қайс тұзды балық жеген болатын. Ыстығы көтеріліп, қанша су ішсе де шөлі қанбады. Ақырында су іше-іше қарны жарылып өлді. Уәлид бин Муғираның балтырына темір паршасы кіріп, жарасы жазылмай, көп қан жоғалтты. «Мұхаммедтің Аллаһы мені өлтірді» деп айқайлап жатып жан тапсырды. Осылайша барлығы жасаған істерінің жазасын алған болды. Бұдан бөлек мүшриктердің мәңгі тозақта қалатыны аяттармен білдірілді.

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм бір күні Хакем бин Әбул Асқа жолығысады. Қасынан өтіп кеткеннен кейін Хакем пайғамбарымызды артынан аузы-мұрнын қисайтып, әр-түрлі қылықтар жасап мазақтады. Расулуллаһ оның істегендерін пайғамбарлық нұрымен көріп, солай болып қалуы үшін дұға еткенде, Хакем бір сілкініп өмірінің соңына дейін аузы-мұрны қисайып, денесі ойнаған күйі қалды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: