Баламды медресеге біл деп бердім.

Баламды медресеге біл деп бердім.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халыққа кеңінен танымал қазақтың атақты жазушысы, әрі кемеңгер ғалымы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе», деген дұғалы сөзі мен қазақтың «Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы», - деген секілді аталы сөздер қаншалықты дұрыс айтылған десеңізші. Иә, келешегіміз жарқын әрі баянды болсын десек, балаларымызды, жас жеткіншектерімізді діни-рухани жағынан тәрбиелеуге қатты көңіл бөлгеніміз жөн. Қазіргі таңда Қазақстанда діни тұрғыда тәрбие беру мәселесі бір жүйеге қойылмағанды қынжылтады. Жас өспірім жеткіншектер балабақшада және мектеп табалдырығында діни тұрғыдағы тәлім-тәрбиеден қағылуда. Жас бала жастайынан біліммен қоса діни тәрбиені де бірге алып өспесе, өскенде мүмкін ғалым болар, бірақ өзіне, еліне, халқына пайдасы тиетін жақсы азамат болуы біраз күман туғызады.

 

 Атам қазақ ежелден Исламдық тұрғыда білім беретін мектеп-медреселерде тәлім-тәрбие алып өскен, соның бірі әрі бірегейі - Хәкім Абай атамыз. Мына өзіміздің Талас ауданы Бөлтірік шешен ауылында «Әбу Бәкір» мешітінің жанынан ашылған «Хатымхана» медресесінде бір айлық сауат ашу курсында қаншама қыз-балалар оқып жатыр, оларға қуанышымыз шексіз. Жаздық лагерде қаншама балалар діни іліммен сусындап жатыр, ата-аналары да қунышты. Балалар үшін жарыс ұйымдастырылып, басты орынға велосипед ұсынылды. Басқа да бірінші, екінші және үшінші орындарға да сыйлықтар табыс етілді. Бұл сыйлықтар демеушілік тарапынан беріліп отыр.

 

Ол кісілерге Алла разы болсын дейік. Оқушылардың ынталары, ілімге деген қызығушылығы өте жақсы. Тіптен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянын сұрағанда, үтір-нүктесіне дейін айтып береді. Балалар арасында құран жаттағандары да жетерлік. Олардан сынақ алдық. Әрқайсысы сол сынақтан сүрінбей өтіп жатыр. Тіптен алғашқы мектепке дейінгі сыныпқа барған, яғни 5-6 жасар балалар мен қыздар да бар. Сұрықтарға олар да жауап беріп жатыр.

 

Бұларды үйреткен ұстаздарға қаншама сауап келіп жатыр десеңші, шіркін... Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) «Сіздердің ең қайырлыларыңыз Құранды үйреніп және басқаларға да үйреткендеріңіз» - деген емес пе?! Дана халқымызда «Не ексең, соны орасың» дегені тағы бар. Ұстаздардың айтуынша, шәкірттердің ешбіреуі сабаққа келмей қалу дегенді білмейді екен. Медресе ұстаздары биыл үшінші рет шәкірттеріне ілім үйретіп жіберіп отыр. Ата-аналарына да мың да бір рахмет, балаларын ілім үйренуіне жол ашқаны үшін.

 

Ол ата-аналар да балаларын атақ абырой үшін емес, Ислам дінінің кәусарымен сусындап, көкірек көзі ашылсын деп жіберіп отыр. Абай атамыздың бір өлеңінде: «Адамның бір қызығы бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,-деп жырлағанындай-ақ, бүгінде сондай мақсатта медресеге ұлдарын жіберуші ата-аналарды көріп, Аллаға шүкір дейсің. Алла тағала лайым иманды да салиқалы ұрпағымызды арттырсын!

 

 

Талас аудандық «Қаратау»

мешітінің найб имамы

Оразбаев Акбар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: