АЛЛАҺТЫ ТАНУҒА АСЫҒАЙЫҚ.

АЛЛАҺТЫ ТАНУҒА АСЫҒАЙЫҚ.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим
«Ат тұяғын тай басады». Тегін сөз емес, текті сөз. Демек, бала болашағымыз. Бұл сөз әне соны баданалап тұр. Ал, ендеше, болашағын ойламайтын халық болушы ма еді? Жоқ! Себебі, болашағын ойламайтын халық ғұмырсыз халық. Қазақ ежелден-ақ, «Баланы жастан тәрбиеле» деді. Тәрбиелеп те келді. Бірақ ортадағы ұзаққа созылған үзіліс тәрбие бағытымызды басқа жаққа бұрып жіберді. Ең-әуелі, адам жанының, ділінің алтын діңгегі саналатын дінімізді сүюден, танудан амалсыз қол үздік. Бұл біздің ұрпағымызды ештеңеден именбейтін, тартынбайтын тас жүрек, аспан асты «Бір меншіл» етіп жіберді.


«Тас жүрекке Құдай әсте салмас назар,» деп Құл Қожа Ахмет Иассауи бабамыз айтпақшы, менмен, Құдайсыз болып өскен ұрпақтың Ұлы Жаратушы Аллаһты тану түгілі, өзін тапқан, баққан-қаққан әке-шешесін тануы екі талай. Ондай бейбақты қазақ «тексіз» дейді. Сөз қадырін білетін кісіге қазақта тексізден ауыр сөз жоқ.
Адам баласының хайуаннан айырмашылғы қ

айсы? Жауап: - Кемелденген ақыл-парасаты, ұят-намысы, таза танымы. Өзін, ақыл-парасатын күзетіп, ұят-намысын, нәпсісін тежемегеннің жанына, рухына иман нұры сіңбейді. Ал, рухына иман нұры сіңбегеннің қолынан сұмдық атаулының келмейтіні жоқ. Қазақ, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп әне сондайларды айтқан. Ондай танымсыздықтан, тамырсыздықтан, Жаратушы Жалғыз Иені танымаудан сол Ұлық болған Аллаһтың Өзі сақтасын! Олай дейтініміз, Қасиетті Құран Кәрімнің Ағраф сүресі 186-аятында: «Аллаһ қаңғыртқан адамды ешкім де оңдай алмайды» деп жазылған. Дана Абай:


Аллаһтың Өзі де рас,
Сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас!
- деді. Аллаһ ұғымы жалған (Астағбир Аллаһ) болса, дана Абай бұлайша қадап айтпас та еді-ау. Абай және:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй,


Ол - Аллаһты жаннан тәтті!
- деді. Біздің ұғымымызша жаннан тәтті дәнеңе болмауға тиіс. Ал, Абайдың ұғымынша Ұлық болған Аллаһ жаннан да тәтті! Дұрысы осы! Өйткені, тәтті жанды беретін де, алатын да Аллаһ. Ендеше, біздің барлық махаббатымыз, сүйіспеншілігіміз Сол - жаннан да тәтті болған Аллаһқа ғана арналуға керек. Бұл ақиқатты Құл Қожа Ахмет Яссауи бабамыз:
Аллаһтың ақ дидары үшін болмаса жаның құрбан,
Адамдайсың құр босқа алдамшы сағым қуған.
- деп растаса, марғасқамыз Мұқағали:
Құрбан болсын Құдайым үшін жаның!


- деп қорытындылайды. Өсиеттейді. Міне, осындай даналар мойындап, танып, сиынып келген Ұлық Аллаһты, Аллаһ ақиқатын біз неге тануға құлшынбаймыз? Неге танымаймыз? Оның - Ұлық Аллаһтың жолына басты неге бәй тікпейміз? Хақ Пайғамбарымыздан (сғс) жеткен Құдис хадисте Аллаһ: «Құлым маған сүйемдей жақындаса, Мен құлыма қарыстай жақындаймын. Құлым маған қарыстай жақындаса, Мен құлыма шынтақтай жақындаймын. Құлым маған шынтақтай жақындаса, Мен құлыма құлаштай жақындаймын. Құлым Маған қарай бір адым аттаса, Мен құлыма қарай жүгіремін» деген.


Топырағымызда, Құдайға шүкір, Құдайсыздық идеясының туы жығылды. Заманы ақырласты. Енді оның беті бері қарамай-ақ қойсын. Демек, енді біз тезірек ес жинап, ұрпағымызды Ұлылыққа - Аллаһқа, имани ілімге үндестіруіміз керек.


Діні жоқтың - ділі жоқ. Ділі жоқтың Аллаһы - ақиқаты жоқ деген сөз. Ал, Аллаһқа - сенімі жоқ ұрпақтың болашағы тіпті де болмақ емес. «Жаратылыс тегіміз маймыл (орангутон)» немесе «Дүние жоқтан бар болмайды, бардан жоқ болмайды» деп, ақ қағаздай кіршіксіз таза ұрпағымызды Жалғыз Жаратушы Хақ Аллаһқа қарсы қойып, Оның қаһарына енді ұшырата беруіміздің көз емес, көкірек соқырлық екендігін әбден сезіп-біліп, түсінетін кезіміз жетті-ау осы. Бұл туралы Құранда: «Негізінен көздер соқыр емес, көкіректегі көңіл көзі соқыр» (Хаж сүресі, 46-аят) делінген.


«Бабамыз» деп жүрген маймылдың қайдан келгендігі жайлы мына оқиғаға назар аударарлықшы. Аллаһ тағаланың нәбиі Мұсаның (ғс) тәлімі бойынша, әр аптаның бір күні, яғни жұма күні жұрт жұмыстарын тоқтатып, Аллаһқа мінәжат етеді. Кейін олар сенбі күнді таңдайды. Мұсаның (ғс) ұсынысы арқылы Хақ Аллаһ тарапынан келісіледі. Сөйтіп олар Дәуіт (ғс) тұсында да Құдайға құлшылығын осы сенбі күні жалғастыра береді.


Сол тұста Қалзамның (Қаратеңіздің) жағасында бәни Исрайыл (12 ата исрайылдың бір атасы) ұрпақтары мекендейтін Ағила деген қыстақ болған. Қыстақ жанында теңіз келіп тірелетін үлкен екі тау болыпты. Киттер тек сенбі күні ғана үйір-үйірімен осы тау тастарына жүзіп келіп, қауып-қатарден қорықпастан асыр салады екен. Түн жарымы ауа бере шүңетке қайтып кетіп отырады екен. Бұл енді Илаһи хикмет. Сынақ.


Күндердің-күнінде бұл қыстақтағы дінге сенбейтін тұрлаусыздар нәпсіге беріліп, Пайғамбар тәлімдерін қаперге алмай, шариғат үкіміне қайшы келіп, нәпсі қалаулары бойынша балық аулауды әдеттеріне айналдырады. Балық аулап байыған жүгенсіздер мейлінше масаттанып, есіріп, әбден ардан безеді. Тағаты таусылған Дәуіт (ғс) Аллаһ тағаладан оларды жазалауды өтінеді. Хақ тағала оның тілегін қабыл етеді... Бұл оқиғаның қорытындысы ретінде Құран Кәрімде: «Араларыңдағы сенбі күні «Балық ауламау» жөніндегі шариғат шегінен шыққандарды сөзсіз білесіңдер. Біз оларға: «Маймыл болып қор болыңдар» деген едік » (Бақара сүресі, 65-аят) делінген. Демек, Абай айтпақшы: Құран - рас, Аллаһтың сөзі дүр ол!


Абайды Аллаһтың ұлықтығы арқылы дәлелдеудің орнына, Ұлық Аллаһты Абай арқылы дәлелдеуіміз қаншалықты әбестік, күнә екенін сезінсекте, Абайды Аллаһтан гөрі ақиқатқа балайтын сәби халқымызға осылай істемеске шарасызбыз. Бұл күнәмізді шексіз кешірімді болған Аллаһ Өзі кешірсін?!


Беньямин Констан: «Дін адамзат тарихында, рухында ең маңызды рөл ойнайтыны ақиқат. Дін өмірдің өшпейтін, бөлінбейтін бөлігі. Адам қабылеттері оянған кезде, ақылға дін өркен жаймауы мүмкін емес» десе, А. Эйнштейн: «Дінсіз ғылым көр, ғылымсыз дін ақсақ», дейді. Ал, қасиетті Құран Кәрімде Аллаһ: «Құран күллі жаһам халқына үгіт-нәсихат» (?) немесе «Бұл Құран сөзсіз ең тура жолға бастайды» (Исра сүресі, 9-аят) деді.


Ендеше, біз ұрпақтарымызды қай бағытта тәрбиелеп отырмыз? Бұрынғы шарасыздық болды. Ендігіміз ше? Ел болғалы да он жылдан асты. Аз уақыт емес. (Ауыр да болса айтайын). Ақыл-санамыздың артта қалғаны сонша, игілікті іске қарай ізденуге баспаймыз. Білген, ойлаған кісіге топырағымызда мешіт қалдырмаған Кеңес өкіметі өз ұлтының шіркеулерін сақтап қалғанынан-ақ талай сырдың басы ашылмай ма?..


Дін көбінде еркіндікті тежейді деп түсінеміз. Бұл ең ұшқары көзқарас. Еркіндік ауызға келегнді көку, ойға алғанды істеу, киімді қалай болса солай киіну, жалаңаш-жалпылы жүру, ұрып-соғу, ұрлық істеу, партия-топқа бөліну, не істесе де әйтеуір бай болу болмаса керек. Бұл шынайы түсінген адамға еркіндік емес, қараулықтың қақ басы. Қасиетсіздіктің қайнар көзі әрі ертеңі бұлдыр ессіздік болмақ.


Ислам дінідегі ең шынайы еркіндік - нәпсі талабынан түбегейлі бас тарту. Азаттану. Кіршіксіздену. Иман нұрымен нұрланып өмір сүру.


Кешегі өткен бабаларымыз: «Барға қанағат. Қанағатты қарын тойғызады. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деп, ұрпағын ашкөздіктен, тойымсыздықтан, сабырсыздықтан қалай тосқан? Бұл пайым тағы келіп олардың иман деңгейін, нәпсіқұмарсыздығын көрсетіп тұрған жоқ па? Әрине!
Әбузар Зинаб ибн Жинада: «Аллаһ тағала қандай құлдарын ардақтайды?» деп сұрағанда, Хақ Пайғамбарымыз (сғс): «Бас еркіндігін бағалай білген һәм өз бағасын білетін құлдарын» деп жауап бергенін жазып қалдырған. Демек, шынайы бас еркіндігі - шариғат тиғанынан тиылып, «Істе» дегенін істеген, Аллаһ ақиқатын таныған адал жүректі, шыншыл мүминде ғана болады.
Дүниеге ынтық,


Мақшарға аламсыздың,
Иманын түгел деуге аузым бармас.
- деп, Абай айтпақшы, дүниеқор, Бұ дүниені ғана өмір, О дүниені біржолата құрып-жоғалу деп білетін құдайсызда шынайы еркіндік болмақ емес.
Қазақ күні кешеге дейін салқын жайлауда салдық құрып, сабат та саф ауа жұтып, алаштың алажібін атамай, мұңсыз моральмен өмір сүрсе, ол - оның еркіндігі. Шынайы имани еркіндігі еді.
Алтай мен Атырау аралығындағы ақжайық - кең мекенді Ұлық болған Аллаһ қазаққа, әне сол адалдығына, кең пейліне, асылықсыз, кіршіксіз Өзіне сеніміне сыйлағаны еді. Құранда: « Ақиқатында Аллаһ тәубе етушілерді ұнатады» (Бақара сүресі, 222-аят) деп жазылған. Енді, біз білетін ата-бабаларымыздың екі сөзінің бірі «Тәубе» екендігін еске түсірелікші. Қандай ғана тәубешіл ел едік?! «Адамнан сұрағанның екі көзі, Аллаһтан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп Жаратушы Жалғыз Иені шынайы өз биігінде танығанынан айтқан қазақ бұл мақалды.


Біз соңғы, Аллаһты Маркс ұмыттырған заманда, «Осы байтақты бағымызға нәсіп еткен Ұлы Аллаһқа шексіз алғыс дегеннің орнына, білектің (қара күш. Қара күшпен ешқашан да билік, теңдік орнамаған. Теңдікті де, бәрі-бәрін де Хақ береді, ағайын)) күшімен, найзаның ұшымен қорғай алған бабаларға мың алғыс» деп ойланбастан айта береміз. Бұл мүлде қате пайым. Хақ Аллаһ алдында шексіз күпіршілік. Өзімізді-өзіміз алдарқату. Шындыққа көзді жұмып қарау ғана. Болмаса, шырқымызды алған Шыңғыс жорықтарын айтпай-ақ, күні кеше қыбыр етуге мұрсамызды келтірмей қылғып салған қызылдардың қыш табанынан ҚҰДАЙ құтқармаса, бізді кім азаттыққа алып келді?! Және де ақылымыздың күшімен, автоматтарымыздың сұсымен алдық па бұл тәуелсіздікті?..


- Өздігінен келді!..
- Өздігінен?.. Бұл не деген ділгірлік? Не деген танымсыздық?
- Құдай жоқ! Мұның бәрі табиғаттың ісі...
- Мәссаған. Оқыңыз. Қайталап оқыңыз:
Аллаһтың Өзі де рас!
Сөзі де рас!


Рас сөз еш уақытта жалған болмас! (Абай)
Сабыр, сабыр халқым! Ойланайықшы, қане, Аллаһ бар!! Барлық ғаламды жаратып, басқарып тұрған Сол - Хақ Аллаһтың дәл Өзі. Барша ғаламның, тіпті сенің өзіңнің бар болуыңның өзі Оның барлығының, Хақтығының, бар етуші Ол ғана екендігінің айғағы емес пе! Ол тіпті, бар болмақ түгілі, «Күллі іс шынында Аллаһтың еркінде» Құран (Әл-Ғимран сүресі, 154-аят)!
Ендеше, Хаққа, Хақ Аллаһқа қарата тезірек бетімізді бұралық. Хақты танымай қасарысқан қаншама залым қауымды (ұлтты) қайыра жасамастай етіп жоқ қылған, хикмет иесі боған Хақ Аллаһтың Өзі тұғын. Һұд (ғс) қауымы адттың тағдырын, Нұх (ғс) дәуіріндегі «Топансуды» еске алыңыз... Аңыз десек алжасқанымыз. Аллаһты, ақиқатты тану, Оған құлшылық ету адам баласына әуел бастан қазақ тіліндегі жай ғана парыз емес, Құран тіліндегі Илаһи фарыз болған!
«Дін адам мінезін және табиғат заңдарын ретке келтіретін күш болып қала бермек» дейді Август Комт. Демек, біз шынайы діндар халық болудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл дегендік мектепті медресеге айналдырып, басымызға сәлде орап шыға келейік дегендік емес.


Ислам діні (хақ дін осы ғана) - ұлтымыздың болашақ идеологиясы. Естеріңізде болса, Елбасымыздың бір сөзінде осыны айтты. Қадап айтты. Сондықтан, Еліміздің мектептерінде дінтану (Ислам дінін) сабағын енгізудің шарт-жағдайы әбден пісіп-жетілді.
Бұл жөнінде қазақы салғырттық бізді - қазақты қашанда қапыда қалдыратындығын ескерткіміз келеді.


Дін - ғылымның анасы.
Дін - ғылымның әкесі.
Ғылым - діннің баласы.
Дін - ғылымның көкесі!
. . . . . . . . . . . . .


Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар!
- дейді Мұқағали. Бұл оның қазаққа «Хақ дініңе қайт та, Хақ ісінде берік бол! Құдай бар! «Құдай жоқ» дегеннің өзі жоқ. Оның (Аллаһтың) діні - Ислам - ғылым, ғылымның діні. Мәңгіліктің діні! Қазақтың Исламда болғаны - ғылымда болғаны. Қазақтың жүрегінде әуелі Аллаһқа сенімі, сосын Исламы болсын. Сөйтіп ғылым мен дінін қос қанат еткен қазақ Құдайына иман нұрымен нұрлап барсын» дегені.
Солай!

 

Құл-Керім қажы ЕЛЕМЕС

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (3)

Оқи отырыңыз: