«Сендерге елден шығып кеткен иманды
Икрима келеді. Оның әкесін сөкпеңдер.
Өлінің жамандығы тіріге кесепат әкеледі,
бірақ қаза болғандарға жетпейді.»
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің ақиқи тура жолына және ізгілікті амалға шақыруын бастаған кезде, Икриманың жасы отызға жетіп қалған еді. Ол құрайыштардың ішінде ең байы, бекзаты әрі атақтысы болатын. Ойлап қарасаң, егер әкесі болмағанда, Саад ибн Әбу Уаққас, Мусаб ибн Омар сияқты руластарынан және Меккенің басқа да ақсүйектерінен кейін Исламды қабылдауға тиіс еді.
Қалай ойлайсыздар оның әкесі кім болып еді? Әкесі Меккенің ең атақты палуаны, пұтқа табынушылардың басшыларының үстінен қарайтын көсемі, әрі шебер де қатыгез азаптаушы болатын. Аллаһ оның қатыкездігі арқылы иман келтіргендердің табандылығын тексеріп көрді, ал олар төзімділік танытып, дінге деген беріктігін дәлелдей білді... Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оның әкесіне Әбу Жәһл (надандықтың әкесі) деп ат бергенін айтсақ та жетеді. Әкесі осындай адам болды, ал баласын толық айтқанда - Икрима ибн Әбу Жәһл әл-Махзуми деп атайтын. Ол құрайштардың ішіндегі атақты батыры әрі ең шебер шабандозы-тын.
***
Әкесінің ықпалымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бітіспес дұшпаны болған Икрима ибн Әбу Жәһл әл-Махзуми, зұлымдықтарымен әкесін аса зор шаттыққа бөлей отырып, сахабалар мен мұсылмандарға тым ауыр азаптар көрсетті. Пұтқа табынушылардың әскеріне жетекшілік еткен Әбу Жәһл, Бадр соғысының алдында, Әл-Лат, Әл-Узза атты пұттарының атынан серт етіп, Меккеге тек мұсылмандар әскерін талқан етіп қайтамын деп уәде берді. Бадрге жеткенде, Әбу Жәһл, құрбандық шала отырып, арақ-шарабын ағыл-тегіл қылып, әнші-бишілерімен дуылдатып той өткізді. Соғыс кезінде Әбу Жәһл ұлы Икрима оның күш-қуаты әрі жазалаушы қолы болды. Бірақ тасан қашалған, ештеңе ести алмайтын әл-Лат пен әл-Узза Әбу Жәһлдің дұғасына тас кереңдік танытты.
Әбу Жәһл ұрыс алаңында ажал құшты. Денесін тесіп өткен мұсылман найзасының жарақатынан қансырап жатқан әкесін, баласы Икрима, өз көзімен көрді. Икрима, әкесінің ақтық сәтте ышқына шыққан жан айқайын өз құлағымен естіді.
***
Құрайштар көсемін Бадрда қалдырып, Икрима Меккеге қайтты. Әкесінің денесін Меккеге алып келіп жерлеуге, ойсырай жеңілу мүмкіндік бермеді. Ол әкесінің мәйітін мұсылмандарға тастап еріксіз қашуға мәжбүр болды. Мұсылмандар Әбу Жәһлдің денесін кеуіп қалған Құлайб құдығына тастап, үстін құммен бастырды.
***
Осы күннен бастап Икрима мен Исламның арасындағы қатынас шиеленісе түсіп, бітіспес бағытқа бет бұрды...
Алғашында ол, әкесінің айтуымен Исламды дұшпан көріп жүрсе, енді әкесінің өлімі үшін кектенді.
Ұрыста қаза тапқандардың жақындары өздерінше үгіт-насихат тобын құрып, Исламға және Хазреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарсы пұтқа табынушылардың жүректерінде қастандық пен өшпенділік жалынын лаулата түсті. Ал Икрима құрайштардың жан-дүниесіндегі шоқтанған кекті қоздырып үрлей білді. Ақыры бұл Ухуд шайқасына ұласты. Икрима ибн Әбу Жәһл Ухудқа қарай әскери жорықты өзі бастап шықты. Онымен бірге әйелі Умм Хакима мен соғыста ерлері өлген жесірлер де ере шықты. Олардың мақсаты соғыста жауынгерлердің қатарында тұрып, дауылпаздарын даңғырлатып, мәжусилердің әскери шабытын ойнатып, рухына дем беру еді. Сонымен бірге құрайштардың атты әскерлері соғыс кезінде қаша жөнелмеуі үшін әйелдер олардың сыртында тұруға тиісті болды.
***
Құрайш атты әскерінің оң қапталын Халид ибн Әл-Уәлид, ал сол жағын Икрима ибн Әбу Жәһл басқарды. Бұлар, сол замандағы мәжусилердің арасындағы ең бір айтулы шабандоз жауынгерлер еді. Сондықтан осы жағдаят құрайш әскерінің күштерін үстем етіп, шайқас нәтижесінде пұтқа табынушылардың пайдасына шешті. Осыған орай, Әбу-Суфиан: «Бұл Бадр соғысында сендерге кеткен кегіміздің есесі», - деген болатын.
***
Ор түбегіндегі шайқаста пұтқа табынушылардың ұзақ уақыт бойы Мәдинаны қыспаққа алып бөгеліп тұруы, Икрима Ибн Жәһлдің шыдамын түгескен болатын. Сондықтан ол ордың ең бір енсіз, өтуге оңтайлы жерін тауып, сол жерден атты әскерін бастап шауып өтпекке талпынды. Алайда бұл көзсіз әрекеттің нәтижесінде Икрима мен бірге екі-үш сарбазы ғана ордың арғы бетіне жетіп, ал кескілескен ұрыс кезінде Амру ибн Уудд әл-Амири қаза тапты...
***
Меккеліктер тізе бүккен Әл-Фатха күні құрайштар, Мұхаммедке (с.ғ.с.) және оның сахабаларына қарсы күресуге шамасы келмейтінін толық мойындады. Сондықтан қарсылығын тоқтатқан оларға Меккеге шегінуге мүмкіндік берілді. Өйткені, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) әскер басшыларына, тек қарсылық көрсеткендерді ғана тойтарып, жалпы Мекке халқына тиіспеуге бұйрық берген болатын.
***
Бірақ Икрима ибн Әбу Жәһл өзінің жақтастарымен бірге құрайштардың шешіміне қарсы шықты. Сөйтіп ол шамасына қарамай қарсыластарының үлкен тобымен айқаса кетті. Бұл шағын қақтығысты Халид ибн Уалид жеңіспен аяқтады. Икриманың жақтастарының біразы өлім құшты, біразы қашып кетуге мүмкіндік тапты. Икрима ибн Әбу Жәһл қашып кеткендердің ішінде еді.
***
Мұнан кейін Икрима ибн Әбу Жәһлдың жағдайы тығырыққа тірелді. Мұсылманға тізе бүккен бүкіл Мекке бұдан теріс айналды. Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) бұрын өзіне қарсы шықандарды кешірген болатын... Бірақ есімдері белгілі бір топ адамдар бұл рахымшылық шарадан шеттетілді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) оларды тіпті Кағбаның ішіне жасырынса да тауып алып өлтіруді бұйырды.
Бұл тізім Икрима бин Әбу Жәһлдің есімімен басталатын. Сондықтан ол бой тасалайтын орын табуға үміттеніп, Меккеден жасырын түрде шығып, Йеменге жол тартты.
***
Осы кезде Икрима бин Әбу Жәһлдің, Әбу Суфианның әйелдері оншақты әйелдермен бірге Исламға адалдықтарын көрсету үшін, ант беруге Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) отырған үйге бет алды. Олар үйге кіргенде, үйде Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екі әйелі, қызы Фатима, сондай-ақ Әбд әл-Мутталиб тұқымдарынан бірнеше әйел отырды. Әбу Суфианның әйелі Хинд Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарап былай деді:
- Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.), осы дінді түсірген Аллаһқа көптеген мақтаулар болсын! Мен сенің өз жақындарыңа мейрімділік етуіңді өтінемін. Мен Хақ дінді қабылдаушы әйелмін. Мұнан кейін ол хиджабын ашып, жүзін көрсетті.
- Мен Хинд бинд Удбамын, уа Алланың Елшісі (с.ғ.с.).
- Ассаламу алейкум, - деді Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.).
Хинд сөзін жалғап:
- Уа Расулуллаһ, Аллаһтың атымен ант етемін, бүкіл жер бетінде мен үшін сенің үйіңнен жеккөрінішті үй болған емес, ал қазір жер бетінде мен үшін сенің үйіңнен сүйкімді үй жоқ.
- Қой, мұның тым артық! - деді Расулуллаһ (с.ғ.с.).
Мұнан кейін Икрима бин Әбу Жәһлдің әйелі де Исламды қабылдап былай деді:
- Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.), сен өлтіріп қоя ма деп Икрима Йеменге қашып кетті. Егер сен оған рахымды болсаң, Аллаһ та саған мейрімділігін арттырар еді?
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оған жауап беріп:
- Ол қауіпсіздікте, - деді.
Икриманың әйелі мұны естісімен византиялық құлын қасына алып күйеуінің соңынан жөнелді. Жолдың бір бөлігінен өткенде құлы әйелге құмартып, айналдырып азғыра бастады. Олар арабтар мекендеген аймаққа жеткенше, әйел құлдың ынтыққан көңілін мүмкіндігінше сөзбен басып, өнегелілікке шақырып, нәпсі қалауынан жалтарып келді. Хиндтің шақыруымен көмекке келген арабтар византиялықты байлап, алып қалды.
Әйелдер, Икриманы Қызыл теңіздің жағасындағы Тихима ауданынан тапқанша сапарын жалғай берді.
Дәл сол кезде Икрима теңізші мұсылмандармен арғы жағаға өткізу жайын келісіп жатыр еді. Теңізші оны үгіттеп жатты:
- Сен тура жолға түс, мен өткізіп тастаймын.
- Тура жолға қалай түсемін? - деп сұрады Икрима.
- Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың Елшісі, - деп айт.
- Иә, мен дәл осыдан қашып келемін ғой, - деп айқайлап жіберді Икрима.
Олар осылайша өзара келісе алмай жатқанда, Икримаға Умм Хаким де келіп жетті:
- Уа, немере ағатайым, мен саған ең жақсы, ең әділ, әрі қайырымды адамдардан келіп тұрмын... Олардың ішіндегі ең артығы - Мұхаммед ибн Абдуллаһтан келіп тұрмын... Мен одан сен үшін сауға сұрадым. Ол сенің амандығын үшін кепілдік берді, енді жаның амандықта болады.
- Сен олармен сөйлестің бе? - деп сұрады Икрима.
- Иә, сөйлестім, -деп жауап берді, - Ол (с.ғ.с.) ол өміріңді сақтауға кепілдік берді. Осылайша Умм Хаким Икрима кейін қайтуға келіскенше үгіттеп, сендіре берді. Жолда келе жатып, Икримаға византиялық құлдың қылығын сөз етті. Әлі Исламды қабылдамаған Икрима ашуын тежей алмай, византиялық қалған мекенге келіп оны өлтіріп тастады.
Жолда бір тоқтаған жерде Икрима әйеліне жақындасып, жұбайлық міндетін атқармақ болды. Бірақ Умм Хакима кесімді түрді қарсылық білдірді.
- Мен мұсылманмын, ал сен пұтқа табынасың, - деді ол.
- Сенің маған жақындасқың келмегеніңе қарағанда, шамасы бұл өте мәнді
нәрсе болды ғой, - деді таңырқаған Икрима.
Икрима Меккеге иек артып қалған кезде, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына:
- Сендерге елден шығып кеткен, иманды Икрима келеді. Оның әкесін сөкпеңдер. Өлінің жамандығы тіріге кесапат әкеледі, бірақ қаза болғандарға жетпейді, - деді.
Көп ұзамай Икрима әйелімен бірге Расулуллаһтың (с.ғ.с.) тұрағына жетті.
Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) аса үлкен қуанышпен, шекпенін де киместен тұра ұмтылды.
Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) отырған соң, алдында тұрған Икрима:
- Уа Мұхаммед, Умм Хакиманың айтуына қарағанда, сен маған сауға беріпсің.
- Дәл солай, - деді Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) - Саған қауіп жоқ.
- Уа Мұхаммед, сенің үндеуіңнің мақсаты не?
- Мен сені Аллаһтан басқа тәңір жоқ, ал мен - Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніме куәлік беруіңе шақырамын. Намаз оқуға, зекет беруге уәде бер...
Мұнан соң Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) Исламның барлық негіздерін атап көрсетті.
- Аллаһқа ант етемін, сен ақиқатқа шақырып, жақсылық істеуді бұйырып тұрсың, - деді Икрима, - Сен бұрында да арамыздағы ең әділ, өнегелі адам едің..., - содан соң Расулуллаһқа қолын ұсынып.
- Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың Елшісі әрі құлы екеніме куәлік беремін! - деді.
Және сөзін жалғап:
- Уа Алланың Елшісі (с.ғ.с.), мен айтуға міндетті болған сөздеріңнің ең асылдарынан үйрет, - деді.
- Сен айтатын нәрсе: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ, және ақиқатында, Мұхаммед Аллаһтың құлы әрі Елшісі»
- Тағы не айтайын? - деп сұрады Икрима.
Расулуллаһ (с.ғ.с.) жауап беріп:
- Сен былай деуің керек, «Аллаһ және осында тұрғандар куә болсын, мен
ақиқат мұсылман - мұхажирмын», - деді.
Мұнан кейін Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.):
- Мен бұрын кімге не берсем, сен бүгін соның бәрін сұрап ала аласың, - деді.
Икрима:
- Менің бұрынғы дұшпандықтарымды, саған қарсы жасалған қандай қастандық амалдарым болса да, көзіңше немесе сыртыңнан кектеніп айтылған ашулы сөздерімнің қандайы болса да кешіруіңді өтінемін! - деді.
Расулуллаһ (с.ғ.с.):
- Уа, Аллаһ! Сенің нұрыңды сөндіруге деген ниетпен айтылған сөздерін, оның қандайда қастандықпен жасалған амалдарының барлығын кешіргейсің! Сондай-ақ менің атыма кір келтірмек мақсатпен сыртымнан және көзімше жасаған әрекеттерін де кешіргейсің!
- Уа, Аллаһтың Елшісі, Аллаһтың атымен ант етемін, бұрын Аллаһқа қарсы қанша қаржы жұмсасам, енді Аллаһтың ризалығы үшін одан көп есе артық қаржы жұмсаймын. Бұрын Аллаһқа қарсы соғыссам, енді Аллаһтың ризалығы үшін соғысуға бар күшімді аямаймын.
***
Осы күннен бастап ол ұрыс майданында ерлік көрсетіп, мешіттерде ақ ниетпен ықыластана Аллаһтың Кітабын оқитын.
Осылайша Исламға қызмет етуші мұсылмандар қатары толыға түсті. Құран аяттары жазылған парақтарды бетіне басып, Икрима толқып тұрып: «Менің Әміршімнің кітабы... Менің Раббымның сөзі...» - деп Аллаһтан қорқып әрі Оны қастерлеп, өксіп-өксіп жылап жіберетін.
Икрима Аллаһтың Елшісіне (с.ғ.с.) берген уәдесін жан-тәнімен беріліп орындады. Мұсылман дінін қабылдаған соң, Икрима Ислам шайқастырының бәріне қатысты. Қандай ұрыс болмасын Ислам жауынгерлерінің алдыңғы қатарында жүрді. Шыжыған ыстықта шөлдеп қаталаған адам, салқын суға қандай ынтықса, Ярмурна шайқасында Икрима да сондай ынтамен ұрысқа ұмтылды. Бірде мұсылмандар ұрыс барысында қиын жағдайға тап болғанда Икрима асығамын деп қылыш салатын қынабын сындырып алды, бірақ оған қарамай византиялықтардың қалың ортасына тұра ұмтылды.
Оған асыға ілесе жөнелген Халид ибн әл-Уалид:
- Мұныңды қой Икрима! Егер жазым болсаң мұсылмандар үшін орны толмас шығын болады, - деді.
Икрима оған:
- Халид, менде жұмысың болмасын... Сен сахаба болғалы біршама уақыт болды. Ал, мен және әкем екеуміз Пайғамбардың (с.ғ.с.) қаскөй дұшпаны болдық. Жасаған қателіктерімнің құнын өтеуге мүмкіншілік бер!
Және былай деді:
- Көп ұрыстарда Аллаһтың Елшісіне (с.ғ.с.) қарсы соғыстым. Енді бүгін византиялықтардан қашайын ба? Бұл ешқашан болмайды!
Сонан соң мұсылмандарға қарап былай деді:
- Ажалмен бетпе-бет кездесуге кім ант береді? Төрт жүз мұсылманмен бірге Икриманың немере ағасы әл-Харис ибн Хашим және Дырар ибн әл-Әзуар да ұрыс алдында шаһид болуға ант берді. Халид басшылық жасап тұрған бекіністі қорғау үшін, дұшпанға қарсы кескілескен ұрысты бастап жіберді және оны ерлікпен қорғап қалды.
Ярмундағы шайқас мұсылмандардың тамаша жеңісімен аяқталғанда ұрыс алаңында қалған шаһидтердің ішінде ақиқи иман үшін күрескен мына үш жауынгер қансырап жатты: Әл-Харис ибн Хашим, Айим ибн Әбу Рабина және Икрима ибн Әбу Жәһл. Әл-Харис су сұрады, суды алып келгенде Икрима Харисті көрсетіп:
- Харисқа су беріңдер, - деді. Суды Харисқа алып келгенде ол:
- Айимға ішкізіңдер, - деді. Суды Айимға алып келгенде оның жансыз жатқанын көрді... Әлгілер суды екеуіне қайта алып келгенде, бұлар да бұл жалғанды тастап, майдандасының артынан кеткен еді. Иә Аллаһ оларға разы болсын! Енді қайтып шөлдемес үшін Аллаһ оларды жұмақтағы Кәусәр бұлағынан сусындатып, Жәннатты мәңгілік мекені еткей!
Аударған: Қуанышбек Әлішерұлы