Жақын туыстарын дінге шақыруы

Жақын туыстарын дінге шақыруы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз «Мүддәссир» сүресінің түсуімен адамдарды Ислам дініне дағуат ете (шақыра) бастаған еді. Бұл шақыру ісін жасырын түрде жүргізді. Біраз уақыттан соң «Жақын туыстарыңды Аллаһу та’аланың азабымен қорқытып, оларды хақ дінге шақыр» («Шуара»сүресі, 214) деген мағынадағы аят түсті. Сондықтан Мұхаммед алейһиссалам туыстарын дінге шақыру мақсатымен хазіреті Әли арқылы хабар салып, барлығын Әбу Тәліптің үйіне шақырды. Алдарына бір адамға жететіндей тамак және сүт қойды. Алдымен өзі “бисмилләһ” деп бастап, келген туыстарына ұсынды. Келгендердің саны қырық адам болатын. Алайда, қойылған тамақ бәріне жетті және азаймады. Келгендер бұл мұғжизаға таңырқап, қайран қалды. Тамақтан кейін пайғамбарымыз туыстарын Исламға шақыру үшін сөзін бастағалы тұрғанда көкесі Әбу Ләхәб дұшпандық етіп: «Біз сиқырдың мұндай түрін көрмеген едік. Ей Құрайш тайпасы, мына туыстарың бәріміздің аузымызды ашып сиқыр көрсетіп жатыр. Ей, бауырымның ұлы! Мен өмірімде сен сияқты жамандық бастап келген бірде-бір адам көрген емеспін.» деп пайғамбарымызға жаман сөздер айта бастады. Расулуллаһ Әбу Ләхәбқа қарата: «Маған Құрайш пен барлық араб тайпаларының жасай алмайтын жамандығын сен жасадың» деді. Жиналғандардың ешқайсысы мұсылмандықты қабылдамастан үй-үйіне тарап кетті. Осы оқиғадан қысқа уақыт өткен соң Расулуллаһ тағы туыстарын хазіреті Әли арқылы қонаққа шақыртты. Бұрынғысынша алдарына ас қойылды. Пайғамбарымыз тамақтан кейін орнынан тұрып: «Әртүрлі һамд-мадақ тек Аллаһу та’алаға тән. Әртүрлі көмекті де тек Аллаһтан сұраймын. Оған сеніп, Оған сүйенемін. Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екеніне күмәнсіз сенемін және растаймын. Аллаһ – бір. Оның серігі мен теңдесі жоқ» деді де сөзін былай жалғастырды: «Сендерге зередей де өтірік араласпаған  шындықты айтып тұрмын. Сендерді өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Аллаһу та’алаға иман келтіруге шақырамын. Мен Оның сендерге және күллі адамзат баласына жіберген пайғамбарымын. Уаллаһи (Аллаһқа ант етемін), барлығың уақыт жеткенде ұйқыға жатқандай өлесіңдер және бір күні ұйқыдан оянғандай болып тірілесіңдер. Жасаған барлық істерің үшін сол күні есеп бересіңдер. Жақсылықтарың үшін марапатталасыңдар, жамандықтарың үшін жазаланасыңдар. Марапаттарың – жәннәтта мәңгі қалу, ал жазаларың - жаһаннамда мәңгі жану болмақ. Адамдар арасында ақырет азабымен ең алғаш болып қорқытқан адамдарым – сендерсіңдер».Әбу Тәліп бұл сөздерді тыңдағаннан кейін: «Ей, қымбатты інім! Мен үшін Саған көмектесуден артық міндет жоқ. Насихаттарыңды ұнатып, қабылдадық, сөздеріңді шын жүрекпен мойындадық. Қазір бұл жерде жиналғандар – атаң Абдулмутталибтің ұрпақтары. Мен де солардың бірімін. Сенің қалаған нәрсеңе ең алдымен мен жүгіремін. Сені қорғаудан қашпайтыныма уәде беремін. Сен өзіңе әмір етілген міндетіңді атқара бер. Бірақ, ескі дінімді тастау мәселесінде нәпсім мені тыңдар емес» деді. Әбу Ләхәбтан басқа сол жердегі туыстарының бәрі жылы сөздер айтты. Бірақ Әбу Ләхәб: «Ей, Абдулмутталиб ұлдары! Оған өзгелер кедергі болмай тұрып сендер кедергі болыңдар. Егер бүгін оның айтқандарын қабылдайтын болсаңдар, қорлық пен сорлыққа тап боласыңдар. Оны қорғауға тырысатын болсаңдар, барлығың өлтірілесіңдер...» деп бопсалады. Әбу Ләхәбқа пайғамбарымыздың апасы: «Ей, інім! Бауырымыздың ұлын және Оның дінін көмексіз қалдыру саған жараса ма? Аллаһқа ант етемін, заманымыздың данышпандары Абдулмутталибтың тегінен бір пайғамбардың шығатынын айтуда. Сол пайғамбар міне – Осы.» деді. Әбу Ләхәб бұл сөздерге де мән бермей пайғамбарымызды жамандауын жалғастырды. Сонда Әбу Тәліп Әбу Ләхәбқа ашуланып: «Ей, қорқақ! Ант етемін, біз көзіміз тірі болса өміріміздің соңына дейін Оны қолдап, қорғаймыз» деді. Мұхаммед алейһиссаламға қарап: «Ей, бауырымның ұлы! Адамдарды Раббыңа иманға шақыруды қашан бастайтыныңды айт, қаруланып сенімен бірге шығайық» деді. Сосын пайғамбарымыз қайтадан сөз алып: «Ей, Абдулмутталиб ұлдары! Аллаһтың атымен ант етемін, арабтар ішінде өз қауымының дүниесі мен ақыретіне менің әкелгенімнен (бұл діннен) де артығын және пайдалысын әкелген адам болған емес. Мен сіздерді тілге жеңіл, мизанда (таразыда) ауыр басатын екі сөзді айтуға шақырамын. Ол – Аллаһтан басқа илаһ (тәңір) жоқ екеніне және менің Оның құлы және расулы екеніме куәлік етулеріңіз. Аллаһу та’ала сіздерді осыған шақыруымды бұйырды. Олай болса, қайбіріңіз менің осы шақыруымды қабылдап, маған осы жолда көмекші боласыздар?»деді. Ешкім дыбыс шығармай бастарын салбыратып отырып қалды. Пайғамбарымыз бұл сөзін үш рет қайталады. Әр айтқанында хазіреті Әли орнынан тұрды. Үшінші ретінде: «Йа, Расулаллаһ! Жиналғандар ішінде ең кішісі мен болсам да сізге өмір бойы жәрдемші болуға дайынмын» деді. Пайғамбарымыз хазіреті Әлидің қолынан ұстады. Қалғандары таңырқаған қалпында тарқасты.

Аллаһу та’аланың хабибі – Сүйіктісі “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” туыстарының бұл қылығына қатты ренжіді. Бірақ, олардың тозақтан құтылулары, мәңгілік бақытқа қауышулары үшін иманға шақыруын тоқтатпады.

Пайғамбарлығының төртінші жылында «(Ей Хабибім - Сүйіктім)Саған бұйырылғандарды (әмір мен тыйымдарды) баяндап жеткіз, ақиқат пен жалғанның арасын айыр. Мүшриктерден бетіңді бұр!»деген «Хижр» сүресінің 94-аяты түскенде пайғамбарымыз меккеліктерді Исламға ашық түрде дағуат ете бастады. Бір күні Сафа төбесіне шығып:«Ей, Құрайш халқы! Мұнда жиналып, сөздерімді тыңдаңдар!» деді. Тайпалар жиналғаннан кейін: «Ей, қауымым! Менен бір рет болса да жалған сөз естіп пе едіңдер?» деді. Олардың барлығы бірден: «Жоқ, естіген жоқпыз» деді. «Аллаһу та’ала маған пайғамбарлық берді және мені сендерге пайғамбар етіп жіберді» деді. Сосын «(Ей Сүйіктім!)Оларға айт: Ей, адамдар! Мен сендердің барлықтарыңа жіберілген  Аллаһу та’аланың елшісімін. Ол Аллаһу та’ала жерлер мен көктердің иесі, билеушісі. Одан басқа ғибадатқа лайықты ешкім жоқ. Барлық жандыны өлтіретін де, тірілтетін де Сол...» деген мағынадағы «Араф»сүресінің 158-аяты кәримасын оқыды. Тыңдап тұрғандардан көкесі Әбу Ләхәб ашуланып: «Мына бауырымның ұлы жынданған! Ей халайық, біздің пұттарымызға табынбайтын, дінімізден шыққан адамның сөзін неге тыңдап тұрсыңдар?!» деп айқайлады. Бұл айқайды естігендер пайғамбарымыздың турашыл, жақсы мінезді екенін біле тұра иман келтірмей тарап кетті және барлығы Аллаһ елшісінің дұшпанына айналды.

Тағы бір күні Аллаһу та’аланың «Саған бұйырылған нәрсені түсіндір» деген бұйрығын орындау мақсатымен, қайтадан Сафа төбесіне шықты. Дауыстап: «Йа, сабахах! Мұнда келіңдер! Жиналыңдар! Сендерге маңызды хабарым бар!» деп жар салды. Адамдар жиналды. Барлығы таңырқап, күтіп тұрды. Келмегендер де адам жіберіп, не үшін жиналып жатқанын білгісі келді. Келгендердің бір тобы: «Ей, Мұхаммедул әмин! Бізді бұл жерге неге жинадың? Не айтайын деп едің?» деді. Ол: «Ей, Құрайш тайпалары! Менімен сендердің жағдайларың жауды көріп, үйіне хабар беруге асыққан және жаудың өзінен бұрын бала-шағасына жетіп, зиян келтіруінен қорқып «Йа сабахах (жау қоршады! Таң атты. Дереу соғысуға дайындалыңдар) деп айқайлаған адамның халіне ұқсайды. Ей, Құрайыш қауымы! Мен сендерге мына таудың ар жағында жаудың әскері бар, сендерге шабуыл жасағалы тұр» десем, маған сенесіңдер ме?» деді. Олар «Иә, сенеміз. Өйткені осы күнге дейін сенен өтірік сөз естіген жоқпыз» деді.

Сосын Құрайш тайпаларының әрбірін «Ей, Хашим ұлдары! Ей, Абдуманаф ұлдары!» деп жеке-жеке атап: «Мен сендердің бастарыңа әлбетте келетін ауыр азаптың хабаршысымын. Аллаһу та’ала маған ең жақын туыстарымды ақырет азабымен қорқытуды бұйырды. Сендерді «Лә илаһә иллаллаһу уаһдаһу лә шәрикәләһ (Аллаһ жалғыз, Одан басқа илаһ жоқ) деп иман келтіруге шақырамын. Мен Оның құлы және пайғамбарымын. Егер осы айтқандарыма иман келтірсеңдер жәннәтқа барасыңдар. Сендер «Лә илаһә иллаллаһ» демейінше менің сендерге дүниеде де, ақыретте де ешқандай пайдам болмайды» деді. Тыңдап тұрғандардың ішінен тағы да Әбу Ләхәб: «Бізді не осы үшін жинадың ба?» деп, жерден тас алып пайғамбарымызға лақтырды. Басқалар ол бедбахтқа ермесе де өз араларында сөйлесіп, ешбірі иман келтірмей тарап кетті.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: