Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әкесі мен анасы Ибраһим алейһиссаламның дінін ұстанған мүмін, иманды кісілер болатын. Ислам ғалымдары олардың Ибраһим алейһиссаламның дінінде болғанын және Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін де Оның үмметінен болулары үшін тірілтіліп, кәлимаи шахадатты есітіп айтқандарын және осылайша осы үмметтен болғандықтарын айтқан.
Мұхаммед алейһиссалам сегіз жасқа дейін атасының жанында болды. Атасы Абдулмутталиб Меккеде абыройлы және біраз істерді басқаратын адам болып, айбатты, сабырлы, шыншыл, жомарт қасиеттерге ие еді. Кедейлерді тойдырып, тіпті аш-сусыз қалған жануарларды да ішкізіп-жегізетін. Аллаһу та’алаға және ақыретке сенетін. Жамандықтардан сақтанып, жаһилия деп аталатын сол қараңғы дәуірдің әр түрлі жаман әдеттерінен бойын аулақ ұстайтын. Меккеде зұлымдық пен заңсыздықтарға кедергі қойып, келген қонақтарды күтетін. Рамазан айында Хира тауына шығып, итикаф (халықтан бөлек қалып Хақ пен болу) ету оның әдетіне айналған еді. Өте балажан және мейірімді болған Абдулмутталиб жақсы көретін немересін бауырына басып, күндіз-түні жанынан айырмайтын. Қағбаның көлеңкесінде тек өзінің отыруына арналған бір көрпешесі болатын. Оған басқа ешкім отыра алмайтын. Абдулмутталиб сол орнына немересімен бірге отыратын. "Ол орынға тек қана қала басшысы отыру керек-қой" деп кедергі болғысы келгендерге: «Жіберіңдер баламды, Оның даңқы жоғары» дейтін. Пайғамбарымызға қарайтын күтуші әйел Үммү Әймәнге қайта-қайта оған жақсылап қарауды тапсыратын. «Балама жақсылап қара. Әһли кітап (яһуди және христиандар) менің балам туралы «осы үмметтің пайғамбары болады» дейді» дейтін. Үммү Әймән айтады: «Оның кішкентай кезінде қарным ашты, шөлдедім дегенін естіген емеспін. Таңертең Зәмзәм суынан бір ұрттам ішетін. Оған тамақ берейін десем «Керегі жоқ, тоқпын» дейтін». Абдулмутталиб ұйықтап жатқанда және бөлмесінде жалғыз отырғанда Одан басқа адамға кіруге рұқсат бермейтін. Оны бауырына басып, басынан сипап, оның сөздері мен әрекеттеріне риза болатын. Дастархан басында Оны қасына алып, тізесіне отырғызатын, тамақтың ең жақсысын, ең дәмдісін Оған беретін және Ол келместен бұрын дастархан басына отырмайтын.
Абдулмутталиб бұл немересі жайлы көп түс көріп, бірқатар оқиғаларға куә болды. Бір жолы Меккеде құрғақшылық болып, жұт болады. Абдулмутталиб көрген түсіне орай Мұхаммед алейһиссаламның қолынан ұстап, Әбу Қубәйс тауына шығып: «Аллаһым! Мына баланың құрметі үшін бізді берекетті жаңбырмен қуанта гөр» деп тілейді. Дұғасы қабыл болып, мол жаңбыр жауады. Сол кездің ақындары бұл оқиғаны өлеңдеріне қосып, жырлаған.
Нәжрандық поп
Абдулмутталиб бір күні Қағбаның қасында отырғанда Нәжрандық бір христиан дінбасы оның қасына барып, оны әңгімеге тартады. Сөз арасында: «Біз мына Исмаил ұлдары тайпасынан шығатын соңғы пайғамбардың сипаттары жайлы кітапта жазулы екенін көрдік. Осы Мекке қаласы Оның туылатын жері болмақ. Сипаттары мынадай, мынадай» деп айта бастайды. Осы кезде пайғамбарымыз олардың қасына барады. Нәжрандық дінбасы оған мұқият қарап, көздеріне, арқасына, аяғына қарап, толқып: «Ол міне, осы адам. Бұл бала сенің тегіңнен бе?» деп сұрайды. Абдулмутталиб: «Балам» деген кезде Нәжрандық дінбасы: «Кітаптардан оқығанымыз бойынша Оның әкесі тірі болмауы керек» дейді. Абдулмутталиб: «Бұл марқұм ұлымның баласы. Әкесі Ол туылмастан бұрын, анасы жүкті кезде қайтыс болған» деген кезде дінбасы: «Міне енді дұрыс айттың» деді. Осыдан соң Абдулмутталиб ұлдарын қасына жинап: «Бауырларыңның баласы – жиендерің туралы айтылған сөздерді екі құлақтарыңа құйып алыңдар да, Оны өмірлеріңнің соңына дейін бақылап, қорғаңдар» деді.