Қадірлі пайғамбарымыз Мутим бин Адидың қамқорлығымен Меккеге келді. Адамдарды хақ жолға шақыруын жалғастырды. Бұған байланысты мүшриктер бұрынғыдан бетер азғындап, зорлық-зомбылық пен зұлымдықтарын арттыра түсті. Осыған байланысты Хақ та’ала Расулуллаһқа Қағбаны зиярат ету маусымында зияратқа келген Араб тайпаларымен кездесіп, оларды Исламға шақыруын бұйырды. Сүйікті пайғамбарымыз осы бұйрық бойынша Мекке маңында құрылған Зүлмәжаз, Указ және Мәжәннә жәрмеңкелеріне барып, тайпаларға Аллаһу та’аланың бір екендігін айтып, Оған ғибадат етуге шақырып, өзінің пайғамбар екенін қабылдауын уағыздайтын еді. Айтқандарын қабыл ететін болса, Аллаһу та'ала оларға жаннатты беретінін білдіретін. Пайғамбарымыздың жалбарына жасаған бұл дағуаттарына өкінішке орай ешкім құлақ аспайтын. Тіпті кейбіреулері дөрекі сөйлеп, жаман қылықтар көрсететін, кейбірі болса беті-мұрнын тыржитып жаман сөздер айтатын. Құрайш мүшриктері де Оны бақылап, келген тайпаларды азғыртатын.
Имам Ахмет, Бәйһақи, Табарани және Ибн Исхақтың білдіргендері бойынша Рабиа бин Аббад былай риуаят еткен: «Жас болатынмын. Әкеммен бірге Мина тауына бардық. Расулуллаһ Араб тайпаларының тұрақтаған жеріне барып: «Ей пәленше ұлдары! Табынып жүрген мына пұттарыңды тастап, Аллаһу та’алаға ешқандай серік қоспастан ғибадат етулеріңді, маған сеніп, мені растауларыңды, Хақ та’ала тарапынан жіберілген міндетімді білдіріп, орындағанға дейін мені қорғауларыңды сендерге бұйырған Аллаһу та’аланың елшісімін!...»деп айтатын. Көзі – қыли, шашы өрілген бір адам: «Ей пәленше ұлдары! Бұл сендерге пұттарымыз Лат пен Уззаға табынуға тыйым салып, өзі шығарған бір дінге шақырып тұр!... Сақ болыңдар!... Оны тыңдамаңдар, оған бағынбаңдар!...» дейтін. Мен әкемнен: «Мына адамды бақылап тұрған кім?» деп сұрадым. Әкем: «Көкесі Әбу Ләхәб» деп жауап берді.
Табарани, Тариқ бин Абдуллаһтан былай риуаят еткен: «Расулуллаһ алейһиссаламды Зүлмәжаз жәрмеңкесінен көрген болатынмын. Адамдар естісін деп, айқайлап: «Ей, адамдар! Лә илаһә иллаллаһ (Аллаһтан басқа құдай жоқ) деңдер де құтылыңдар» дейтін. Оған қарап тұрған бір адам қолына тас алып оның аяғына лақтырып: «Ей, жамағат! Сенбеңдер!... Одан сақтаныңдар!... Өйткені, ол - өтірікші!...» дейді. Тиген тастар аяғын қанатса да, Расулуллаһ мойымай, шаршамай дағуатын жалғастыратын. Айналадағылар: «Бұл жас жігіт кім?» деп сұрады. Бірі: «Абдулмутталиб ұлдарының ішінен шыққан жігіт» деп жауап берді. «Тас атқан кім?» дегенде «Көкесі Әбу Ләхәб» деді.
Имам Бұхари «Тарихул-Кәбир» және Табарани «Мужәмул-Кәбир» атты кітаптарында былай делінеді: «Мүдрик бин Мүнип әкесінен, ол атасынан нақл етіп былай деген: “Әкеммен бірге Мина тауына барып қондық. Ол жерде бір топ адамды кездестірдік. Бір адам оларға: “Ей, адамдар! “Лә илаһә иллаллаһ” деп айтып құтылыңдар” деді. Қасындағы адамдардың біразы Оның көркем жүзіне түкірді, біразы басына топырақ шашты, біразы балағат сөздер айтты. Бұл жағдай түске дейін жалғасты. Осы кезде бір қыз бала қолында су толы ыдысымен сол жерге келді, әлгі адамның халін көріп жылай бастады. Ол адам су ішкеннен кейін қызға қарап: “Ей, қызым! Әкең тұзаққа түсіп өлтіріледі, қорлыққа ұшырайды деп қорқпа!” деді. “Бұл адам мен қыз кім?” деп сұрадық. “Бұл Абдулмутталиб ұлдарынан Мұхаммед (алейһиссалам), қасындағы қызы Зейнеп (радиаллаһу анһа)” деді».
Саид бин Яхия бин Саид «Әл-Әмәуи Мәғази» кітабында әкесінен, ол Әбу Наимнен, Абдуррахман Амириден, ол бірнеше адамнан риуаят етті. Олар былай дейді: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір күні Указ жәрмеңкесіне барды. Амир ұлдарының тайпасына барып оларға “Ей, Амир ұлдары! Сендерде сендерді паналаған адамдарға қандай қолдау көрсетіледі?” деп сұрады. Олар: «Бізге ешкім тиісе алмайды, білдірмей отымызға да жылына алмайды!...» деді. Пайғамбарымыз: «Мен Аллаһу та’аланың елшісімін. Қастарыңа келген кезімде Раббымның маған тапсырған пайғамбарлық міндетін адамдарға жеткізгенге дейін мені қорғайсыңдар ма?» деді. Олар: «Сен құрайштықтардың қайсысынансың?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Абдулмутталиб ұлдарынанмын» дегенде, олар: «Егер Абдулмутталиб ұлдарынан болсаң, олар неге сені қорғамайды?» деді. Расаулуллаһ: «Мені теріске шығарғандардың басында солар болды» деді. Амир ұлдарының тайпасы: «Ей, Мұхаммед! Біз сені қайтармаймыз да, айтқандарыңа иман да келтірмейміз. Бірақ, сен пайғамбарлық міндетіңді адамдарға жеткізгеніңше біз сені қорғаймыз» деді. Мұны естіген пайғамбарымыз олардың қасына отырды. Осы кезде Амир ұлдарының көсемдерінің бірі Бәйхара бин Фарис жәрмеңкедегі саудасын бітіріп, сол жерге келді. Қасындағыларға Расулуллаһты нұсқап: «Бұл кім?» деп сұрады. Олар: «Мұхаммед бин Абдуллаһ» деді. Бәйхара: «Сендердің онда қандай шаруаларың бар? Ол неге қастарыңда отыр?» деді. «Бізді паналап келді, Аллаһтың елшісі екенін айтты және пайғамбарлық міндетін адамдарға уағыздағанға дейін өзін біздің қорғауымызды сұрады» деді. Сонда Бәйхара Расулуллаһқа бұрылып: «Сені қорғау деген сөз, бүкіл Арабтардың оғына көкірегімізді тосу деген сөз» деді де қауымына: «Еліне дәл сендердей жаман нәрсе алып қайтқан қауым жоқ. Демек, сендер бүкіл Арабтармен соғысып, олардың оғына өз денелеріңді тосады екенсіңдер ғой, иә?!... Егер өз қауымы Одан бір жақсылық көргенде, өздері қорғайтын еді. Сендер өз қауымы өтірікке шығарып, қуып шыққан адамды паналатып отырсыңдар. Оған жәрдем етпексіңдер!... Өте қате ойлайсыңдар!...» деді. Содан соң пайғамбарымызға қарап: «Тез бұл жерден кетіп, қауымыңа қайт!... Ант етемін, қауымымның арасында болмағаныңда, осы жерде сенің мойныңды суырар едім!...» деп бетпақтанды. Осы сөздерден кейін Расулуллаһ үлкен ренішпен түйесіне мінді. Жаңағы жауыз Бәйхара пайғамбарымызды түйесінен құлатты. Мұны көрген сахабалардан (радиаллаһу анһум) Дабаа бинти Амир деген әйел айқайлап: «Аллаһу та’аланың хабибіне (сүйікті құлына) мынадай істерді қалай істейсіңдер? Мен үшін Расулуллаһты мыналардың қолынан құтқаратын адам жоқ па?» деп туыстарына қарады. Туыстарынан үш адам Бәйхараға бас салды. Бәйхараның қауымынан екі адамның оған көмектескісі келді, бірақ әлгі үшеуі оларды да жұлмалап ұрып тастады. Бұл жағдайды көріп тұрған пайғамбарымыз өзі үшін төбелескен үш адам үшін: «Йа, Раббым! Мына адамдарға берекетіңді ихсан ете гөр!» деді. Бәйхара мен оның көмекшілері үшін: «Йа, Раббым! Мыналарды рақымдылығыңнан алыстата гөр!» деп дұға етті. Жақсылық тілеген адамдары мұсылмандықты қабылдады, Бәйхара мен жәрдемшілері кәпір болып жан тапсырды. Амир ұлдары тайпасының өкілдері елдеріне қайтқанда еліндегі сәмәуи кітапты оқыған бір қарт адамға Меккеде басынан кешірген оқиғаларын айтып берді. Ол қарт адам пайғамбарымыздың атын естіген кезде: «Ей, Амир ұлдары! Сендер не істедіңдер? Исмаил ұлдарының ешқайсысы осыған дейін пайғамбармын деп жалған айтқан емес. Әлбетте, ол адам шындық пен ақиқатты айтты. Енді бұл істеген қателіктеріңнің орнын толтыру өте қиын» деп оларды айыптады.