Аз сөйлеудің пайдалары

Аз сөйлеудің пайдалары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз «Аз сөйлеу иманнан, көп сөз екі жүзділіктен» деп білдірген.

Тіл – үлкен ниғмет. Жақсылығы да, жамандығы да үлкен. Жәннатқа да, жаһаннамға да апарады. Көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие.       

Тіл туралы көптеген хикметті сөздер айтылған:

Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.

Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.

Ауызда жиек жоқ,

Тілде тиек жоқ.

Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.

Көп сөйлеу достықты бұзады, қажетсіз сөйлеу айыптарды ашады, ащы сөйлейтіндерден достары қашады.

Егер көңілде мұң, реніш, денеде қажырлық және әлсіздік, ризықта кемшілік және берекесіздік болса, мұның бос және орынсыз сөздерден туындағанын білу керек!

Хикметті сөйлеуден емес, үндемеуден іздеу керек!

Үндемеу ақылдың әшекейі және надандықтың перделенуі.

Жылы сөзді және жомарт қолды болу керек!

Үндемеу ғалымның зейнеті, наданның пердесі.

Ғибадат он бөліктен тұрады, оның тоғызы үндемеу, бір бөлігі жаман достан ұзақ тұру.

Аз сөз әдеп, жақсы амалдарды қорғауға себеп.

Кісі тілінің астына жасырылған. Сыр сақтаған адам мұратына жетеді.

Бұлбұл қыран құсқа:

«Екеуміз де құс болсақ та сен патшаның сарайындасың, мен болсам бақшаның тікендеріндемін. Сен құстарды аулап жейсің, патшаның қасында қадірің өсіп, мұратыңа жетесің. Құстардың сұлтаны боласың. Мен болсам күнді күнге қосамын, әр түні таңға дейін гүлдің ашылуын күтемін. Мен ұйықтамайынша ол ашпайды, оянғанда ашылған кейпін көремін. Ашылып жатқанын көре алмаймын, мұратыма жете алмаймын. Тікен арасында мұратсыз жылаймын, жүрегімді сыздаймын» дейді.

Сонда қыран құс былай деп жауап береді:

«Мен мың мұратыма жетемін бірақ біреуін де айтпаймын. Сен болсаң бір мұратыңа жете алмастан мың мұрат айтасың. Үндемеген мұратына жетеді, ал шырылдап шағымданған мұратсыз қалады.»

Хазреті Лұқман қонаққа ең жақсы тағам ретінде тілмен жүректі ұсынады. Басқа бір уақытта ең жаман тағам ретінде тағы да тілмен жүректі ұсынады. Тіл қылыш секілді дұрыстап қолданылмаса өз өліміңе себеп болады.

Үндемеу шаршамастан жасалатын ғибадат, шығынсыз тағылатын әшекей, билікті талап етпейтін дәулет, тау-тастарды қажет етпей салынған қорған, еңбек етпей қол жеткізілген байлық және айыптардың жабылуы.

Патшаның үгіті

Үш патшаның бірі айтады:

«Бүкіл өкініштерім айтқан сөздерімнен болды. Айтпаған сөздерімнен мүлдем өкінбедім.»

Екіншісі айтады:

«Айтпаған сөздерімнің иесімін. Бірақ айтқан сөздерімнің тұтқынымын.»

Үшіншісі айтады:

«Кейбір сөздерді айтуға күшім жетті, бірақ айтқан сөздерімді қайтарып алуға күшім жетпеді.»

Күмәнды сөздерден сақтанған, күлімдеген жүзді болған, адамдарға мейірімділік еткен, қажетті дін ілімдерін үйренген және дұрыс сөйлеген адам мүнафық (екі жүзді) бола алмайды.

Тілге ие болу

Тіліне ие болмаған адамды шайтан әрқалай ойнатады. Үлкен құздың шетіне келтіріп, құлатады, пәлекеттерге душар қылады. Адам тіліне ахлақ тізгінін тақса, дүние және ахырет бақытына қауышады. Егер бос қалдырса зияндарға  ұшырайды.

Мүшелердің ең көп қарсы шығатыны тіл. Қалаған тарапына оңай кете алады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге мынадай деп жалбарынады: Біздің атымыздан сөйлегенде Аллаһтан қорқ, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи)

Хазреті Лұқманға «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда«Дұрыс сөйлеу, аманатқа қиянат етпеу және пайдасыз сөздерді тәрк етумен жеттім» деп жауап береді.

Әһли хикмет ғұламалардың айтқандары:

Бір адамның жаһил (надан) екендігінің белгілері мыналар: Жанды-жансыз барлық нәрсеге ашуланады. Сыр сақтай алмайды. Ақшасын орынды жарата алмайды. Бәріне сене береді. Досын дұшпанынан ажырата алмайды. Жаман адамдармен достық құрады.

Үндемеу хикмет, жақсы қасиет. Тілдің үндемеуі, көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады. Адамның амандығы тілін қорғауында. Қалам да екінші тіл деген сөз.

Тіл жыртқыш жануарға ұқсайды, еркіне жіберілсе иесін талайды. Үндемеген адам қатеге түсуден, өтіріктен, өсектен, сөз тасудан, өзін мақтаудан, бос сөйлеуден және тағы көптеген тіл апаттарынан құтылады.

Көп сөйлейтін адамның тілі шалынады, көңілі (жүрегі) қараяды. Көңілі қарайған адам қате үстінен қате істейді, адамдарды ренжітеді, өзінің бұдан хабары да болмайды. Тіліне ие болған адам дінін қорғайды.

Көп сөйлейтін адам қате істейді. Сахабалар үнемі жақсы сөз сөйлегенімен қате сөйлеп қоймау үшін емес, бәлкім бос сөз айтпайын деп үндемейтін. Хазреті Әбу Бәкір аузына тас салып жүретін, «Басқа келетін бүкіл пәлекеттер осыдан (тілден) келеді» деп айтатын.  

Ең зиянды нәрсе

Аллаһу та’ала бос сөйлейтіндерді жақсы көрмейді. Бос сөйлеудің өзі осыншалықты жаман болса, зиянды нәрсе айтудың пәлекеті қалай болмақ? Хадис шәрифте: «Ең зиянды нәрсе көп сөйлеу» делінген. (Дәйләми)

Тілге ие болу, аз сөйлеу дініміздің әмірі. Құран кәрімде былай делінеді:

«Садақа беру, жақсылықты әмір ету және адамдарды татуластырудан басқа сөйлеуде, сыбырласуда қайыр жоқ.» (Ниса 114)

Тілге ие болуға қатысты білдірілген хадс шәрифтердің біршамасы мынадай:

«Тілін тыйған адам құтылады.» (Тирмизи)

«Амандық қалаған адам үндемесін, тілін тұтсын» (Ибн Әбиддунийа)

«Үндемеу хикмет, бірақ үндемей жүретіндер аз» (Дәйләми)

«Амалдардың ең қабыл болатыны тілін тыю» (Табарани)

«Жақсы сөзден өзге нәрселерде тілін тыйған адам шайтанды жеңеді.» (Табарани)

«Аз сөйлейтін мүминге жақын болыңдар! Ол хикметсіз емес.»(Ибн Мажә)

«Аллаһқа және ахыретке сенген адам не жақсылық айтсын не үндемесін!» (Бұхари)

«Ең оңай ғибадат үндемеу және көркем мінез» (Ибн Әбиддүнийа)

«Мүмин алдымен ойланады кейін сөйлейді, ал мүнафиқ (екі жүзді) ойланбастан сөйлейді» (Хараити)

«Көп сөйлейтін адам, көп қателеседі, көп қателескен адамның өтірігі көп болады. Өтірігі көп болған адам жаһаннамға лайықты болады.» (Табарани)

«Құтылу үшін тіліңді тый, үйіңде отыр, күнәларың үшін жыла!»(Тирмизи)

«Адамдарды жаһаннамға сүйрейтін тілдері» (Тирмизи)

«Тілін тыймаған адам толық иманға қауыша алмайды.»(Табарани)

«Рахаттық қалаған адам тілін тыйсын» (Әбушшәйһ)

«Көп сөйлеу көңілді қарайтады, ал көңілі қарайған адам Аллаһу та’аладан алыстайды.» (Бәйһақи)

«Әмри маруф және зікірден басқа барлық сөз адамның зиянына» (Тирмизи)

«Адамның қателерінің, кемшіліктерінің көбі тілінен келеді.»(Табарани)

«Асқазанын, ар-намысын және тілін қорғаған адам бүкіл жамандықтардан қорғанған болады.» (Дәйләми)

«Көңілі дұрыс болмағанның иманы, ал тілі дұрыс болмағанның көңілі дұрыс болмайды.» (Ибн Әбиддунийа)

«Көңілі тіліне, тілі көңіліне, ісі сөзіне сай болмаған адам мүмин бола алмайды.» (Исфахани)

«Аллаһты көріп тұрғандай ғибадат ет, өзіңді өлді деп сана, бұлардан да ең жақсысы болса тіліңді тыю» (Табарани)

«Үнсіздігі тәфәккур, қарағаны ғибрат болып көп истиғфар айтқан адам құтылды.» (Дәйләми)

Сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлу әдепсіздік болады. Хадис шәрифте: «Дін бауыры сөйлеп тұрғанда үндемей тұру адамгершілік қасиеттен» делінген (Хатиб)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: