Аллаға шүкір, бұл күндері Әлемде екі миллиардқа жуық адам өздерін мұсылманбыз деп санайды. Сонда мұсылман дегеніміз кім? Дінін ұстанатын, яғни, жаны да, тілі де, тәні де таза адамды мұсылман деп атайды.
Шын мұсылман - ең алдымен, рухани таза адам, ол ешкімге жаманшылық ойламайды, біреудің ала жібін аттамайды, мұсылманшылық парызын бұлжытпай орындайды. Рухани таза адамдар ғана өздерін барлық жамандықтан аулақ ұстайды. Олар, тіпті, жалғыз жүріп те (ешкім көрмесе де) күнәлі, яғни, қылмысты іске бармайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда құдіреті күшті Аллаһ Тағала біздің әрқайсымызға рухани еркіндік нәсіп еткенін мақтанышпен атаймыз. «Арлы кісі ұятты келеді, керек десеңіз, ол иттен де ұялады» - деген аталы сөз бар. Расында да адамзат баласының тәрбие-тәлімі, сенімі, ұяты, ар-ожданы, ізет-инабаты осы рухани бостандықтан туындайды. Ислам діні де рухани байлықтың мызғымас ошағы, сөнбес шамшырағы. Ол адам тәрбиесіне пайда келтіріп, мәдениеттің дамуына жанашыр болып, шындықты уағыздайды.
***
Біз намаз оқитын адамды намазхан мұсылман деп атаймыз. Сондықтан тілімізде «Намазхан мұсылман» деген сөз жиі айтылады. Намазхан болғысы келген кісі мұсылмандық бес парызды орындайды. Ол бес парызымыз шаһадат (куәлік) айту, намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау, қажыға бару. Шаһадат айту дегеніміз Ислам дінін қабылдағанын куә ететін мына қасиетті сөздерге иман келтіру: «Әшһаду әл лә илаһа илла-л-ла уә әшһәду әннә Мухаммадан Әбдуху уә расул уллах» (Алладан басқа ешбір Тәңір жоқтығына, Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың құлы, әрі елшісі екендігіне куәлік етемін). Осы шаһадатты Құрани тілде айтқан, мағынасын білген әрі оны жүрекпен бекіткен адам Ислам дінін қабылдап, ақиқат жолына түскен болып саналады.
Ал енді «Иман» дегеніміз не? «Иман» - араб сөзі. Қазақша «Сенім» - деген ұғымды білдіреді. Міне, осы сенімді біздер ғұмырлық мағынасы бар сан-алуан мазмұнға бөліп, түсінуге талпынамыз. Мәселен, Отанға сену, жолдас-жораға сену, ұстазға сену, отбасының берекесі - Аллаһ қосқан қосағыңа сену және т.б. да имандылық сенімдері. Енді, біз шариғат тілімен айтсақ. Иман көзге көрінбей тұрған ақиқатқа сену деген ұғымды қамтиды.
1. Алладан басқа ешбір Тәңір жоқтығына, Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың құлы, әрі елшісі болғандығына; 2. Періштелерге; 3. Кітаптарға (Таурат, Інжіл, Забур және Құран Кәрім); 4. Пайғамбарларға; 5. Жақсылық пен жамандық бір Алладан екендігіне; 6. Қиямет күніне; 7. Өлгеннен кейін қайта тірілуге сену.
Міне, осы жеті түрлі сенім - иманның түпкі негізі, Исламның іргетасы болып саналады. Аллаға иман келтіріп, осы жеті түрлі сенімді өз бойына сіңірген адамдар мұсылмандар деп аталады. Біз айтатын «Алланың адал пенделері» дегендер де, міне, осылар. Бұл тұрғыдан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: «Адамның сүйенер тірегі - оның ақылы. Ақылы жоқтың - діні жоқ». Демек, дінді ақылы бар адам ғана қабылдайды, жоғары бағалап, маңызын түсінеді. Дінді ақыл - ойдың шамшырағы деп қастерлеп, мұсылман болғандықтан шын көңілімен мақтаныш етеді.
Ал, нағыз мұсылман - өз ақыл - зейінімен Аллаға иман келтірген, ибадат намазына берік болса керек-ті. Иманды болу адамдардан шынайы адалдықты, еңбекқорлықты, бауырмалдықты, мейрімділік пен қайырымдылықты талап етеді.
Сөз соңында мұсылман жұрты атынан айтарым: Алланың рақымымен, Пайғамбарымыдың (с.ғ.с.) шапағатымен егемендігі одан сайын беки түсіп, көк байрағымыз желбіреп, халқымыз бейбітшілікте өмір сүріп, имандылығымыз арта берсін. Әмин!
Тараз қалалық «Әулие-ата»
мешітінің найб имамы
Баймаханов Ораз Тайжбекұлы