Үстіміздегі жылғы шағбан ай маусымның 10-күні басталады. Ол - қасиетті үш айдың бірегейі. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.
Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Айталық, бойымызды түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, мейлінше пәк жүрекпен қадам басу. Яғни, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғау.
Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):
إِذَا دَخَلَ شَعْبَانُ فَطَهِّرُوا أَنْفُسَكُمْ , وَأَحْسِنُوا نِيَّتَكُمْ فِيهِ
«Шағбан айы кіргенде, нәпсілеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», - деген (Мукашәфәтул-қулуб, әл-Ғазали, 291-бет).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шағбан айының көбін оразамен өткізетін болған. Айша анамыздан (р.а.) жеткен төмендегі бірқатар хадистер осының айғағы:
وَمَا رَأيْتُهُ فِي شَهْرٍ أَكْثَرَ مِنْهُ صِيَاماً مِنْ شَعْبَانَ
«Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағандығын көрмедім» (Мүслім, Сиям, 176);
كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم يَصُومُ حَتىَّ نَقُولَ لاَ يُفْطِرُ ، وَيُفْطِرُ حَتَّى نَقُولَ لاَ يَصُومُ ، فَمَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم اسْتَكْمَلَ صِيَامَ شَهْرٍ إِلاَّ رَمَضَانَ ، وَمَا رَأَيْتُهُ أَكْثَرَ صِيَاماً مِنْهُ فِي شَعْبَانَ
«Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла елшісінің рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім» (Бухари, Саум , 51);
«Кімде кім шағбан айының басында үш күн, ортасында үш күн және соңында үш күн ораза тұтса Алла тағала оған осы тұтқан оразасы үшін 70 пайғамбардың сауабын береді». (Зубдатул Уағизин. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)
«Сүйікті Алланың елшісі айлардың ешбірінде шағбан айындағыдай жиі ораза ұстамайтын және былай дейтін: «Шама-шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал - аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны» дейді (Муслим, саум, 177).
Бірде Усама (р.а.) шағбан айында көп ораза ұстауының хикметін білу үшін: «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», - деп сұрағанда: «Шағбан - адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын», - деген жауап естіген (Нисаи, Саум, 70).
Ал, Әнас (р.а.): «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?»- деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза»,- деп, ал «Қай садақа абзал?», - деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Рамазан айында берілген садақа», - деп жауап берген» (Тирмизи, Зекет, 28 Ибрахим Жанан, Кутуб әс-Ситта, аудармасы, 9/66).
Басқа бір хадисінде:
من عظم شعبان واتقى الله تعالى و عمل بطاعته و أمسك نفسه عن المعصية غفر الله تعالى ذنوبه، وآمنه من كل ما يكون قي تلك السنة من الأمرلض كلها
«Кімде кім шағбан айын құрмет тұтып, ол айда тақуалықпен Аллаға құлшылық етіп, жаман іс әрекеттер мен күналардан боыйн аулақ ұстаса Алла тағала күналарын кешіріп, сол жылғы болатын түрлі ауру-сырқаттан аман сақтайды.» (Зубдатул Уағизин. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)
Сондай-ақ, бұл айдың ерекшелігінің бірі - Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айту. Себебі, хадисте:
رَجَبُ شَهْرُاللهِ شَعْبَانُ شَهْرِي رَمَضَانُ شَهْرُ أُمَّتِي
«Ережеп - Алланың айы, шағбан - менің айым, рамазан - үмметімнің айы» деп, ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.
Бұл берекеге толы шағбан айын бекершілікпен өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнді ғибадатпен өткізіп, намаз оқыған абзал. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат арнаған жөн. Соңғы сөзімізде пайғамбарымыздың мына хадисін келте кетейік:
«Алла тағала бұл айда пенделерінің жасаған құлышлықтарын ескеріп дәрежелерін көтереді. Осылай дей келе: Білесіңдерме бұл айдың не себепті Шағбан деп аталғандығын? Сахабалар: Алла тағала және Оның елшісі білушірақ, деп жауап береді. Сол кезде пайғамбырымыз с.а.с.: себебі бұл айда жақсы амалдар өте көп болады, деп жауап берді.» (Раудатул ғулама. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)
БӘРААТ ТҮНІ
Қасиетті шағбан айының 15-і түн (маусымның 23 - 24-іне қараған түн) - Бәраат түні. Бұл түн - періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.
من أحيى ليلة النصف من شعبان لم يموت قلبه حين تموت القلوب
«Кімде кім Шағбан айының ортасындағы түнді яғни Барат түнін құлшылықпен өткізсе, қаншама жүректер өлседе оның жүрегі өлмейді.» (Зубдатул Уағизин. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)
Ато ибн Яасардан келген хадисте Пайғамбарымыз с.а.с. былай дейді:
ما من ليلة بعد ليلة القدر لأفضل من ليلة نصف شعبان
«Рамазан айындағы Қадір түніннен кейін, Шағбан айындағы 15 түннен яғни Бараат түнінен артық түн жоқ.» (Зубдатул Уағизин. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)
Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», - деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», - деп те айтқаны бар. (Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191).
Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбәрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, рахым) деген сияқты әртүрлі атаулармен атайды. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбәрак», кешірім тілегендерге, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешірімі берілетіндіктен «Бараат», сауапты амалдар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелейтіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарылқаушы Ұлы Жаратушыға мойынсұнар шақ болғандықтан «Рахым» атаулары берілген. Қай жағынан алып қарасақ та, құттылық пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.
Дайындаған:
Тараз қалалық «Әулие-ата»
мешітінің найб имамы
Баймаханов Ораз Тайжбекұлы