Адам алейһиссалам жаратылғаннан кейін маңдайына пайғамбарымыз Мұхаммедтің (алейһиссалам) нұры қонды. Ол нұр оның маңдайында жарқырай бастады. Құран Кәрімде көрсетілгеніндей Адам алейһиссаламнан бастап таза аталар мен аналардан өтіп, Пайғамбарымызға дейін келіп жетті. Мұны Аллаһу та’ала аятта былай көрсеткен: «Сен, яғни сенің нұрың әрдайым сәжде жасайтындардан өтіп, саған жеткен». (Шу’ара, 219). Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала адамдарды жаратты. Мені адамдардың ең жақсы бөлігінен пайда етті. Сосын осы бөліктердің ең жақсысын (Арабстанда) таңдады. Мені осылардан ішіне қойды. Сосын үйлерден, жанұялардан ең жақсысын таңдап, мені солардан келтіріп шығарды. Олай болса, менің рухым мен тәнім жаратылғандардың ішіндегі ең жақсысы. Менің ата-бабаларым ең жақсы адамдар» делінген.
Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала барлық нәрсені жоқтан бар етті. Барлық нәрсенің ішінен адамдарды жақсы көрді, қадірлі етті, адамдардың ішіндегі таңдағандарын Арабстанға қоныстандырды. Арабстандағы таңдалған адамдардың ішінен мені таңдады. Мені барлық замандарда таңдаулы адамдардың арасында болғызды. Олай болса, Арабстанда маған бағынатындарды жақсы көретіндер оларды мен үшін жақсы көреді. Оларға дұшпандық жасағандар маған дұшпандық жасаған болып саналады» делінген.
Жаратылған ең алғашқы адам болған Адам алейһиссалам Мұхаммед алейһиссаламның кішкентай бір бөлшегіне (жасуша) ие болғандықтан маңдайында Оның нұры жарқырап тұрды. Бұл кішкентай бөлшек хазіреті Хауаға, одан Шит алейһиссаламға, осылайша таза ер адамдардан таза әйелдерге, таза әйелдерден таза ер адамдарға өтті. Мұхаммед алейһиссаламның нұры да кішкентай бөлшекпен бірге маңдайлардан маңдайларға өтті. Періштелер Адам алейһиссаламның бетіне қарағанда Мұхаммед алейһиссаламның нұрын көріп, Оған истиғфар оқитын.
Адам алейһиссалам қайтыс болатын кезде ұлы Шит алейһиссаламға айтады: «Балам! Мына маңдайыңда жарқыраған нұр – соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның нұры. Оны иманды және таза әйелдерге тапсыр және кейін балаңа да осылай өсиет айт». Мұхаммед алейһиссаламға жеткенге дейін барлық әкелер балаларына осылай өсиет айтып келді. Барлығы осы өсиетті орындап, ең жақсы, ең ибалы қыздарға үйленді. Нұр таза адамдардан өтіп, иесіне жетті. Расулуллаһтың аталарының бірінің екі баласы болса немесе бір тайпа екіге бөлінсе, Пайғамбарымыздың нұры олардың ішіндегі қайырлысының жағынан табылатын. Барлық ғасырда Оның тегінің адамдары жүзіндегі нұрларынан белгілі болатын. Оның нұрын алып жүретін таңдаулы тайпа барлық ғасырларда халық арасында бір ер азаматының өте көркем және нұрлы жүзділігімен ерекшеленіп тұратын. Осы нұр қай жерде болса, сол арқылы өзі бауырларының ішінде таңдаулысы болып, оның қауымы да басқа қауымдардан жоғары, қадірлі болатын. Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде: «Менің аталарымның ешқайсысы зинақорлық жасаған емес. Аллаһу та’ала мені жақсы әкелерден, таза аналардан дүниеге келтірді. Ата-бабамның бірінің екі ұлы болса, мен олардың ең қайырлысында, ең жақсысында болатынмын» деген.
Адам алейһиссаламнан бері ұрпақтан ұрпаққа жеткен бұл нұр Тарухқа, одан баласы Ибрахим алейһиссаламға, одан ұлы Исмаил алейһиссаламға өткен. Оның күндей жарқыраған нұры балаларынан Аднанға, одан Мә’аддқа, одан Низарға жеткен. Низар туылғанда әкесі Мә’адд баласының маңдайындағы нұрды көріп, қуанып, халыққа үлкен дастархан ашады. «Мұндай бала үшін мұндай дастархан аз» дегендіктен баласының аты Низар («аз нәрсе» деген мағынада) болған. Бұдан кейін нұр кезекпен өзінің негізгі иесі пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламға жеткен.
Пайғамбарымыздың шығу тегі мынадай:
Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде былай дейді:
«Мен - Абдуллаһ, Абдулмутталиб, Хашим (Амр), Абду Манаф (Муғира), Қусай (Зайд), Килаб, Мүррә, Ка’б, Лүуәй, Ғалиб, Фихр, Малик, Надр, Кинанә, Хузайма, Мудрика (Амир), Ильяс, Мудар, Низар, Мә’адд, Аднанұлы Мұхаммедпін. Араларында мен болған жамағат қай кезде екіге бөлінсе, Аллаһу та’ала мені міндетті түрде олардың ең қайырлысында ұстайтын....». Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала Ибрахим ұлдарынан Исмаилды таңдады. Исмаил ұлдарынан Кинанә ұлдарын таңдады. Кинанә ұлдарынан Құрайшты таңдады. Құрайштан Хашим ұлдарын таңдады. Хашим ұлдарынан Абдулмутталиб ұлдарын таңдады. Абдулмутталиб ұлдарынан мені таңдады» деген.