Керуен

Керуен

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меккеліктер бұрыннан саудамен айналысып, күнкөріс напақаларын сонымен табатын. Пайғамбарымыздың көкесі Әбу Тәліп те саудамен шұғылданатын. Пайғамбарымыз жиырма бес жас шамаларында Меккеде күн көру қиындығы артқан еді. Сол себептен меккеліктер Шам қаласына баратын үлкен керуен дайындауға кірісіп кетті. Осы кездерде Әбу Тәліп пайғамбарымызға келіп: «Қымбатты інім! Кедейлік өршіп барады. Жұтпен күресуде өткізген соңғы жылдарымызда қолымызда ешнәрсе қалмады. Құрайш керуені сан-алуан тауарларын артып Шам қаласына қарай шыққалы тұр. Хадиша ханым да керуенмен зат жіберіп жатыр. Ол міндетті түрде осы керуенді аманат етіп тапсыратын бір сенімді адам іздейді. Сен сияқты адал, таза, турашыл адамды қалайтыны ақиқат. Барып сөйлесіп, сенің өкіл ретінде керуеннің басында баруыңды ұсынсақ, сені таңдайтыны күмәнсіз. Негізінде мен сенің Шамға барғаныңды қаламаймын. Өйткені, ол жердегі яһудилер саған бір зиян келтіре ме деп қорқамын. Бірақ, мына жұттан құтылу үшін басқа амал да жоқ» дейді. Пайғамбарымыз оған: «Сіз қалай қаласаңыз солай болсын» дейді.

Хазіреті Хадиша Арабстанда сұлулығы, даналығы, ибалығы, арлылығы және әдептілігімен танылған бай бір әйел еді. Сондықтан да жан-жақтан оның қолын сұрап келушілер, үйленгісі келетін беделді және атақты кісілер көп болды. Бірақ, бұл ибалы әйел бір көрген түсінен кейін ешкімге жылы қабақ танытпаған болатын. Түсінде көктен бір ай түсіп, қойнына кіреді, айдың нұры қолтығынан шығып, бүкіл әлемге сәулесін төккен болатын. Таңертең бұл түсті жорыту үшін туысы Уарақа бин Нәуфәлге айтады. Уарақа: «Ақырзаман пайғамбары дүниеге келіпті. Саған үйленіп, сенің дәуіріңде Оған уаһи түседі. Дінінің нұры әлемге төгіледі. Оған ең алдымен иман келтіретін сен боласың. Ол пайғамбар құрайштан және Бәни Хашимнен шығады» дейді. Хазіреті Хадиша бұл жауапқа қатты қуанып, сол күннен бастап пайғамбардың келуін сағынышпен күтеді.

Хазіреті Хадиша сауда-саттықпен айналысып, келісім жасасқан адамдарымен серіктес болып жан-жаққа керуендер жіберетін. Әбу Тәліп хазіреті Хадишаға сол керуендердің біріне басшылық етуге немере інісі болған пайғамбарымызды ұсынып,  жағдайды айтады. Хазіреті Хадиша пайғамбарымыздың өзін көріп, сөйлесіп-келісіп алу үшін үйіне шақырады. Пайғамбарымыз келгенде оған үлкен құрмет және сый-сияпат көрсетеді. Оның кішіпейілдігін, пәк дидарын көріп, қайран қалады. Пайғамбарымызға: «Турашыл, сенімді, жақсы мінезді екеніңізді білемін. Сізге бұл іс үшін әлі ешкімге бермеген іс-ақының бірнеше есе артық мөлшерін беремін...» дейді. Сөйтіп бұл жұмысқа керек болатын киімдер беріп, көңілі орнығып, Оны шығарып салады.

Хазіреті Хадиша өзі оқымысты христиан болған көкесінің ұлы Уәрақа бин Нәуфәлден пайғамбарлықтың белгілерін сұрап біліп алған еді. Пайғамбарымыздың осы келісінде оның пайғамбарлық сипаттарын көрген еді. Сондықтан Мәйсәра деген құлына: «Керуен Меккеден шығатын кезде түйенің ноқтасын Мұхаммед алейһиссаламға бер, меккеліктер бір өсек таратпасын. Қаладан шығып, көзден алыстағаннан кейін мына қымбат киімдерді оған кигіз» деді. Сосын ең әдемі түйесін сұлтандарға лайықты етіп жабдықтады. Мәйсәраға: «Оны осы түйеге үлкен құрметпен мінгізіп, ноқтаны қолыңа ал, өзіңді соның қызметкерімін деп біл. Оның рұқсатынсыз ешнәрсе істеме және оны қорғау үшін жаныңды аяма. Барған елдеріңде көп тұрақтамай, тез қайтыңдар. Әйтпесе Хашим ұлдарының алдында ұятқа қаламыз. Егер осы айтқандарымды толық орындасаң, сені азат етіп, өзіңе қалағаныңша мал-мүлік беремін» деді.

Керуен дайындалып, меккеліктер жақындарымен қоштасу үшін топталып жиналды, пайғамбарымыздың туыстары, көкелері және Хашим ұлдарының ұлылары да сол жерге жиналған еді. Пайғамбарымыздың бір қызметші киімін киіп, түйенің ноқтасын ұстап тұрғанын көрген әпкесі өзін ұстап тұра алмай тізерлеп отырып қалды. «Ей, Абдулмутталиб! Ей, Зәмзәм құдығын қазған ұлы адам! Ей, Абдуллаһ! Қабірлеріңнен бастарыңды көтеріп, мына киелі аманаттарыңа қараңдаршы» деп өксіп жылады. Әбу Тәліптің ішінде де осындай аянышты сезім айналып жатқан еді. Пайғамбарымыздың Хақты көретін қасиетті көздерінен жас ыршып: «Мені ұмытпаңдар. Бөтен елде қайғы шегетінімді естеріңнен шығармаңдар» деді. Бұл сөздерді естігендердің барлығы жыласты. Көктегі періштелер де бұл жағдайға мұңданып: «Ей, Раббымыз! Бұл Өзіңе сүйікті етіп таңдаған, ең ұлы мақамды берген – Мұхаммед алейһиссалам ғой. Оның мына қызметші жағдайына түсуінің сыры (хикметі) неде?» деп сұрады. Аллаһу та’ала оларға: «Иә, Ол менің хабибім, сүйіктім. Бірақ, сендер махаббаттың сырын біле алмайсыңдар. Сүйген мен сүйікті арасындағы сырларға жете алмайсыңдар. Бұл мәртебені ешкім біле алмайды. Бұл құпиядан ешкім ештеңе түсіне алмайды» деді.

Сөйтіп, керуен жолға шығып, Меккеден қашықтағаннан кейін Мәйсәра өзіне берілген бұйрық бойынша қымбат киімдерді пайғамбарымызға кигізді. Әр түрлі маталармен әшекейленген әдемі түйеге мінгізді. Түйенің жібін өз қолына алды.

Бұл сапарда керуендегілер әлемге рақымдылық ретінде жіберілген пайғамбарымыздың үстінде оған көлеңке түсіріп келе жатқан бір бұлт пен құс кейпіне енген екі періштенің бірге келе жатқанына куә болысты. Жолда жүре алмайтындай дәрежеде шаршап, керуеннен қалып қойған екі түйенің аяқтарын қолымен сипағанда олардың тұрып тез жүріп кеткенін көрген соң керуендегілер оны жақсы көріп, оның беделінің жоғары болатынын түсінді. Керуен Бусра деген қалаға жеткен кезде монастырға жақындау бір жерге қонды. Бірқатар белгілеріне қарап, Оның соңғы пайғамбар болатынын айтып кеткен дінбасы Бахира ол кезде қайтыс болып, орнына Настура деген поп келген еді. Монастырдың қасына келіп қонған құрайш керуеніне қарап отырған поп Настура жақын жердегі бір қураған ағаштың астына біреу келіп отырған кезде әлгі ағаштың көгергенін көргенде Мәйсәрадан: «Ана ағаштың астына барып отырған адам кім?» деп сұрады. Мәйсәра: «Бұл құрайш тайпасының Харем халқынан шыққан адам» деді. Дінбасы: «Осыған дейін бұл ағаштың астына пайғамбарлардан басқа ешкім отырған емес» деді. Сосын: «Оның көзінің қызылы бар ма?» деп сұрады. Мәйсәра: «Иә, бар, көзінен еш кетпейді» деді. Настура: «Иса пайғамбарға Інжілді жіберген Аллаһқа ант етемін мына кісі соңғы пайғамбар болады. Мен оған пайғамбарлық бұйырылған кезге жетсем екен» деді...

Мұхаммед алейһиссалам Бусра базарында Хадиша ханымның заттарын сатқан кезде онымен сауда жасасқан бір яһуди оған сенбей: «Лат» және «Узза» деген пұттардың атымен ант бер, сонда сенемін» деді. Мұхаммед алейһиссалам: «Мен ол пұттардың атымен ешқашан ант бермеймін. Олардың қасынан өткен кезде жүзімді басқа жаққа бұрамын» деді. Ондағы басқа да ғажайып белгілерді көрген яһуди: «Уаллаһи, бұл пайғамбар болатын адам. Ғалымдарымыз кітаптарда дәл осы адамның сипаттары жайлы жазылғанын айтқан» деп, таңданысын жасыра алмады.

Мәйсәра пайғамбарымыздан көрген және ол туралы естіген нәрселерін зейініне тоқып, оған деген таңданысы мен махаббаты барған сайын арта түскен еді. Енді Оған шын ықыласымен қызмет етіп, Оның әрбір айтқан нәрсесін бар жігерін салып орындай бастады.

Керуенмен апарылған заттар сатылып, пайғамбарымыздың берекесімен пайда бұрынғыдан бірнеше есе артық түскен еді. Керуен елге қарай жолға шықты. Мәрруззахран деген жерге жеткен кезде Мәйсәра сүйікті пайғамбарымызға Меккеге сүйінші хабарды сіз жеткізсеңіз деген ұсыныс білдірді. Пайғамбарымыз разы болып, керуеннен ажырап Меккеге қарай түйесін жылдамдатты.

Нәфисә бинти Муниййә ханым әңгімелейді: «Керуеннің келетін уақыты болып қалған еді. Бибі Хадиша күнде қызметшілерімен бірге сарайының шатырына шығып, керуеннің жолын көздейтін. Тағы да сондай күндердің бірінде мен де Хадиша ханымның қасында едім. Кенеттен алыстан түйеге мінген бір адам көрінді. Үстінде бір бұлт және құс кейпіне енген екі періште оған көлеңке түсіріп, пайғамбарымыздың маңдайындағы нұр айдай жарқырап келе жатты. Бибі Хадиша келе жатқан адамның кім екенін түсініп, көңілі жайланды. Бірақ, өзін білмегенге салып: «Мынандай ыстық күнде келе жатқан кім болды екен?» деп сұрады. Қызметшілер: «Бұл Мұхаммедке (алейһиссалам) ұқсайды» десті. Біраздан кейін пайғамбарымыз Хадиша ханымның үйіне жетіп келіп, жағдайдан хабардар етті. Әкелген сүйінші хабарларымен оны қатты қуандырды.»

Арадан біраз уақыт өтіп керуен Меккеге кіріп келді. Мәйсәра хазіреті Хадишаға жолда пайғамбарымызға бір бұлттың көлеңке түсіргені, дінбасы Настураның айтқандары, әлсіз түйелердің қалай жорғалап кеткені және соған ұқсас таңқаларлық оқиғаларды біртіндеп айтып берді. Пайғамбарымызды барынша мақтап-мадақтады. Хазіреті Хадиша бұларды білетін, бірақ бұл сөздер оның сенімін арттыра түсті. Мәйсәраға: «Көргендеріңді ешкімге айтпа» деп ескертті.

Хазіреті Хадиша осы естігендерін хабарлау үшін Уәрақа бин Нәуфәлдің үйіне асықты. Айтылғандарды таңырқап тыңдаған Уәрақа: «Ей, Хадиша. Егер осы айтқандарың рас болса, Мұхаммед алейһиссалам осы үмметтің пайғамбары болады» деді.

Пайғамбарымыз 12 жасында көкесі Әбу Тәліппен бірге сауда-саттық үшін керуенмен Бусраға дейін, 17 жасында көкесі Зубәйрмен бірге Йеменге, 20 жасында Шамға, ал 25 жасында болса Хадиша ханымның затын сату үшін тағы да Шамға барып, бәрі болып төрт рет сапарға шыққан еді. Осыдан кейін ол ешқайда сапар шеккен жоқ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: