Намаз оқу парыз.

Намаз оқу парыз.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Намаз - адам баласының тән тазалығы мен жан тазалығы. Адам намаз арқылы Алла тағалаға құлшылық етіп, өзінің пендешілігіне тәубе етеді. Намаз балиғат жасына жеткен, ақылы толысқан әрбір мұсылманға парыз. Намаз - Алла мен құлдың арасындағы байланыс негізі. Бес уақыт намаз оқу арқылы Алла тағаладан күнәларын кешірім сұрау. Құран Кәрімде «Ниса» сүресінің 103-аятында «Шындығында мұсылмандарға намазды уақытында оқу парыз етілді» - деді.

«Анкабут» сүресінде: «(Ей, Мұхаммед. Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды», - деген.

 

Алла Тағаланың  құдіретін, шеберлігін, ілімін, жалғыздығын, ұлылығын танытар жеке-жеке құдайылық мөр. Біз осыларға қарап Оны таныдық, әлі де тану үстіндеміз. Аллаһ Тағала Құран кәрімде «Мен жындар мен адам баласын  тек қана маған ғибадат  етсін деп  жараттым» - деді. Әрі намазда адамға парыз, сүннет ғибрат түнінің бәрі бар. Бір мұсылман намазға тұрғанда «Аллаһу әкбар» деп бастайды. Яғни, «Я, Ұлы Жаратушым! Мына әлемді сен жараттың. Мені де сен жараттың. Мен сенің құлыңмың. Сен Ұлысың», - дейді.  Одан кейін Аллаһты пәктеп, мадақтаған дұға оқылады.

 

Намаздың парыздығын теріске шығарған діннен шығады. Өйткені, намаз айқын аят, хадис және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Жалқаулық, немқұрайлылық себебімен намазды тастаған  күнәқар және пасық болады.

 

Намаз оқымау - дүние мен ақырет азабына себеп. Ақыреттегі азап туралы Құранда былай айтылады: «Олар жәннәтта тұрып күнәһарлардан «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?» - деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», - деп жауап қатады». Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әдейі намазды тастаған адамға Аллаһ пен Пайғамбардың көмегі болмайды», - дейді. «Кімде-кім жұма намазына немқұрайлықпен қараса, оны үш рет тәрк етсе, Аллаһ Тағала оның жүрегіне мөр басады» деген хадис те бар.

 

Кімде-кім намазын ұмытып немесе ұйықтап қалса және жалқаулықпен оқымаса, сол оқымаған намазының қазасын міндетті түрде оқиды. Хадис: «Кімде-кім ұйықтап қалып, ұмытып намазын оқи алмаса, еске түскен сәтте дереу оқысын» - деген. Ғибадат - жеке өмірге мән сыйлап, қалыпты тыныс-тіршік ағынын реттеумен қатар, адамның мәңгілік өмірге жасаған дайындығы болып табылады. Өмірін ғибадат арқылы өрнектеп, өзіндегі әсемдік пен әдеміліктің әрін аттырған адамның жасаған тірлігі де берекетке кенеледі. Ғибадат ақыреттегі мәңгілік бақыт мекені - жаннатқа қол жеткізудегі бірден-бір  себеп. Олай болса, пенделікке салынбай, нәпсіге ауыр тигеніне қарамастан асқан  сабырлылықпен ғибадат жасау екі дүниенің де бақытын ойлаған ақылды адамның ісі. Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Кейде қорқу мағынасында да қолданылады.

 

Әрине тақуалық бұл ардан да кең ұғымды қамтиды. Ол - дінді ерекше ынтамен   ұстана  отырып, әлемдегі заңдылықтарға бағынуды, жаһаннам мен жанннатқа жетелейтін амалдардан бастап, мәнсіз еліктеуден сақтануға дейінгінің барлығы да тегіс қамтитын ұғым. Осы тұрғыдан алғанда тақуалық - адам баласы үшін абырой мен құндылықтың бірден-бір қайнары. Міне, осыған орай Аллаһ тағала:  «Аллаһ алдында сендердің ең ардақтыларың - ең тақуа болғандарың» - деді.

 

Күн сайын бес уақыт намаз оқу алғаш бастаған адамға қиын көрінуі мүмкін. Алайда, сабырлықпен шыдап, намазбен шыңдалған кісіге, нұрландырса, белгілі бір уақыт өте бір  намазды қаза қылу да үлкен өкінішке айналды. Сонымен қатар, жылына бір рет ораза ұстау, белгілі уақттарда зекет беру, жағдайы келіп тұрғанда қажылыққа бару, жер бесіктен көр бесікке дейін ілім іздеу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю секілді ғибадаттардың барлығы үлкен сабырлылықты, асқан төзімділікті, қажымас қажырлылықты талап етеді.

 

Хадис: «Әр нәрсенің кілті бар болады. Намаздың кілті дәрет алу. Ал жәннәттің кілті - намаз».


Хадис: «Кімде-кім намазға жалқаулық етіп, немқұрайлы қараса, ол адамға Алла тағала  он бес түрлі жаза береді. Олардың алтауы осы дүниеде, үшекі өлер кезде қабірде, үшеуі қабырден шыққан соң - деді.

 

Осы дүниеде алатын 6 жазаны айтар болсақ:
1. Ол кісінің дүниесінде өмірінде береке болмас
2. Алла тағала ол кісінің жүзінен нұрын кетірер
3. Істеген істеріне сауап жазылмас
4. Алла тағала ол кісінің дұғасын аспанға көтермейді.
5. Осы дүниеде адамдар арасында абройсыз болар.
6. Ол кісі үшін біреудің еткен дұғасы қабыл болмас.

 

Енді  жан тапсырар  кездегі  3 жазасы:
1. Жан тапсырар кезде қатты  қиналар
2. Барша дүниенің тамағын  берсен де аш болып өлер
3. Дүниедегі бар теңіздің суын берсең де, сусап, шөлдеп өлер.

 

Қабірде  көретін 3 түрлі жаза .
1. Қабірі  тар болар
2. Қабірінің іші от болар
3. Қабірде «шужағу-л ақрағ» деген жылан шағып азаптар. Оның көзі оттан, тырнағы темірден, тырнағының ұзындығы бір күндік жолдай, даусы күркілдеген күндей қатты болар. Ол айтар: «Алла тағала сені таң намазын оқымағаның үшін бесін намазына дейін, бесін намазын  оқымағаның үшін аср намазына дейін, аср намазын оқымағаның үшін шам намазына дейін, шам намазын оқымағаның үшін құптан намазына дейін тұрып азаптауды бұйырды». Азаптаушы жылан әрбір ұрғанында күнәһар адам алпыс қарыс жердің астына дейін кіріп кетер. Жылан тырнағын қайта суытып алып, қайта ұрар. Осылайша  қиямет  күніне  дейін  намаз оқымаған адамды азап етер.

 

Қиямет күні көретін үш түрлі азабы:
1. Ол кісінің жүзін қатты отқа күйдірер.
2. Есеп-қисап берер кезде Алла тағала ашулы көзбен қарар.
3. Алла тағала ол кісіге қатты есеп қылар да тозақ отына тастауға әмір етер.

 

Ендеше, адамның міндеті тек қана ішіп-жеу емес, Алла тағалаға құлшылық жасау. Абай атамыз атқандай:


 
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті».

 

Алғысымызды ғибадат арқылы білдіруіміз - біздің ұмытылмас мідетіміз. Аллаһтан басқа тәңір жоқ деген негізге сүйенетін тарһид сенімі намаз арқылы қимыл, әрекетке көшеді. Исламның бес шартының алғашқысы иман болса, екіншісі намаз. Яғни, дініміздегі алғаш парыз болған құлшылық - намаз. Намаз мағынасы мен мәні терең құлшылық. Оның ішінде Аллаһты мадақтау, ұлықтау, оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келу әрі кешірім сұрап, жәрдем тілеу.   
Мұқағали Мақатаевтың «Аллаға  сыйыну» өлеңінде:

 

Сатқан емен.
Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі-жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің  соққанын  біліп жүрем.

 

Мұхаммедтің үмбеті - мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін  кеудемнен  ұшырған күн.

 

Алла - ақиқат.
Аллаға сеніп өтем.
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын - жолы бөтен - дейді.

 

Ғибадаттың үш шарты бар:
1. Құлшылық  жасауға деген ынта-ықылас болуы
2. Ниеттің адалдығы
3. Құлшылықтың қай түрі болса да шариғатқа тура келуі.

 

Жүрекпен, ыстық ықыласпен намаз оқу үшін жасалатын барлық дайындықтар да дәл намаз оқу секілді сауап әкеледі. Сол үшін адам әуелі артық нәрселерді тастап, намазда өзін алаңдататын барлық нәрселерден бойын аулақ ұстап, намазға ықыласпен тұруы тиіс. Намаз оқу сәтіңде болған барлығы сауап ретінде жазылады. Оның ниеті - алаңсыз беріліп намаз оқу.

 

Алла тағаланың бізге берген ғұмырын бос ойын, арзан күлкі, жағымсыз әдеттерге емес, осы дүниеде, ахретте де пайдасы тиетін ілім-білім, ғылым үйренуге жұмсайық. Себебі  білімсіз мұсылман Алла тағаланың шынайы діні - Исламның мән-мағынасын, қасиетін түсіне алмайды. Ол қараңғыда жалғыз аяқ жолмен келе жатқан жанға ұқсайды. Ал ондай жанның  адасуы да оңай. Олай болса, біз надандықпен күресіп, жарыққа, білім-ілім алуға ұмтылайық. Күнәдан тазарып құтылуға, намазға асығайық. Намаз - екі дүниенің шырағы. Бізді осы дүниенің азабынан, ахиреттің тозағынан құтқаратын тек біздің иманымыз бен оқыған намазымыз екенін ұмытпайық.

 

Ғайырфулла  Қуанышбекұлы,
Жамбыл ауданының бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: