Юнус Эмре – сопылық өкілі, Хаққа ғашық тұлға. Өлеңдері ғасырлар бойы құмартып, ғибратпен оқылған. Қысқасы орталық Азия халықтары үшін хазіреті Ахмед Яссауи қандай орын тұтса, Юнус Эмре де түркиялықтар мен балкандықтар үшін сондай қадірлі. Кесенесі Ескишехирдің Михалычжык ауданына қарасты Юнус Эмре деген ауылда. Басқа жерлерде де мазары бар екендігі айтылады.
1948 жылы Анкара-Ескишехир темір жолы салынып жатқан жылдарда жол Юнус Эмренің қабірі үстінен өтетін болғандықтан бұзылатын болды. Бірақ жұмысшылар қанша тырысса да мұны іске асыра алмайды. Тіпті бір жолы төселген рельстердің ажырап, 8-10 метр жерге ұшып түскені байқалған.
Осыған орай, жақын жердегі төбеге көшіру ойластырылды. Бұл істі бес адамнан тұратын кеңес жоспарлаған еді. Басқа ешкімнің хабары жоқ болатын. Дайындық жұмыстары аяқталды. Ертеңіне таңертең ешкімге айтпастан оны көшіреміз деп ойлады. Таңертең қабірдің басына барған бес кісілік кеңес 30 мыңнан астам адамның сол жерге жиналғанын көреді. Бұл адамдар қалай естігенін түсінбей қалады. Юнус Эмре қабірі мұқият түрде ашылады. 700 жыл өтсе де, денесі еш шірімеген. Бір қолы бетінде, бір қолы жүрегінің үстінде дәл бір ұйықтап жатқан адам секілді еді. Денесі ол жерден алынып, табытқа салынып, 100 метр жердегі мазарға көшірілді. 100 метрлік жерге 3 сағатта әрең жетеді.