Мұсылманның екі мерекесі бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт. Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi».
Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. «Ъада» сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – «иъадат», яғни «хал сұрасу», «бiр-бiрiн қуанту», «қуанышқа топталу». Демек, айт сөзiн «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді».
Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi айт күні жұма намазындағыдай көп-шiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.
Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жү-зiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пай-ғамбардың шапағаты, жән-нәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.
Айтта шариғат мұсылман-дарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiн-деттi түрде бiр-бiрiмен татула-суды бұйырады.
Айт намазы
Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiздiң ұраны болғандықтан, Пайғамбары-мыз (с.ғ.с.) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғиба-даттармен басталады.
Айт намазына мешiтке бара жатқанда такбир айтқан дұрыс. Рамазан айтта такбир iштен, ал құрбан айтта жария, дауыстап айтылады.
Айт намазының уақыты – күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн.
Айт намазы мерекенің ал-ғашқы күнi оқылуы тиiс. Ол жұма намазы парыз болған адамдарға уәжiп. Намаз – жұма оқылатын мешiттерде немесе келiсiлген алаңда жиналып оқылады. Пайғамбар заманын-да мешiтке сыймағандықтан, Мәдина қаласындағы пайғам-бар мешiтiне жақын жердегi кең орында оқылған.
Айт намазы екi рәкағат, намаз соңынан хұтба оқыла-ды. Хұтпада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамағатқа уағыз-наси-хат айтатын болған.
Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – азан мен қамат айтылмайды.
Айт күнi момын-мұсыл-мандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды.
Тарихтан тағылым
Ислам дiнiнiң алғашқы уағынан бастап айт мейрамы-на бала-шаға, ел-жұрт түгел жиылып, Алла Елшiсiнiң (с.ғ.с.) мерекеге арналған үгiт-насихаттарына, өсиеттерiне құлақ түретін. Мерекеге арна-лып өткiзiлетiн түрлi iс-шараларды халық болып бірге тамашалайтын. Тәттi тағам жеудi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де ұнататын. Ол кісі ораза айтқа ең болмағанда бiр құрма жеп шығатын болған.
990-991 жылдары Бағдат қаласында ораза айт мереке-сіне арналып ұзындығы 150 метр дастарқан жайылып, тәттi тағамдармен толтырылып, ха-лыққа ұсынылған.
Ал, Аббасилер Х ғасырда Ислам мерекелерiн насихаттау үшiн, әсiресе Византияға көршiлес Тарсус және Аусым секiлдi қалаларда ислами мейрамдарды өте жоғарғы деңгейде өткiзiп отырған.
Фатимиттер айтты «йд әл-Хуләл», яғни «киiм мерекесi» деп атайтын. Өйткенi халифа жұртты мерекемен құттықтау үшiн сарайдан мешiтке дейiн әдемi киiнген сарай нөкерлерiн жолдың екi жағына тұрғызып, өзi тамаша киiнiп, жолмен жаяу баратын болған. Халифаның артында тамаша керуен, онда безендiрiлген пiл, оның үстiнде бiр сарбаз отыратын.
Халифа Әзиз Билләһтің (976-996) кезiнде «Дар әл-Фитра» деп аталатын тек тәттi тағамдар жасайтын асхананы ережеп айының ортасынан бастап iске қостыратын. Ол асхана ораза iшiнде ауызашарға көптеген тапсырыстар орындайтын. Айт намазынан кейiн халифа үлкен дастарқан жайып қонақ күтетiн. Ол қонаққа Каирдағы басқа дiн өкiлдерi де шақырылатын.
Мұсылманшылығы өркен-деген бүгінгі Түркия елінде «шекер» дейтiн тәттi тағам ораза айтқа арналып дайын-далады екен. Сондықтан да Рамазан айт мерекесiн олар тағамның атымен «шекер байрам» деп те атап кеткен.
Қазақ елі де өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастарқан жаяды. Ата-бабамыз ысырапқа бармай айттап келушi қонақтарға құрмет көрсетуді мұсылмандық іс деп білген. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ең маңызды қасиеті. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн», – дейді. Тағы бiр хадисінде дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ екенін айтып өткен. Ал, халқымыз «Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың», – деген даналық сөз қалдырған.
Бауырмалдыққа баулитын сәт
Айт мейрамында ата-ана-ларымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағ-дайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-анала-рыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыс-тығы бар көршi), бөгде көр-шiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақ-сылық жасаңдар», – дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды», – деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.
Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсыл-маншылыққа тәрбиеленеді.
Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мей-рамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады», – деп ортаншы және сұқ саусақтарын көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. «Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман Алла тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты. Немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi», – дейді Алла елшісі (с.ғ.с.).
Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына да-рыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ре-тiнде берілуі уәжiп етілдi», – дейді (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiн-шi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Бақтыбай Қыдырбайұлы,
С. Ғылмани мешітінің
Бас имамы,
Астана қаласы