1.Пайғамбарымыздың (ﷺ) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуі қияметтің алғашқы белгілерінен. Себебі, ол (ﷺ) Сәһл ибн Сағдтан (р.а) келген хадисте:
عن سهل بن سعد رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ : بُعِثْتُ أنَا وَالسَّاعَةَ كَهَاتَيْ وَأشَارَ بِأصْبُعَيْهِ السَّبَّابَةِ وَالّتِي تَلِيهَا
«Қияметпен мен бірге былай жіберілдім», - деп сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткен. Бұл хадисте ғұламаларымыз: сұқ саусақпен ортаңғы саусақтың жақын екені белгілі. Яғни, қияметтің өте жақын екенін меңзейді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (ﷺ) соңғы пайғамбар, одан кейін еш пайғамбар болмайтындығын, қиямет сағатының өте жақын екендігін, әрі оның әкелген діні қияметке дейін жалғасатындығына дәлелдер бар деген.
2.Фитнаның шығуы, мұсылмандардың арасында үлкен, кіші әртүрлі фитнаның белең алуы. Бүліктің кең тарауы сонша ешбір үй одан аман қалмайды, фитнаның басы ардақты сахаба Осман (р.а.) өлімінен басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын табуы, мұсылмандар өлімінің көбеюі, мұсылманның мұсылман бауырына қару көтеруі, мақсаттары бір мұсылмандардың арасындағы бүлік. Қазір тыныш жүрген кісінің өзі неше түрлі бүліктің бел ортасында өмір сүруде. Телеарналарда, әртүрлі журналдарда, интернет сайттарында арсыздықты насихаттайтын бейнекөріністердің көбеюі. Соның дәлелі жастар арасында ұялы телефон арқылы көшіріліп, көбейтіліп жатқан харам видеолар мен суреттерді көріп тамашалау сынды көптеген бүліктер біздің қоғамда кеңінен өршіп тұр. Бұған өсім жеу, парақорлық, арақ-шарап сияқты харам сауда, анайы киім-кешек саудасы секілді харам дүние-мүліктің бүлігін қосып қойыңыз. Қазіргі таңда бұл бүліктердің адамдар арасына дендеп кіргені сонша, Құдайдан қорқатын тақуа адам қоғамда бөтен болып көріне бастады. Алладан қорқып бұл арсыздықтардан аулақ болған жан ғана бүліктерден аман қалмақ.
عن أنسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ : يَكُونَ بَيْنَ يَدَى السَّاعَةِ فِتَنٌ كَقِطَعِ اللَّيْلِ الْمُظْلِمِ، يُصْبِحُ الرَّجُلُ مُؤْمِناً وَيُمسِي كَافِراً. وَيُمْسِي مُؤْمِناً وَيُصْبِحُ كَافِراً، وَيَبِيعُ أقْوَامٌ دِينَهُمْ بِعَرَضٍ مِنَ الْدُّنْيَا. أخرجه الترمذي.
Әнәс ибн Мәліктің (р.а) жеткізген хадисінде: «Қиямет болудан бұрын қою қараңғы түннің бөліктеріндей фитналар орын алады. Ол кезде адамдар мүмін күйінде таң атырып, кәпір болып кеш батырады, мүмін болып кеш батырып, кәпір күйінде таң атырады және болмашы дүниелік пайда үшін дінін сатады» делінген. Яғни хадисте, иманның әлсірейтіндігі сонша адамның бір тәулікте осыншама құбылатындығы бүліктің қаншалықты үлкен болатындығын білдіреді. Осындай кезде, дініне берік болған адам қолына шоқ ұстағанмен бірдей екендігі хадистерде айтылады.
3.Соғыс, шапқыншылықтың көбеюі. Себепсіз адам өлімінің көбеюі.
عن أبي هريرة رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ :لا تَقُومُ السّاعَةُ حَتّى يَكّثُرَ الْهَرْجُ. قَالُوا: وَمَا الْهَرْجُ؟ قَالَ: الْقتْلُ، القَتْلُ
Пайғамбарымыздың (ﷺ) Әбу Һұрайрадан (р.а.) келген хадисінде: «Ақырзаман һәрж көбеймейінше басталмайды»делінген. Сонда жанындағылар «Һәрж деген не?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Өлім, Өлім» деп жауап береді. Сол сияқты хадисте:
عنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ ، لَا تَذْهَبُ الدُّنْيَا حَتَّى يَأْتِيَ عَلَى النَّاسِ يَوْمٌ لَا يَدْرِي الْقَاتِلُ فِيمَ قَتَلَ ، وَلَا الْمَقْتُولُ فِيمَ قُتِلَ ، فَقِيلَ : كَيْفَ يَكُونُ ذَلِكَ ؟ قَالَ : الْهَرْجُ،
الْقَاتِلُ وَالْمَقْتُولُ فِي النَّارِ
«Жанымның иесінің атымен ант етейін! Кісі өлтіруші өзінің не үшін өлтіргенін, ал өлген адам өзінің не үшін өлгенін білмейтін уақыт келмейінше ақыр заман болмайды» делінген. Сонда қасындағылар: «Бұл қалайша болады?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Өлтіруші де, өлуші де Тозаққа кететін өлтірулер болады», - деген. Дүние жүзінде болып жатқан әртүрлі соғыстар, көтерілістер, қан төгіс қырғындар осыған дәлел.
Мысалы:
Бірінші дүниежүзілік соғыс: 15 миллион адам өлген;
Екінші дүниежүзілік соғыс: 55 миллион адам өлген;
Вьетнам соғысы: 3 миллион адам өлген;
Ресей азаматтық соғысы: 10 миллион адам өлген;
Испан азаматтық соғысы: 12 миллион адам өлген;
Ирак-Иран соғысы: 1 миллион адам өлген
عن حذيفة رَضِيَ اللَّهُ عَنْه قال: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ : وَالّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتّى تَقْتُلُوا إمَامَكُمْ وَتَجْتَلِدُوا بِأسْيَافِكُمْ وَيَرِثَ دُنْيَاكُمْ شِرَارُكُمْ
Хузайфаның (р.а) жеткізген хадисінде: «Жанымның иесінің атымен ант етейін! Басшыларыңызды өлтірмейінше, бір-біріңізге қылыш сермемейінше және дүние мүлікке (басшылыққа) ең жамандарыңыз ие болмайынша қиямет болмайды»-деген. Күнімізде болып жатқан әр түрлі басшыға қарсы келу, мұсылмандардың бір біріне қару кезенулері, күнәһар байлардың жасап жатқан ысыраптары, жас буынның арасындағы бей берекесіздіктер бәрі бұған дәлел болса керек.
Абай атамыздың өлеңіндегі:
Заман ақыр жастары,
Келіспес еш бастары.
Бір біріне қастыққа,
Қойнына тыққан тастары...деген жолдары осыны меңзесе керек.
4.Шыншыл адамдарға сенбей, өтірікші адамдарға сену. Білімнің жоғалып, надандықтың жайылуы.
Бір күні Әбу Муса әл-Әшғари мен Абдулла ибн Мәсғуд (р.а) отырып хадис қайталайды. Сол кезде Әбу Муса (р.а):
إِنَّ بَيْنَ يَدَيِ السَّاعَةِ أَيَّامًا يُرْفَعُ فِيهَا الْعِلْمُ ، وَيَنْزِلُ فِيهَا الْجَهْلُ ، وَيَكْثُرُ فِيهَا الْهَرْجُ
«Қияметтен бұрын сондай күндер келеді, ілім азайып, надандық жайылады»-деген Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисін жеткізеді.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ أَنَّهُ قَالَ : سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، يَقُولُ : " إِنَّ اللَّهَ لا يَنْزِعُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا مِنَ النَّاسِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ ، حَتَّى إِذَا لَمْ يَتْرُكْ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالا ، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا
Сахаба Абдулла ибн Амр ибн Ас (р.а) Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Расында Алла Тағала пенделерінен ілімді тартып алмайды, бірақ ілімді ғалымдарды алу (дүниеден өтуі) арқылы жояды. Ол бірде –бір ғұлама (тірі) қалдырмаған кезде адамдар білімсіз надандарды өздеріне басшы қылып алады. Сөйтіп, оларға сұрақтар қойылса, білімі болмаса да жауап береді. Нәтижесінде өздері де адасады, өзгелерді де адастырады».
Пайғамбарымыз (ﷺ):
اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالًا ، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا
«(Қиямет жақындағанда) адамдар білімсіз надандарды басшы қылып алады. Сөйтіп, олар пәтуә береді де өзі де, өзгелер де адасады», - дейді. Осы жағдай біздің заманымызда көрініс табуда. Білімсіз надандар өздерін ғалым санап сан ғасырлардан бері келе жатқан дініміздің ілім мирасына қарсы шығып, үлкен ғұламаларға тіл тигізіп, мұсылмандардың ортасында бүліктер шығаруда. Мұндай надандар адамдар арасында ғалым, білгір болып саналуда. Үмметтің үлкен ғұламалары сенімсіз, надан, дінді бұзған, қиянатшыл болып көрсетілуде. Имам Ахметтің риуаят еткен хадисінде:
لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَظْهَرَ الْفُحْشُ وَالتَّفَاحُشُ وَقَطِيعَةُ الرَّحِمِ وَسُوءُ الْمُجَاوَرَةِ وَحَتَّى يُؤْتَمَنَ الْخَائِنُ وَيُخَوَّنَ الْأَمِينُ
«Әдепсіздік және арсыздық ашық жасалмайынша, көршілербір-бірімен ұрысып араздаспайынша, қиянатшылдар сенімді болып, сенімділер сенімсіз болып көрінбейінше, қиямет болмайды», - деген хадисі бұған дәлел болса керек.
Сондай надан ғалымдар жайлы сахаба Хузайфа ибн Иәмәни (р.а) Пайғамбарымыздың (ﷺ):
دُعَاةٌ على أبْوَابِ جَهَنَّمَ، مَنْ أجَابَهُمْ إلَيْهَا قَذَفُوهُ فيهَا. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللّهِ، فَمَا تَأمُرُنِى إنْ أدْرَكَنِى ذلكَ؟ قَالَ: تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمينَ وإمَامَهُمْ
«Жәһәннамның есігіне шақыратын дағуатшылар болады. Кім оларға көніп соңынан жүрсе, олар бұны тозаққа кіргізеді», - дегенін естіп, егер мен ол күнде өмір сүрсем, маған нені істеуімді бұйырар едіңіз деп сұрап едім: «Мұсылмандардың жамағатымен бірге бол, имамдарына мойынсұн»(Имам зұлымдық қылып ұрса да, дүниеңді тартып алса да) деген хадисін жеткізеді.
Хадисте меңзелген жамағат ол – Имам Матуриди, Имам Әшғари және амалдағы төрт мәзһабтан құралған Әһлү Сүннет уәл-Жамағатты ұстанушы мұсылмандар.
5.Ата-ананы сыйламау, туыстық қатынастардың үзілуі және танығандармен ғана сәлемдесу. Пайғамбарымыз (ﷺ):
أَنَّ بَيْنَ يَدَيْ السَّاعَةِ تَسْلِيمَ الْخَاصَّةِ ، وَفُشُوَّ التِّجَارَةِ ، حَتَّى تُعِينَ الْمَرْأَةُ زَوْجَهَا عَلَى التِّجَارَةِ ، وَقَطْعَ الْأَرْحَامِ، وَشَهَادَةَ الزُّورِ ، وَكِتْمَانَ شَهَادَةِ الْحَقِّ ، وَظُهُورَ الْقَلَمِ
«Ақырзаман болардың алдында адамдар тек өздерінің таныстарымен амандасады және жер-жерде жаппай саудамен айналысады. Бұл іспен тіпті ерлер мен бірге әйелдер де айналысатын болады. Туысқандармен қатынасын үзіп, жазу көбейеді, шындықты жасырып, жалған куәлік береді». Тек таныстарға сәлем беру біздің заманымыздағы жағдай. Таныса сәлем беру, танымаса, сәлем бермеу. Баланың ата-анасына қарсы келуі, үлкендерді сыйламауы, балалардың ата-аналарын айтқанына көндіруі, туыстардың қарым қатынасы, бір-біріне жәрдемі азаюы - қияметтің белгісі болып табылады. Оған жоғарыда келтірген хадистеріміз дәлел. Адамдар арасында байланыс нығайып, махаббат орнауы үшін Алла Тағала оларға бір-біріне сәлемдесуді бұйырды. Әбу Һұрайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):
لا تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ حَتَّى تُؤْمِنُوا ، وَلا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا ، أَوَلا أَدُلُّكُمْ عَلَى شَيْءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ ؟ أَفْشُوا السَّلامَ بَيْنَكُمْ
«Сендер иман келтірмейінше, Жаннатқа кірмейсіңдер және бір-біріңді жақсы көрмейінше иманға келмейсіңдер. Егер орындасаңдар, бір-біріңді жақсы көретін бір нәрсеге нұсқайын ба? Араларыңда сәлемді таратыңдар», - деп айтқан.
Ал, адамдар бір-біріне ортақ сәлем бермей, жеке-жеке сәлемдесу қиямет белгісіне жатады. Яғни, кісі өзі танитын адамдарға ғана сәлем беріп, ал танымайтындармен сәлемдеспейді. Ал сүннет бойынша, танитынға да, танымайтынға да сәлем берілуі лазым.
Мұнан 300 жыл бұрын Мөңке би былай айтқан екен:
«Құрамалы қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасыз,
Ай сайын бас қосқан жиын болады,
Ішінен шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады,
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын
Бежірей деген қызың болады,
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Бетіңнен алып түсер інің болады.
Қиналғанда қайырымы жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға сөзі өтпейтін кәрің болады,
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді.
Бұқараны құм алады,
төрткүл дүниені су алады.
Соның бәрін көресің,
көріп барып өлесің»...