Бір күні Имам Ағзам Әбу Ханифаға (р.а.) бір әйел келіп: «Сен бізді екі жыл бұрын мені күйеуіммен арамызда некемізді қиып үйлендіріп едің, ал қазір ажырат. Мен онымен тұрмыс құрғым келмейді», - дейді.
Таң қалған имам: «Сенің ажырасқың келген себеп не еді?» - деп сұрайды.
Әлгі әйел себебін: «Басқа әйелдердің күйеулері уақытында үйлеріне оралады, менікі күнде кеш келеді. Сол үшін үйде күнде жанжал», - деп түсіндіреді.
– Себебі осы ғана ма?
– Ия, мен осындай кемшілігі бар адаммен тұрмаймын
– Ажыратуын ажыратамын, бір шартым бар. Үйіңе барып маған дәмді әрі үлкен етіп нан пісіріп алып кел. Бірақ нанды пісіргенде үйден еш нәрсе алушы болма, ұнды, суды тіпті тұзды да көршілеріңнен сұрап ал және оларға міндетті түрде не үшін екенін айт.
Әлгі әйел үйіне қайтып іске кіріседі. Көрші әйелге кіріп: «Мәриәм, маған бір кесе су берші», – деп су сұрайды. Көршісі: «Сендердің үйлеріңде құдық бар еді ғой, суы бітті ме?» - деп сұрағасын: «Үйде су бар, мен имамға күйеуімнің үстінен шағымданып, ажыратып беруін сұрап барып едім», - деп бәрін бастан-аяқ айтып түсіндіреді. Сол-ақ екен, көршісі күрсініп: «Ойбуй, сен менің күйеуімді білмейсің ғой», - деп шағымын айта жөнеледі.
Одан соң екінші бір көршісінен тұз сұрай барады. Көршісі: «Бір қасық тұз сұрап тұрғаның қызық екен, үйіңде тұз жоқ па?» – дейді. «Тұз бар, мен имамға ажыратып бер деп күйеуімнің үстінен шағым айта барғанмын», – деп түсіндіре бастағаны сол еді, көршісі бар даусымен: «Әй, сен менің күйеуімді білсең ғой», – деп өз күйеуінің кемшіліктерін айта жөнеледі. Әлгі әйел қайсы үйге кірсе де әйелдер өз күйеулеріне шағымын айта бастайды.
Әйел ақырында нанды дәмді, үлкен етіп пісіріп имам Әбу Ханифаға (р.а.) алып келіп: «Рахмет сізге, әулетіңізбен менің пісірген асымнан ауыз тиіңіз, бірақ мені күйеуімнен ажырата көрмеңіз», - дейді. «Неліктен, қызым, саған не болды?» - деп таңырқағансып Имам Әбу Ханифа (р.а.) сауал қояды. Сондағы әйелдің жауабы: «Менің қожайыным бәрінен (көршілерімнің күйеулерінен) жақсы екен», - болыпты.
asyldin.kz