ҚИЯМЕТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ

ҚИЯМЕТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 XVIII-XIX ғасырлар арасында өмір сүрген Шал ақын (шын аты -Тілеуке Құлекеұлы 1748-1819 жж.)бір өлеңінде:

    «Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

    Атадан арыстан туып ассаң-дағы,

    Алладан шыныменен жарлық келсе,

    Жұлдыз да жерге түсер аспандағы

    Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң», - деп жырлаған болатын.

    Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң… депті. Міне осы жыр шумақтарындағы «Алладан шыныменен жарлық келсе, Жұлдыз да жерге түсер аспандағы...» деген өлең жолдарынан  дүниенің бір соңы бар екенін, ол күнді халқымыз баяғыдан-ақ біліп, «Заманақыр, ақырзаман, Қиямет-қайым, қиямет күні, қиямет...» т.б. әртүрлі атаулармен атап келгенін көреміз.

Қиямет күнінің (ақырзаман) болатыны жайлы Алла Тағала тарапынан түскен кітаптардың барлығында айтылады және барлық діндердің сенімінде бар. Мұсылман адамның иманы дұрыс болуы үшін қияметке, өлімнен кейінгі өмірге еш күмәнсіз сенуі керек.

Құранда қияметтік кезеңмен байланысты мынадай сөздер бар: әс-Саат (уақыт), әл-Уақия (нақты түрде болатын), әт-Тамматул кубра (үлкен апат, үлкен азап), әл-Хаққа (ақиқат болған), әл-Ғашия (азабымен бірден орап әкететін) т.б.

 Қасиетті Құранда, ақырзаманның, яки қияметтің қашан болатыны тек Аллаға ғана мәлім екені айтылған. Мысалы, «Нәміл» сүресінің 65-аятында:

قُلْ لَا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ

«Көктер мен жердегі көместі Алладан басқа ешкім білмейді» делінген.

Бұл дүниенің соңы бар екеніне еш күмән келтірмейміз. Бірақ бұл дүниенің соңы дегеніміз жер шарының соңы емес. Шариғатымыздан білгеніміздей, бұл жерде басқа өмірдің басталуы – мәңгілік ақырет өмірі туралы. Бірақ осы жалған өмірдің қай күні бітетіні тек қана бір Аллаға мәлім. Ол күн туралы жіберілген Пайғамбарлар мен періштелер де хабардар емес. Пайғамбарымызға (ﷺ) Жәбірейіл періште (ғ.с.) адам кейпінде келіп, бірнеше сұрақтар қойған. Солардың бірі – «Қиямет қашан болады?» деген сұрақ. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол туралы сұралушы сұраушыдан жақсы білмейді», - деп жауап береді. Яғни, мен де, сұрап тұрған сен де, басқа жан да білмейді дегені. Пайғамбарымыздан (ﷺ) мүшріктер қиямет сағаты туралы сұрайды. Ал, қиямет Алладан басқа ешкімге белгісіз. Сонда Алла Тағала былай деп жауап береді:

﴿يَسْأَلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ أَيَّانَ مُرْسَاهَا  قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ رَبِّي  لَا يُجَلِّيهَا لِوَقْتِهَا إِلَّا هُوَ  ثَقُلَتْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ  لَا تَأْتِيكُمْ إِلَّا بَغْتَةً  يَسْأَلُونَكَ كَأَنَّكَ حَفِيٌّ عَنْهَا  قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ اللَّهِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ ١٨٧﴾

«Мұхаммед (ғ.с) Олар сенен қияметтің қашан болатынын сұрайды, «шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (қиямет) сендерге кенеттен –ақ келеді» -де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді» де.

Бұл аяттан бізге белгілі болғандай, осы өмірдің біту уақыты және қиямет күнінің басталуы белгілі. Ал ол уақыттың қашан келетіні тек Аллаға ғана аян. Пайғамбарымыз (ﷺ) Қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға ұдайы: «Оның уақытын Алла Тағала біледі», - деп жауап беретін. Тағы бір хадистерде Пайғамбарымыз (ﷺ) «Қиямет қашан болады?» - деп сұраған адамға: «Ол күн үшін не дайындадың?» - деген екен. Демек, мұсылман адам үшін ең маңыздысы қиямет күнге дайындық жасау. Дегенмен, Пайғамбарымыз (ﷺ) қиямет қайымның уақытын айтпағанымен көптеген хадистерінде оның белгілері туралы мәлімет берген. Бұл белгілерді ғұламаларымыз екіге бөледі: 1) кіші белгілері; 2) үлкен белгілері.

Мұсылман адам Қияметтің белгілеріне атүсті қарауына болмайды. Өйткені біз қияметтің алдында өмір сүрудеміз. Және жан-жағымызда болып жатқан қиямет белгілеріне мән беру арқылы иманымызды күшейтуге мүмкіндік бар. Бейғамдық мұсылманды иманнан алыстатып, тақуалықтан тосады һәм қиямет азабын ұмыттырады. Қияметтің кіші белгілерінің кейбірі болып кетті және кейбірі дәл қазір жер бетінде болып та жатыр. Әр нәрсенің тозығы жеткенде жарамсыз болып немесе сапасының төмендейтіні секілді қияметке жақын адам баласы азып-тозып, хақ сипатынан ажырап, дүниенің де жүйесі бұзыла бастайды. Бұлар Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде айтылған кіші белгілер қатарына кіреді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: