Арақ туралы аяттың түсіндірмесі (жалғасы бар)

Арақ туралы аяттың түсіндірмесі (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» (5:90-91) - деп бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.

Міне, бұл екі аятта Алла Тағала арақты жоғары дәрежеде харам деп әмір етуде. Арақ құмар ойыны, пұт және бал ашумен қатар бірге айтылған. Бұлардың барлығын ең лас нәрсе деп қайтаруда. Ең лас сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім нәрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам. Аятта Жаратушы арақтан алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, әлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатын амалдар айтылуда. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Аталған аят соңында Алла Тағала адамдарға бұйыра «...сонда да безбейсіңдер ме?» деп сауал қойды. Сонда осы аятты естіген сол кездегі мұсылмандар: «Раббым! Біз түбегейлі тиылдық», – деп жауап қатқан.

Исламға дейін араб халқы араққа салынып кеткен еді. Тіпті оларда арақтың жүзден астам түрі болды. Олар араққа арнап өлеңдер жазатын. Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Арақты кезекті жүйемен, бірте-бірте харам етумен түбегейлі тыйды. Әуелгі уақытта арақтың күнәсі пайдасынан көбіректігі жайлы үкім түсті. Сосын намазға тұрғанда мас күйде болмауды тыйым етті. Соңында  кейін түбегейлі тыйым етілгендігі туралы аят түсті. 

Арақтың анықтамасы мен мөлшері жайлы
Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: