Қасиетті айға, оның аса қадірлі Қадір түні кездесетін соңғы түндеріне есен-сау жеткізген Аллаһқа мақтаулар болсын! Елшісі Мұхаммедке, салауаттар мен сәлемдер, оның үй іші мен сахабаларына, соңынан ерген барша мұсылманға Аллаһтың рахымы мен берекеті жаусын!
Қадірі мың айдан да артық болған Қадір түнінің ұлықтығы жайлы Құранда: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Әй, Мұхаммад!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебірейіл ол кеште Раббысының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады» («Ләйләтул-Қадр» сүресі, 1-5), ‒ делініп, арнайы сүреде баян етіледі.
Құранның тағы бір сүресінде Аллаһ Тағала Қадір түнінің құтты екенін білдіріп: «Айқын Кітаппен ант! Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айрылады. Бұл Өз қасымыздан бір бұйрық. Расында елшілерді жіберушіміз» («Духан» сүресі, 2-5), ‒ деп сипаттайды.
Осы аятқа қатысты Ибн Аббас (оған Аллаһ разы болсын): «Аллаһ Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден «сақтаулы тақтадан» (Ләухул-махфуз) «Ұлылық үйі» деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал, бұдан кейін, Аллаһ Құранды Өзінің Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбірәйіл періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты) жиырма үш жыл бойы түсірді», ‒ деп түсініктеме берген. (“Тафсир әт-Табари” 2/144)
Қадір түнінің игілігі туралы Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Рамазан келгенде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!» ‒ деп айтты», ‒ деп жеткізеді. (Ибн Мәжаһ 1/289).
Қадір түні ‒ тағдыр түні
Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі. Бұл туралы ғұлама Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Оның бұлай аталуының себебі, Алла тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, тағы басқа үкімдерді белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафиль, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», ‒ деген.
Ал, Абдуллаһ Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуінен разы болсын): «Сол түні кітаптың анасынан, яғни Ләухул Махфуздан бір жылдың ішінде кімге қанша ризық бөлінетіні, қашан қанша жаңбыр жауатыны, кімнің дүниеге келетіні, кімнің дүние салатыны, кімнің қажылыққа баратыны да жазылады», ‒ деген.
Қадір түнінде кімдердің қажылық жасайтынына дейін жазылатыны жайлы Икрима ғалым: «Қадір түнінде бір жыл ішінде Аллаһтың үйі ‒ Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасайтындардың есімдері әкелерінің есімдерімен қосылып жазылады», ‒ деген.
Қадір түнінің «қадір» деп аталуының себебі
Бұған қатысты ғұлама Әбу Бакр Уаррақ: «Қадір түнінің олай аталуының себебі, ешқандай қадірі, қасиеті жоқ адам сол түнді құлшылықпен өткізсе, ол осы түнде қадір-қасиет иесіне айналады», ‒ деп айтқан.
Ал, Имам Куртуби: «Қадір түнінің құлшылығының даңқы биік болғандықтан бұл түн «қадір түні» деп аталды. Алла тағала бұл түні қадір-қасиет иесі болған ардақты Пайғамбарға аса қасиетті Құран Кәрімді түсіріп, ең қадірлі үмметке нәзіл етті. Ол түні қадірлі, абырой иелері болған періштелер жерге түседі. Жер періштелердің көптігінен тар болып қалады», ‒ деген.
Бүкіл өмірге тең келетін түн
Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», ‒ дейді.
Қадір түніндегі ғибадаттың сауабы сексен үш жылға тең келетіні жайлы ғұлама Жазайири: «Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Аллаһ Тағала оны берекелі етті, ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», ‒ деп баяндайды.
Ал, Хафиз Ибн Ражаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» ‒ деп айтқан (“Ләтаифул-мә’ариф” 191).
Қадір түні жерге түсетін періштелер
Қадір түнінде жерге түсетін періштелердің саны соншалықты көп болатыны туралы Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады», ‒ деп хабар береді (Ибн Хузайма 2/223)
Бұл ‒ амандық түні
Қадір түнінде жер үсті тыныштыққа бөленіп, амандықта, бейбітшілікте болады. "Қадір" сүресінің: «Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады», ‒ деген аятына байланысты ғұлама Мужаһит: «Бұл түн ‒ амандық түні, өйткені шайтан бұл түні ешқандай жамандық істей алмайды, ешқандай азар жеткізе алмайды», ‒ деген пікір айтады. Ал, Имам Шаъби бұл аяттың тәфсірінде: «Қадір түні періштелер таң атқанға дейін мешітте құлшылық еткендерге сәлем береді», ‒ дейді.
Сондай-ақ, белгілі тәпсірші ғалым имам Саъди: «Бұл түн бүкіл апат және жамандық атаулыдан аман, өйткені ол түннің жақсылығы өте көп. Ол түн күн батқанда басталады да таңның атуымен аяқталады», ‒ деген.
Қадір түні бар ынтамен құлшылық ету
Қадір түнінің кешіне аман-есен жетіп, құлшылығы мен ықыласы сол түнге сай келген адамның бағы бес елі болмақ. Себебі, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін Аллаһқа иман келтірген және сауабынан үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдынғы күнәлары кешіріледі», ‒ деген. (әл-Бұхари 38, Муслим 760).
Айша анамыздың (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» ‒ деп сұрағаны риуаят етіледі. Бұған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Аллаһ, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! /Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббуль-ъафуа фаъфу-ъанни/» ‒ деп айт», ‒ деп жауап берген (әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким).
Осы хадистерді атаған хафиз Ибн Ражаб: «Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек», ‒ дейтін. Суфьянның айтпақшы болғаны: «Көп дұға ету ‒ дұғасы жиі айтылмайтын намаздан артық. Алайда, егер адам Құранды оқып, дұға ететін болса, онда, әрине, бұл жақсырақ. Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақтап оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны тілейтін, азап туралы аят оқыса, одан Аллаһқа сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған! Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады», ‒ дейді. (“Ләтаифул-мә’ариф” 204).
Қадір түні қашан болады?
Қадір түнінің нақты қай күні болатыны жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер болған, алайда олардың барлығы да Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түнінің бірінде екендігіне бірауыздан келіседі. Ол туралы Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қадір түнін рамазанның соңғы ондығының тақ түндерінің бірінде күтіңдер!» ‒ деп хабарлаған. (әл-Бұхари 2017, Муслим 1169).
Имам Әбу Иса әт-Тирмизи: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі) Қадір түні рамазан айының жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және соңғы түніне сай келгені жеткен», ‒ дейді. (“Сунан әт-Тирмизи” 1/372).
Убай Ибн Каъбтың (оған Аллаһ разы болсын): «Одан басқа ешбір тәңір болмаған Аллаһпен ант етемін, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құлшылықпен өткізуімізге бұйырған Қадір түні қай түн екенін білемін! Ол ‒ Рамазанның 27-түні. Ал, оның белгісі ‒ оның таңында күн сәулесі жоқ, аппақ болып шығады», ‒ деген сөзі келтіріледі. (Муслим)
Қадір түнінің белгісіз болуының даналығы
Иә, Қадір түні ‒ оның нақты қай түні екені белгісіз болуымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің біріне жасырылды. Осыған қатысты Ғұбада ибн Самит (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін хабарлауға шықты. Осы кезде екі мұсылман кісі жанжалдасып қалды. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Негізінде, сендерге Қадір түнін айтқалы шығып едім, пәленше мен пәленше жанжалдасып (тұрғанын көріп), (ол) есімнен көтеріліп кетті (оны ұмытып қалдым). Бәлкім, бұл сендерге қайырлы болар, (енді Қадір түнін) жетісінде, тоғызында немесе бесінде (Рамазанның соңғы ондығының жетінші, тоғызыншы және бесінші түндерінде) іздеңдер»,—деді», ‒ деп жеткізеді. (Бұхари)
Хадистегі «қайырлы болар» деген сөз туралы Ибн Кәсир: «Егер адамдар Қадір түнін білсе, тек сол күні ғана құлшылық етуге күш-жігер салар еді. Ол түнді білмеудің себебінен құлшылықтар көбірек орындалуда», ‒ деген екен.
Аллаһ Елшісінің өзі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рамазанның соңғы он күндігінде ерекше ынтамен құлшылықты күшейтетін болған. Бұл туралы `Айша (Аллаһ одан разы болсын): «Рамазанның соңғы он күндері келгенде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткізетін, отбасы мүшелерін де оятатын және құлшылықтарында ерекше ынта танытатын», ‒ деп айтқан (әл-Бұхари 2024, Муслим 1174).
Соңғы он күндіктегі құлшылықтар
Жоғарыда сөз еткеніміздей, Пайғамбарымыздың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы он күндікте аса ыждағаттылықпен құлшылық қылған. Соңғы он күндікте ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзін түгелімен Аллаһқа құлшылық етуге арнайтын. Әрине, Аллаһ елшісінің ғибадаты қай кезде де ерекше, ынта мен ықыласқа толы еді. Әйтсе де Рамазан айындағы ғибадаттың аса маңыздылығы үшін, әсіресе соңғы он күндіктің аса қадірлі болуы себепті, Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне үлгі болды. Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа қайтқанға дейін рамазанның соңғы ондығында иғтикафта (оңашалануда) отыратын, сосын оның әйелдері(Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, дүние салғаннан кейін) иғтикафқа отыратын болды»,—делінеді. (Бұхари)
Қадір түнінің белгілері жайында
Қадір түнінің ерекшелікке толы болмауы, әлбетте, мүмкін емес. Мың айдан да қайырлы, қадірлі түннің қарапайым түндерден өзгеше болуы заңды да. Убада ибн Самиттен (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі ‒ таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», ‒ деп сипаттағаны риуаят етілген. (Ахмад 5/324,“Тафсир Ибн Кәсир” 4/255).
Міне, ағайын, бізге белгілі болған Қадір түніне қатысты ілімнің қазынасын алдарыңызға ұсындық. Ілім артса, құлшылық та артады. Аллаһтан осы жазылғанның бәрін де сіздер үшін пайдалы етуін сұрап, дұға қыламыз! Ең бастысы, Рамазанның соңғы он түнінде Аллаһқа шынайы ықыласпен және дұрыс құлшылық еткен әрбір мұсылманның, Қадір түні жасалған ғибадат үшін уәде етілген ұлы сыйдан, тіпті егер, ол оның дәл қай түні өтіп кеткенін білмей қалса да құр қалмайтынын ескертеміз! Аллаһ тағала Қадір түніне аса ықыласты құлшылықпен кез болуды жазсын баршамызға! Әумин...