Ерлі-зайыптылардың құқығы туралы сөз қозғағанда, тек бір жақты қарастыру қателік болып табылады. Сондықтан да бұл мәселе толық әрі түсінікті болуы үшін күйеуінің құқығын әйел құқығымен қатарластыра қатастырғанымыз жөн. Құран Кәрімде: «...Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар.
Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...» (2:228) деген аят бар. Сонымен бірге, ерлі-зайыптыларға қатысты Алла Елшісі (ﷺ) қоштасу қажылығында айтқан сөзінде: «Сендердің әйелдеріңде хақыларың бар, әйелдеріңнің де сендерде хақысы бар...», – деген. Сондай-ақ, Алла Тағала: «Еркектер әйелдерді билеуші...» (4:34) деп әмір етеді. Бірақ, күйеуге берілген осы билік және артықшылық ер мен әйелдің құқық пен жауапкершілік теңдігіне кедергі бола алмайды. Өйткені, аяттағы артықшылық ер кісінің әйеліне деген қамқорлығын меңзейді. Бұл қамқорлық ер мен әйелге ортақ істе жүйелілікті қамтамасыз етеді. Әйтпесе, іс насырға шабар еді. Сонымен қатар, осы аят үкімімен әйелге жұбайы ретіндегі құқығы мен міндеттері толығымен күйеуінікіндей етіп беріледі. Жоғарыдағы «Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...» аятының тәпсірінде: «Егер осы (күйеуіне берілген) дәрежені мойындаса, әйелдің құқығы мен міндеттері (күйеуінікімен) бірдей», – деп жазылған. Міне, сондықтан отбасылық өмірде басшылыққа алынатын жалпы қағидат: «Қарым-қатынаста мейірімділік пен ізгілік және зиян тигізуден сақтану». Ендеше, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін қысқаша төмендегідей келтіруге болады:
1.Баспана және отбасылық тұрмыстық қамтамасыз ету (ер кісінің міндеті). Сонымен бірге, әйелінің үй ішінде және сырттағы жүріс-тұрысын және адамдармен қарым-қатынасын қадағалау, үйдің ішінде және сыртында қандай жұмыспен айналысуына болатындығына мән беру. Және қауіпсіз болған жағдайда әйелімен жұмыс бабы немесе күнкөріс үшін қоныс ауыстыруға және көшуге құқылы. Бұл құқық ер кісіге заңды түрде неке қиюмен күшіне енеді. Аталмыш құзырет ер кісі өзін және әйелін зияннан қорғау және екеуінің өмірін сақтау үшін берілген. Фиқһ ғұламаларының пікірінше, бұл Ислам шариғатындағы басқа құқықтар секілді шектелген құқық. Күйеуі әйеліне ешбір зиянын тигізбеуі керек. Мәселен, әйелдің өз туысқандарымен қарым-қатынасына кедергі келтіру сияқты.
2.Түзету (тәрбиелеу, жөнге салу). Бұл құқықтың негізі: «...Ал, сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектерінде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды ұрыңдар. Ал, егер олар сендерге бойұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер...» (4:34).
Осы аяттағы «Әйелдің бастартуы» күйеуіне қарсы шығу, құлақ аспау, ашуына тию дегенді білдіреді. Ал, «төсектерінде тастап қойыңдар» дегені – басқа бөлмеде және бөлек төсекте емес, бір төсекте арқасын беріп, сөйлеспей жату дегенді білдіреді. Және «ұрыңдар» сөзін Ибн Аббас (р.а.) «Ауыртпай ұру» десе, Хасан Басри «Әсер етпейтіндей ұру» дейді. Ал, фиқһ ғалымдары «бір мүшесін сындыратындай және денесіне із түсетіндей ұру емес», – дейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (ﷺ) әйелді ұруға тыйым салған. Және ондайларды жаман адамдар қатарына қосқан.
asyldin.kz