Ерте заманда бір жігіт өмір сүріпті. Бір күні есігінің алдына бір дән егіпті. Арадан бірнеше жылдар өтіп, әлгі дән өніп шығыпты. Жігіт оған уақытылы су құйып жүреді. Біраз уақыттар өте қараса, еккен нәрсесі тікен болып шығады. Мұны көрген ауылдастары жігітке тікенді жұлып алып тастауға кеңес береді. Алайда, жігіт олардың сөздеріне мән бермейді. Тікен болса, күннен-күнге ұлғайып өсе береді. Ары өткендердің де, бері өткендердің де киімдеріне қадалып, қолдарына кіріп, әбден мазаларын алыпты. Жігіт бұл жағдайларға еш мән бермей жүре береді.
Тікеннің әбден қуаттанғаны соншалықты, оған су құймаса да өсе беретін жағдайға жетіпті. Ақырында адамдар оның есігінің алдынан өтпейтін де жағдайға жетеді. Уақыттар өте келе жігіт бала-шағалы болады. Перзенттері де тікенді көріп, оның өскеніне көнігіп, еш мән бермей жүре бере береді. Бұл жағдай халықтың наразылығын тудырып, соңында ауыл қазысының (басшы) да құлағына жетіп, жігітті өзінің құзырына шақыртады. Оған тікенді алып тастауды бұйырады. Жігіт қазыға тікенді тамырымен қоса жұлып алып тастауға уәде береді. Алайда жалқаулығы мен салғырттығының нәтижесінде ұмытып та кетеді.
Арада біраз жылдар да өте шығады. Жігіттің жасы да ұлғайып, немерелі де болыпты. Енді ғана тәй-тәй бастаған немересі жүріп бара жатып әлгі тікенге жығыла құлап, барлық жерлерін тілдіріп, қанға бояйды. Мұны көрген ұлы әкесіне ашуланған күйде тікенді түбірімен қоса қопаруға өз әрекетін жасайды. Тамыры жуандап кеткен тікенді бүкіл отбасыларымен бірге әрең дегенде жұлып алады. Осымен жанымыз тыныштық тапқан шығар дегенде, төгіле жауған жаңбырдың әсерінен және де майда тікендер өсіп шыға бастайды. Қанша жерден жұлып тастағандарымен, ұрықтары қалып кеткен тікендер қайта-қайта өсіп шыға беріпті. Шалға айналған жігіт өмірінің соңына дейін тікен тамырларын жұлумен әуре болады.
Әкесі дүниеден өткен соң бұл машақат ұлына қалыпты. Өз кезегімен ұлы да өмірден өткен соң, кезек немерелеріне де келген екен. Ауыл жұрттары болса, бұл әулетті "Тікеншілер" әулеті деген лақап атпен атап кеткен екен. Тікен болмаса да ескі әдеттері бойынша бұлардың есіктерінің алдынан өтпейді екен.
Құрметті оқырман! Бұл әңгімедегі келтіріліп жатқан тікен негізінде жаман әдет екен. Дін ғалымдары жаман әдетті тікенге мысал етіп келтірген екен. Егер сіз жас кезіңізде қандай да бір жаман әдеттерге ұрынған (әуес) болған болсаңыз, бойыңызда күш-қуатыңыз бар кезде одан арылуға тырысыңыз. Өйткені, адам бойындағы жаман әдеттер оның кейінгі ұрпақтарына да мирас болып қалуы ықтимал...
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы