Жаман әдеттерден біржола құтылдыратын 15 құнды кеңес

Жаман әдеттерден біржола құтылдыратын 15 құнды кеңес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қане, мойындайықшы – көпшілігіміздің өмірімізде немесе мінез-құлқымызда ұялатын әрі одан құтылғымыз келетін нақты бір әдеттеріміздің бар екені өтірік емес. Біреу күн ұзақ көгілдір экранның алдында немесе әлеуметтік желіде телміріп отырса, біреу денсаулығын жақсарту үшін артық салмақтан құтыла алмай жүреді, ал енді біреу өкпешіл болса, бәз біреулер ашуланшақ болып келеді. Көптеген адамдарға, тіпті мұсылмандарға да шылым шегу немесе спирттік ішімдік ішуден бас тарту оңайға түспей жүреді.

Осынау бір жеңіл емес іске қалай кіріссек екен? Төменде сіздердің назарларыңызға зиянды құмарлық пен жаман әдеттерден құтылуға көмектесетін бірнеше кеңестерді ұсынамыз.

Алдын-ала ескертіп қойғымыз келеді – жаман әдеттерден, тіпті ол танау шұқу, өсек айту болса да – бұл бір күн тұрмақ, бір айда біте қалатын шаруа емес. Психологтердің пайымдауынша, адамның ескі әдеттерін жаңа әрі пайдалы нәрсеге айырбастау үшін орта есеппен алғанда үш ай уақыт кетеді екен, сондықтан алғашқы күндер адамға жеңіл тимесі хақ. Төзімді болып, табандылық таныта біліңіздер.

1. Әлдебір кемшілігінен құтылғысы келген адам, алдымен, өзінде сол кемшіліктің немесе жаман әдеттің бар екенін мойындауы тиіс. «Мен көп уақытымды теледидардың алдында өткіземін», «Артық салмақтан құтылу үшін, маған тәтті-дәмді және ұннан жасалған тағамдарды жеуді қоюым керек», «Кез-келген нәрсе үшін ашуымды үй-ішімнен аламын – бұл дұрыс емес». Егер өз мәселеңізді мойындамасаңыз, сіз онымен күресуді де бастай алмайсыз.

2. Өз кемшіліктеріңізден құтыла аласыз ба әлде жоқ па – бұл тек сіздің қолыңызда екенін жете түсіне біліңіз. «Қанша тырыссаң да, сенің қолыңнан түкте келмейді» деп құлағыңызға сыбырлайтын өзіңіздің «ішкі сыншыңызға» құлақ аспаңыз. Егер шынайы қаласаңыз, сіздің бұған әліңіз келеді.

3. Өз қателіктерін түсініп, оларды түзетуге тырысатындарды Алла Тағала жақсы көретінін есіңізден шығармаңыз. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:

«Жанымның Иесімен ант етемін, егер сендер күнә жасамасаңдар, Алла сендерді құртып жіберіп, сендердің орындарыңа қателіктер жасап, тәубесіне келетіндерді жаратар еді» (Мүслим).

4. Ниет етіп, әрекет етудің нақты бір жоспарын құрыңыз. «Егер сіз жоспар құрмасаңыз, сәтсіздікті жоспарлайтын боласыз» деген нақыл сөз бар. Мінез-құлық пен әдеттерді өзгерту үдерісі жүйелі әрекеттерді талап ететін жоспарлауға әкеліп соғады. Нақты әрекеттерді әзірлеңіз – өзіңізді жақсарту үшін не жасау керектігін – және де осы мәселені шешу үшін уақыт белгілеңіз.

Естеріңізде болсын «Аз болса да, тұрақты жасалып тұратын амалдарды Алла жақсы көреді» (Хадисті Бұхари мен Мүслим келтірген). Ақырындап, бір қадамдап болсын алдыға жылжыңыз, дереу бола қалатын нәтижелердің соңынан жүгірмеңіз, алайда қолыңыз жеткен жерде тоқтап қалмаңыз.

5. Жаман әдеттермен күрес анағұрлым сәтті болады, егер сіз бұл мәселені өз өміріңізден орнын ойсыратып алып тастауға тырыспай, қайта оны әлдебір пайдалы әрі дұрыс нәрсемен алмастыратын болсаңыз. Естеріңізде болсын: жаман әдеттер көбіне жағымды эмоция мен жақсы әсердің жетіспеуі себепті пайда болады.

Мысалы үшін, көгілдір экран алдында өткізетін уақытты пайдалы кітап оқумен немесе спортпен айналысумен алмастырыңыз. Ал әлдекімнің әлеуметтік желіде жазып қалдырғандарын оқығанша, ислам ғалымдарының ғибраты мол уағыздары мен дәрістерін тыңдаңыз. Қосымша құлшылық жасауларды әдетіңізге айналдырыңыз – Құран оқыңыз, зікір, дұға жасаңыз және діндес бауыр-сіңілдеріңізбен араласыңыздар. .

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) бұл қағиданы келесі кеңеспен толықтырған:

«Қайда болмасаңыз да Алладан қорқыңыз да күнә салдарын жуып кетіретін жаман әрекетті жақсы әрекетпен алмастырыңыз және де адамдармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз» (Тирмизи).

6. Сізді жаман әдетке алып келетін «іске қосушы механизмдерден» бойыңызды аулақ ұстаңыз. Мысалы үшін, егер сіз кенеттен жасалатын сауда-саттық пен ақшаны оңды-солды шашуға бейім болсаңыз, онда сауда орталықтарына сізді бұл жаман әдеттен ұстап қалатын достарыңызбен немесе туыстарыңызбен барғаныңыз жөн болар.

Мұндай дүниелерден өзіңізді қорғайтын қорғаныш ойлап табыңыз. «Тәтті нанның орнына мен алма немесе сәбіз жеймін» дегендей.

7. Араласатын ортаңызды ауыстырыңыз – көбіне жаман орта әсерінен бізде жаман әдеттер пайда болып жатады. Егер солай болса, онда түскі үзіліс кезінде сізді шылым шегуге шақыратын немесе «бір-екі рөмке ішкеннен саған түк те болмайды» деп сендіретін ескі тамырлардан бас тарту керек. Мұндай жақын-тамырлардан аулақ жүруге тырысыңыз.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) жаман таныстардың ықпалын былай түсіндіріп берген:

«Жақсы дос пен жаман дос хош иіс сатушы мен ұста іспеттес. Хош иіс сатушы сізге әтір сыйлауы мүмкін немесе өзіңіз сатып ала аласыз, не болмаса ол қасыңызда болғанда жұпар иісті сезіп тұратын боласыз. Ал ұстаға келер болсақ, сіз киіміңізді былғайсыз не болмаса күйдіресіз әрі пештің түтінін иіскейтін боласыз» (Сахих Бұхари мен Мүслим).

Сізді жақсы жаққа итермелейтін тақуа достармен дос болуға тырысыңыз.

8. Үнемі дене шынықтыру жаттығуларын жасауды және таза ауада қыдыруды әдетке айналдырыңыз. Арықтағысы келетіндерге мұның пайдалы екені сөзсіз, алайда физикалық жүктеме көптеген жаман әдеттерден құтылуға да пайдалы. Мысалы үшін, шылым шегетіндердің жүгірумен айналысқандарының 80% шылым шегуден бас тартқан. Егер сіз ашуланшақ немесе өкпешіл болсаңыз, спортпен айналысу және таза ауада серуендеу – көңіл-күйді көтеруге септігін тигізеді.

9. Өзіңізді көтермелеп отырыңыз: жаман әдеттен бас тартқан сайын өзіңізге бір сый тағайындап отырыңыз. Психологтердің айтуынша, сый берілетін әрекеттер санада сақталып, оның қайталануын талап етіп отырады. Мысалы үшін, аптасына бір рет өзіңізге бір жағымды сый жасаңыз: «Егер осыншаға арықтап, өзімнің сүйікті көйлегімді киер болсам, онда өзіме бұрыннан армандап жүрген сонау бір жаңа орамалды сатып аламын».

Біз – мұсылмандар біздің соңғы сыйымыз - Алла Тағаланың разылығы мен ақиреттегі Оның сыйы екенін естен шығармауымыз тиіс.

10. Жаман әдеттеріңізді шектеп отырыңыз: Егер сіз расымен жаман әдеттеріңізден бас тартқыңыз келсе, онда әдетіңізді нақты уақыт және орынмен шектеп отыруға тырысыңыз. Мысалы: «Мен күніне үш темекіден артық шекпейтін боламын». Біраз уақыт өткен соң шылым шегуден толықтай бас тартпайынша, біртіндеп бұл санды да азайтуға тырысып бағыңыз.

11. Қателесу мен сүріну адамға тән. Егер шыдай алмай, ескі әдетіңізге қайта басатын болсаңыз, онда өзіңізді қатты сөкпеңіз. Керісінше, сүрінулерге дайын болыңыз, бұдан қашып құтылу мүмкін емес, алайда өзіңізді әр күн қолыңызға алып отырсаңыз, сіз жақсаратын боласыз. Егер сіз шыдамай, диетаңызды бөліп жіберсеңіз немесе шыдамай шылым шегіп қойсаңыз – сіз үшін бәрі бітті деп ойламаңыз. Барлық дағды сіздің миыңызда қалып қояды, ал сіз кез-келген уақытта күш-жігеріңізді жұмсап, бәрін қайта жалғастыра аласыз.

12. Сондай-ақ, «Мен мұны жасаймын, бірақ ертең» деп аталатын өте жақсы техника бар. Егер сіз тәртіпті сондай қатты бұзғыңыз келіп тұрса, онда өзіңізге – мен мұны жасаймын, бірақ қазір емес, ертең деп айтыңыз. Ал келесі күні бұл сөзді тағы да қайталаңыз. Бірнеше күн өткен соң бұл құштарлық бүгінгідей сондай күшті

болмайды. Үнемі осылай шегере беру бірнеше айға созылып кетуі мүмкін, ал бұл уақыт сіз үшін жаңа әрі дұрыс әдетке көшіп алуға септігін тигізеді.

13. Қайталану стратегиясын әзірлеңіз – бас тартуға тырысып жүрген әдетке қайтып оралудан ұстап қалар тағы не бар? Кейбір адамдар шалыс басып қалғанда немесе жаман әдеттеріне қайтып оралғанда, қаражаттарын қайырымдылыққа және мұқтаж жандарға қайыр-садақа ретінде жұмсайды. Бұл бұрынғы жаман әдеттерге қайтып оралудың «құны» қандай болатындығын естеріне салып отыратын болады.

14. Өлім мен о дүниені есіңізде ұстаңыз. Өлім аузында жатқан сәтіңізде және Алла Тағала алдында сүрген өміріңіз туралы есеп берерде қазір сізді еліктіріп жүрген дүнилер расымен де сонша маңызды болар ма екен?

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Үміттерді үзетін өлімді жиі еске алыңдар» (Ат-Тирмизи).

15. Алладан көмек пен жәрдем тілеңіз. Мән-мағынасы жағынан соңғы болмаса да шот бойынша бұл соңғы кеңес болып табылады. Алла Тағаладан үнемі көмек сұрау – өзгеру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Дұғаны шынайы түрде жасаңыз, егер біз Алла жолына қарай қадам жасайтын болсақ, Оның бізге расымен көмек көрсетуге дайын екенін ұмытпаңыздар.

«...Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады...» (65:2-3).

Алла Тағала бізге жар болсын. Әмин.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: