Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын.
Ислам діні – тазалыққа негізделген дін. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған Жәннаттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық. Ал Алланың үйін тазалау, тіпті шаңын болса да сүрту – мол сауапқа кенелу. Шу аудандық "Жәми" мешітінің қыз-келіншектері қасиетті жұма күні әйелдер дәрісханасына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тазалықтың артықшылығы туралы Алла Тағала Құран кәрімде: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222) деді. Мешіттің әшекейі – жамағат десек, жамағаттың Алламен байланысатын, Оған құлшылық ететін орны әрдайым мұнтаздай таза болуы тиіс. Бұл – бізге Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен үлгілі іс.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі