Кез келген есікті ашатын кілт

Кез келген есікті ашатын кілт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні имам Ахмад ибн Ханбалдың танымал шәкірті имам Бақы ибн Махлядке қайғы жұтқан бір әйел келіп: «Менің жалғыз ұлым византиялықтарға тұтқынға түсіп қалды. Ішімдегі қайғымның үлкендігі сондай, мен не тамақ іше алмаймын, не ұйықтай алмаймын. Мендегі бар нәрсе – ол кішкентай үйім ғана, бірақ оны менен сатып алатын ешкімді таба алмай жүрмін. Өтінемін, менің ұлымның құнын төлеп, оны тұтқыннан шығарып беруге көмектесетін біреуді тауып беріңізші», - деп жалынады.

Бақы әлгі әйелге: «Үйіңе қайта бер. Саған көмектесуге тырысып көрейін», - деп жауап береді. Осыны айтып ол қолдарын көкке көтеріп, осы бозбала үшін шын ниетімен Аллаға дұға жасайды. Бірнеше күн өтпей жатып-ақ, әлгі әйел ұлымен бірге оған келеді. Ұлымен қауышып, қуанған ана Бақы үшін дұға жасап, оған: «Алла саған сый берсін! Менің ұлыма оның әңгімесін айтуға рұқсат етші, ол расымен де таңғажайып», - деп ағынан жарылады.

Бақы бозбалаға сұраулы жүзбен қарап: «Қане, тұтқыннан қалай босанғаның туралы айта ғой», - дейді.

Жас жігіт: «Мен соғысқа кетіп, византиялық билеушілерінің біріне тұтқынға түстім. Мені де басқа да тұтқындармен бірге шөл далаға ауыр жұмысқа салды. Бізді шынжырлап, жұмыс істейтін жерімізге жауынгерлердің қадағалауымен апаратын. Бір күні, қас қарайып, жұмыстан қайтып келе жатқанымызда, менің аяқтарымдағы кісендер өздігінен ағытылып кетті! Күзетшілер мені балағаттай жөнелді – кісенді шешуге қалай ғана дәтің барды деп. Мен ештеме істеген жоқпын, кісен өзінен-өзі ағытылып кетті деп оларды сендірдім. Сонда олар ұстаны шақыртып, маған қайтадан кісен салдыртты, бірақ бұл бекер еді. Бір-екі қадам жасаған соң, жаңадан салған кісендері де аяғымнан түсіп қалды. Христиандар абдырап, шошып, өздерінің дін қызметшісін шақыртып одан – менімен не істеу керек екенін сұрады. Дін қызметшісі менен: «Сенің анаң бар ма?», - деп сұрады. Мен: «Бар», - дедім. Сонда ол: «Сенің анаң сен үшін дұға жасап сұраған көрінеді, ал Жаратушы оның дұғасын қабыл еткен», - деді де күзетшілерден мені босатуын сұрады. Осылайша, күзетшілер мені босатып, тіпті ислам жеріне қауіпсіз жетуім үшін қасыма адам да қосып берді», - деп әңгімесін айтып береді.

Бақы бозбаладан: «Аяғыңдағы кісендер қай күні түсіп қалып еді?» - деп сұрайды. Бозбала күнді атап айтқанда, бұл Бақының (р.а.) Аллаға жалбарынып қолдарын көтерген сәтіне дәл келген екен (бұл оқиға «Әл-Мунатазам ли ибн Жаузи» кітабының 12 томының, 274 бетінде келтірілген).

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады? Негізі, әрбір жан баласының жеке «кісендері» бар – некедегі мәселе болсын, қаржылық мәселесі болсын, балалы болу арманы болсын. Әрбір адам шынайы түрде қолдарын көтеріп Алладан дұға сұрай алады. Шынайы дұғаның күші мынада, адам көп жылдар бойы өзін қинап «кісендеп» келе жатқан мәселелерінен құтыла алады. Дұға, әсіресе, біздің ата-анамыздың немесе тақуа адамдардың дұғасы - расымен де ұлы күшке ие.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: