Шайтандар қалай исламды қабылдаған?

Шайтандар қалай исламды қабылдаған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бізге жеткен риуаяттардың бірінде Пайғамбарымыздың (ﷺ) Меккенің маңындағы бір жерге түнеуге тоқтағаны келтірілген. Иман келтірмеген әрі зұлым адамдардың оған (ﷺ) деген жаман қарым-қатынасынан ол (ﷺ) қорланған сезімде болады. Кеш түседі. Екі дүние сардары (ﷺ) намазға тұрады.

Аяқ астынан әлде жеті, әлде тоғыз жын пайда бола кетеді де тыныштық сақтап Пайғамбарымыздың (ﷺ) Құран оқығанын мұқият тыңдап тұра қалады. Намаз аяқталғанда олар көзге ашық көрінеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оларға иман келтіруді ұсынады, ал олар бірден келісе кетеді.

Алла Елшісі (ﷺ) оларға: «Өз тайпаларыңа келгенде, оларға да менің ұсынысымды жеткізіп, иман келтіруге үндеңдер», - деп айтады. Олар келіседі. Бұл оқиға келтірілген Қасиетті Құранның аяты бар. Әлгі жындар өз тайпаларына келіп, ұлы Құранның көркемдігін, әсемдігін айтып береді. Оларды тыңдаған барлық жындар сол сәтте-ақ иман келтіріп, Алла Елшісінің (ﷺ) нұрлы жүзін көргілері келеді.

Тәпсірлерде және Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмірбаяны туралы жазылған еңбектерде шайтандарға көкке көтерілуге әрі ол жақтан түрлі ақпараттарды алуға тыйым салынған кезде олар өздеріне: «Бізге бұлай тыйым салудың әлдебір себебі бар шығар. Қане, жерді аралап, бұған не себеп болғанын білейік», - деп айтқандығы келтірілген.

Алла Елшісімен (ﷺ) жүздескен жындар әлгі жындардың бір тобынан болған еді. Жындар Пайғамбарымызды (ﷺ) көре салып, тыйым салуға себеп болған дәл осы адам екенін түсініп, иман келтірген болатын. Осы оқиғадан кейін үш ай өткен соң бір түні Мекке қаласында бір топ жындар Алла Елшісімен (ﷺ) тағы да жүздескені келтірілген. Бұл жөнінде Жәбірейіл (а.с.) жеткізген болатын.

Риуаятқа сай күндердің күнінде бір ағаш Алла Елшісінің (ﷺ) алдына тұра қалып: «Уа, Алла Елшісі, сізбен жүздесуге бір топ жындар келді. Олар сізді Хюсун-нам деген жерде күтіп тұр», - деп тіл қатады. Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларға: «Мен жындармен кездесіп, оларды ислам мен Қасиетті Құранға үйретуге жарлық алдым. Менімен баратындарың бар ма?» - деп сұрайды.

Ал сахабалар болса үнсіз тұрып қалады. Тек Ибн Масғуд (р.а.): «Егер рұқсат етсеңіз, мен барайын», - дейді. Олар орындарынан тұрып, ағаш айтқан жерге келеді. Алла Елшісі (ﷺ) саусағымен шеңбер сызып Ибн Масғудқа: «Осы шеңбердің ішінде отыр. Байқа, шеңберден аттап шығушы болма, әйтпесе мені қайтып көрмейсін», - деп бұйырады. Содан кейін ол (ﷺ) намазға тұрып, "Таһа" сүресін оқуды бастайды. Бір сәтте жындар пайда бола кетіп, Алла Елшісінің (ﷺ) арт жағынан намазға тұрады. Олардың саны он екі мың болатын. Намаздан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) оларды исламды қабылдауға үндейді. Жындардың бәрі келісе кетеді.

Жындардың Алла Елшісіне (ﷺ) біреудің оның (ﷺ) пайғамбарлығын дәлелдеп беруін сұрағаны келтірілген. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір ағашқа белгі беріп: «Әй, ағаш, Алланың қалауымен маған жақында», - деп бұйырады. Ағаш жерді қопара отырып, оның (ﷺ) алдына келеді. Алла Елшісі (ﷺ) одан: «Сен не үшін куәлік бересің?» - деп сұрайды. Ағаш көркем тілмен: «Мен сенің Алла Елшісі екендігіңе куәлік беремін», - деп жауап береді. Содан кейін Пайғамбарымыз: «Қайтадан орныңа бар», - деп бұйырады. Ағаш қайтадан өз орнына барып тұра қалады.

Әлгі жындардың он шақтысына Пайғамбарымыз (ﷺ) шариғаттың жай-жапсарын түсіндіріп, өзгелерін де үйретуге бұйырғандығы айтылған. Содан кейін олардың қайтадан өз жерлеріне қайтуларына рұқсат береді. Ибн Масғуд (р.а.) осы оқиға жөнінде былай айтқан:

«Сол түні Алла Елшісіне (ﷺ) келген көптеген жындарды көрдім. Мен қатты дауыстарды естіп, мәртебелі Пайғамбарымызға бір зиян тие ме деп қорықтым. Олардың көптігі сондай Пайғамбар (ﷺ) мен менің арамызда бір қабырға пайда болғандай көрінді. Мен оны көрмедім, көркем дауысын ести алмадым. Кейін әлгі жындар топтарға бөлініп, жел айдап әкеткен бұлттарға ұқсап ғайып болды. Таң атты. Алла Елшісі (ﷺ) маған келіп не көргенімді сұрады. «Уа, Алла Елшісі! Мен ақ түсті орап алған қап-қара жаратылыстарды көрдім», - деп жауап бердім. «Бұл Нусайбин жындары болған. Олар өздеріне және мініп жүрген жануарларына қорек сұрады. Оларға қорек ретінде мен сүйек бердім, ал олардың мініп жүрген жануарларына қорек ретінде аттарымыздың тезегін ұсындым», - дейді Пайғамбарымыз (ﷺ).

Тыңдап отырған Абдулла ибн Масғуд таңданысын жасырмай: «Уа, Алла Елшісі! Оларға жеткілікті болардай сүйек пен тезек қайдан келді?!» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағала жеткілікті мөлшерде береді», - деп жауап береді.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) сол жерде тағы да бірнеше күнге қалғаны, содан кейін ғана Меккеге қайтып оралғаны келтірілген, алайда Мекке мүміндері оның (ﷺ) қайтпай тұра тұруын өтініп хабарлама жібереді, өйткені иман келтірмеген құрайыштар Таиф содырларының жаман қылықтары туралы біліп алған еді. «Егер сіз қазір қайтып келер болсаңыз, олар соқтығуларын үдете түспек», - деп хабарлайды мүміндер.

Пайғамбарлардың мөрі (ﷺ) Хира тауына шығып, бір жергілікті тұрғынды Сухайла бин Амрге жібереді әрі өзін (ﷺ) қамқорлығына алуын өтінеді, бірақ әлгі бейбақ кәпір келіспей қояды. Содан кейін ол Мут᾿им бин Адиге: «Мені өз қамқорлығыңа аласың ба? Мен үйіме оралып, Қағбаға тәуіп етсем әрі мені жауларымның зұлымдықтарынан қорғайсың ба?» - деп хабарлама жібереді.

Мут᾿им Пайғамбарымызды (ﷺ) өз қамқорлығына алуға келісетіндігін айтып, түйесіне отырып алып, Хира тауының маңына келіп: «Әй, құрайыштар, Мұхаммед бин Абдулла маған жақын адамдардың бірі екенін біліп қойыңдар. Оған тисуге дәттерің барушы болмасын», - деп жар салады. Сонда Әбу Жаһил: «Әй, Мут᾿им! Сен мұны аяушылықтан айтып тұрсың ба әлде оның ізбасарына айналдың ба?» - деп айғай салады. Анау болса аяушылықтан деп жауап береді. Әбу Жаһил: «Сенің қамқорлығыңдағы адамға ешкім де тиіспейді», - деп жауап береді.

Осыдан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) келеді. Ол (ﷺ) Қағбаны сүйіп, тәуіп етеді. Ал Мут᾿им болса өз қол астындағылармен халықты үнемі исламға шақыратын Пайғамбарымызды (ﷺ) қорғауға кіріседі. Күндердің күнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) Мут᾿имге келіп: «Мені өз қамқорлығыңнан шығар», - деп айтады. Мут᾿им: «Не себепті?» - деп сұрайды. Алла Елшісі (ﷺ): «Көпқұдайға табынушының қамқорлығында бұдан былай бір күнде қалғым келмейді», - деп жауап береді. Мут᾿им келіседі. Ұлы да Құдіретті Алла Тағала Сүйіктісін Өз қамқорлығына алады.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: