Алланың жазмышына разылық

Алланың жазмышына разылық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Жанұяда тек бір ұл болса, ата-анасы оны өздерімен тұруға мәжбүрлеуі мүмкін ал бірнеше ұлдары болса – онда жеңілірек, кейбіреулері бөлек кетіп, өз алдына шаңырақ көтеріп тұра алады да ата-анасы жалғыздықта қалмайтын болады. Міне, сондықтан да көп бала болғаны жақсы», - дейді бес баланың анасы. Мен үндемедім, өйткені барлығына балалы болу бақыты бұйырмаған ғой...

Одан ары менің ойларым өзім білетін баласыз жұптар мен жалғыз басты адамдарға ауысты. Егер Алла Тағала оларға бала бермесе, олар өздерінің
қартайған кездеріндегі өміріне қалай қарайды екен? Олар өз тағдырларына қынжылар ма екен әлде жан тыныштығын сақтап қалу үшін тағдырларына разы болар ма екен?

Әрқайсымыз да тәубашыл не болмаса шүкірсіз болуды таңдай аламыз. Бойы аласа адамдар бойы биіктерге қызыға қараса; жол шетінде отырған қайыршы қасынан зуылдап өтіп жатқан көздің жауын алатын автокөліктерге мұңая қарайды;

соқыр адам көрмейтініне опық жесе;

қара нәсілділер ақ болмағандарына өкінеді.

Егер біз жіберіп алған мүмкіндіктеріміз үшін бізді қамықтырар ойларға, уайымға және шүкірсіздікке салынар болсақ, онда біз көп нәрседен – Алланың бізге берген нығметтерінен – айырылар едік. Өмір сондай қысқа, қазіргі кезде бізге тән емес дүниелерге зарланып жүріп оның жақсы сәттерін жіберіп алуымыз әбден мүмкін. Шүкірсіздік пен жағымсыз ойлауға бейімділік көбіне қыз-келіншектерде кездеседі – ол туралы тіпті хадистерде де айтылған. Күйеуге шықпаған қыз оған бір жөні түзу адам кездеспеді деп қаймығады, дос-қыздары болса тұрмыс құруда, ал ата-анасы оны әлі күнге жалғызсын деп жазғыруда. Бала көтере алмай жүрген тұрмыстағы келіншек, өзінен кейін тұрмысқа шығып, үшінші рет аяғы ауыр болған дос-қызына қарап, өзін одан бетер бақытсыз сезінеді. Тағы бір келіншек – көп балалы ана, күні бойы өзінің кішкене пәтерінде күйбеңдеп жүріп, басқа қыз-келіншектердің сәнді виллада тұрып, үй қызметшілерін ұстайтынына қарап қызғанышын жасыра алмайды. Шүкірсіздік кейбіреулеріміздің өмір бойына соңымыздан қалмайды: тіпті біз қалаған дүниемізді алып отырсақ та, біз бұл қайырымдылықты тез ұмытып кетеміз де, бізге тағы да бір нәрсенің жетпейтіндігіне наразы боламыз. «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз!» (14:34).

Үлкен мейірімділік – «ар-рида бил-кадр» Алланың жазмышына разылық түсінігінде. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) өз дұғаларының бірінде осы қасиетті сұраған. Бұл разылық – ақиқатында бұл дүниедегі тыныштықтың қайнар көзі: «Иә, Алла, Сенің жазмышыңа және Сенің маған сыйлағаныңа разы болар сабырлы жүрек сұраймын».

Бұл мақсатқа қалай жетуге болады? Пайғамбарымыз (ﷺ) бізді осы қалаулы күйге қалай жетуді үйреткен болатын: «Өздеріңнен жағдайлары жақсыларға қарамаңдар. Өздеріңнен жағдайлары нашарларға қараңдар, өйткені бұл сендерге Алла берген нығметті естеріңе түсіреді» (Бұхари мен Мүслим).

Алла Тағала былай айтады: «Алланың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән. Алладан оның кеңшілігін сұраңдар. Шәксіз Алла әр нәрсені толық білуші» (4:32). «(Әй мүміндер!) Сендерге сүйкімсіз болса да соғыс парыз қылынды. Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер!» (2:216). Бұдан басқа, егер біз бізден де жақсыларға қызғанышпен қарамайтын болсақ, онда біз де олар жеткен табыстарға жетуге тырысар едік: «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз. Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (16:96-7).

Егер адам Алла разылығы үшін бөгделердің жетістіктері мен пендешілік игіліктеріне қарап шүкірсіздік пен уайымға салынудан бас тартуға тырысып көрсе, оның орнына қайырымды істерге көңіл қоя алса, онда бұл оған мәңгілік өмірде шегі болмас шексіз бақыт пен рақатқа бөленуге мүмкіндік береді.

Егер адам «рида бил-кадр» күйіне жетер болса, онда күйеуге шықпаған қыз өзінен жасы кіші дос-қыздарының тұрмысқа шыққанын естігенде, қайғырғанын қояды;

баласыз жұптар туыстарында бесінші баланың дүниеге келгенін көріп, шамданғандарын қояды; жалғыздықта қалған қарт адам, көрші жанұяның
мейрамға қалай жиналғанын көріп, қасірет жұтпайтын болады. Оның орнына олар Алланың алдын ала жазып қойғанына разылық танытады және осы сабырлық пен разылықты бұл дүниенің барлық байлығына сатып алуға болмайтындығын түсінеді.

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13:28).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: