Меркі ауданына қарасты барлық мешіттерде жұма күні ҚМДБ тарапынан бекітілген жұма уағызын жүргізді. Жұма уағызының тақырыбы, адамзаттың өмірінің басым бөлігін қамтыған "медицина" тақырыбында болды.
Имамдарымыз: «Асыл дініміз Ислам адам баласынажан саулығымен қатар тән саулығына да мән беруге шақырады. Денсаулыққа аманат деп қарап, салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп, адамның денсаулығына зиян келтіріп, өліміне себепші болатын бүкіл істерден тыйған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағала қандай да бір дертті түсірсе, оның шипасын қоса жіберген», – деп айтқан (Имам Бұхари).
Бұл хадис сырқаттанған жағдайда адамдарды бақсы-балгерлерге бармай, ғылыми дәлелденген медициналық тәсілдермен емделуге ғана шақырып қоймай, сонымен қатар медицина саласындағы ғалымдарға ауруларға қарсы зерттеу жұмыстарын жүрігізіп, бұрын белгісіз болған жаңа емдеу тәсілдері мен дәрілерді табуды насихат етуде» - деп, ауырған адамның ем іздеу керек екендігін, сонымен қатар ем іздеуде шариғат шеңберінен шықпау керектігін атап өтті.
Уағыз соңында елімізге, жерімізге амандық, Алладан баршамызға зор денсаулық тілеп дұға жасалды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі