Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзілуі бізді қатты ойлантады. Қаншама ғасырдан бері қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық, қарым-қатынасқа ерекше мән берді емес пе?
Кейбір жандар адамның көлеңкесі секілді жеткізбейтін қу дүниенің соңынан қуып, айналасындағы қоғамнан ұзақтап, жалғыздыққа ұшырайды. Әрине, тепсе темір үзетін жас кезінде өз бойында орасаң зор өмірлік күш-жігері болғандықтан, ешкімге мұқтаждық, туындамайды. Алайда тұла бойынан күш-қуаты кетіп, кәрілік қажытып, дене мүше қақсап ауырғанда яки бір пәлекетке душар болып, мұқтаждық туындаған уақытта ешкімнен жәрдем ала алмай, өзінің жалғыз екенін сезініп стресс кеселіне шалдығады.
Ағайын-туыстың кім және қаншалықты жақын екенін жақсы білеміз. Қазақ даналары туған ағайын жайлы: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің»; «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»; «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар»; «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір»; «Жақсы ағаң - орман, жақсы інің - қорған» деу арқылы туысқандықтың киелілігін дәріптеп отырған.
Жаратушы Алла адам баласының жаратылысын жақсы білгендіктен қоғам ішіндегі қарым-қатынасты бекем ұстауды «Ниса» сүресі, 35-аятта: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаның дағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Аллаһ дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» деген. Сондай-ақ, Алла Тағала ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді Құранда «Нахыл» сүресі, 90-аятта: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туыс қанға қарайласуды бұйырады», - деп ескерткен.
Алла Расулы Мұхаммедтің (с.а.у.) мына хадисі де ағайын туысқа қарайласу мен зиярат етудің абзал екендігін қуаттаса керек: «Кім ризық-несібесінің көбейуін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» десе, ал мына сөзінде: «Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға жатса, ал туысқан адамға беру екі сауапты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады», деген (Имам Тирмизи). Құлекеұлы Шал ақынның мына төрт шумақ өлеңі де ағайыннан қалыс қалғанның жағдайын тамаша айтқан:
«Ағайын жат болады алыс болса,
Жат та жақын болады таныс болса.
Дұшпан түгіл достарың табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса».
Мұндай киелі қарым қатынастан қол үзгеннің жағдайын бабаларымыз: «Ағайынмен жауласпа - басың азаяды, көршіңмен дауласпа - асың азаяды», «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме. Ниетің қисық болса, ағайынға өкпелеме» деген өсиетін естен шығармайық!
Расында, он екі ғасырдан бері ата діні Ислам жолымен жүріп, қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа ерекше мән берген, жіті көңіл аударған. Оның айғағы – дана халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, дөп басып айтқан мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы. Соның мысалы ретінде ақын бабамыз Мәшһүр Жүсіпті айтатын болсақ, ол ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді:
Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.
Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Ағайын жақсы болса – қанатың, ағайын жақсы болса – санатың», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен.
Болмайтын кішігірім мәселелер үшін түймедейді түйедей етіп, артын айғай-шуға ұластыру да жақсылық емес. Мұндай жағдайда Раббымыздың: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» («Шура» сүресі, 43-аят), – деген сөзіне құлақ асып, сабырлы, кешірімді болуға тырысқан жөн. Сүйікті пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) өзінің хадисінде нағыз туыстық байланыс жасаушыны сипаттап: «Туыстарының қарым-қатынасына жауап қайтарушы – байланыс жасаушы емес, нағыз туыстық байланысты жасаушы – туыстары қатынасты үзгенде байланыс жасаушы», – деген (Бухари). Яғни, туыстарының жаман қылықтарына мән бермей, олармен байланысты барынша сақтап қалуға тырысатын адам осындай болмақ.
Қорыта айтқанда, дініміз бен дәстүріміз негізін салып кеткен, шынайы сүйіспеншіліктен айрылмасақ, болашамығыз жарқын, келешегіміз кемел болары анық.
Нурмухамед Кеулимжаев
Қордай ауданы, Қордай ауылы «Рахман» мешітінің имамы